Қоғам

Мұхтар Жәкішев бостандыққа шығады

© AP Photo / STRМұхтар Жәкішев
Мұхтар Жәкішев  - Sputnik Қазақстан
Жазылу
"Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы 2009 жылдың мамыр айынан бері түрмеде отыр

НҰР-СҰЛТАН, 3 наурыз – Sputnik. Семей қалалық соты "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының экс-басшысы Мұхтар Жәкішевтің шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Сот үкімімен Мұхтар Жәкішев бостандыққа шығады. "Қазатомөнеркәсіптің" экс-басшысы мерзімінен бұрын үш жыл, екі ай және 17 күнге ерте босатылды. 

Мұхтар Жәкішев жазасының өтелмеген мерзімі аяқталғанға дейін тұрғылықты жері бойынша пробациялық бақылауда болады. Пробациялық бақылау аяқталғанға дейін Қазақстан аумағынан шығуға тыйым салынады. 

Жәкішевтің өзі сот залына келген жоқ, кезекті процеске бейнебайланыс арқылы қатысты.

Прокурор судьядан адвокат Нұрлан Бейсекеевтің Жәкішевті шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырмауды сұраған болатын. Айтуынша, сотталушы 99 миллиард теңге шығынның тек 200 мың теңгесін ғана өтеген. 

Сот отырысына Еуропа мен Нұр-Сұлтандағы елшіліктерден келген бақылаушылар да қатысты. Қазақстанның басқа да өңірлерінен келген жанашырлар көп болды.

Мұхтар Жәкішевтің ісі

"Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев елордада 2009 жылдың мамырында ұсталды. Оған ірі уран кен орындарында мемлекеттік үлесті сатты деген айып тағылды.

Сот процесі жабық өтті. Жәкішев сот үкімімен кінәлі деп танылып, 14 жылға бас бостандығынан айырылды.

2018 жылдың қыркүйегінде жаза мерзімінің жартысынан көбін өтегеннен кейін, Семейдің №2 сотына шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініш білдірді. Алайда сот 99,6 миллиард теңге мөлшеріндегі шығынды өтемегені үшін өтінішін қанағаттандырмады.

2019 жылдың 24 шілдесінде сот тағы да Жәкішевтің өтінішін қолдаған жоқ.

Осы жылдың ақпан айында Жәкішев Семей сотына үшінші рет шартты түрде мерзімінен босату туралы өтініш білдірді.

2018 жылы шілдеде Жәкішев Семейдегі ОВ-156/14 колониясына ауыстырылды. Бұған дейін ол Алматы облысындағы Заречный ауылында, содан кейін Қарағанды облысындағы Долинка елді мекенінде жазасын өтеді.

Тағы оқыңыз: Президент Дулат Ағаділдің өліміне қатысты пікір білдірді

Адвокатының айтуынша, түрмеде отырған Жәкішевтің денсаулығы нашарлап кетті. Ол бірнеше ауруға душар болған. Бірақ әлі күнге дейін толыққанды медициналық тексерістен өтпепті. Бүгінде ол біраз дәрі ішіп, емделуге мәжбүр. III топтағы мүгедек туралы анықтамасы бар.

2013 жылы құқық қорғаушылар Мұхтар Жәкішевті саяси тұтқын деп таныды. Ол сотталғаннан бері белсенділер наразылық білдіріп, оның босатылуын талап етіп келеді.

Мұхтар Жәкішев "Қазатомөнеркәсіп" компаниясына 1998 жылы келді. Ол кезде ұлттық компанияның 85 миллион доллар берешегі болған. Бір жыл өткеннен кейін "Қазатомөнеркәсіп" шығынсыз жұмыс істейтін деңгейге шықты, Қазақстан уранының экспортына қойылған шектеу алынып тасталды. Ал 2009 жылы "Қазатомөнеркәсіп" уран өндіру көлемі бойынша әлемде бірінші орын алды.

Жуырда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Informburo.kz порталына берген сұхбатында Жәкішевтің ісіне қатысты пікір білдірді. Мемлекет басшысы 3 наурызда өтетін соттың шешімі әділ болатынына сенімді екенін айтқан болатын.

Жаңалықтар
0