16:37 14 Шілде 2020
Тікелей эфир
  • USD411.66
  • EUR465.92
  • RUB5.81
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
Коронавирус эпидемиясы (1195)
10930 0 0

Нұр-Сұлтанда карантиндік нысанда жұмыс істеген бір еріктінің сынамасы оң нәтиже көрсеткеннен кейін қызметкерлердің бәрін тексерген

НҰР-СҰЛТАН, 2 сәуір – Sputnik, Арман Асқар. Қазақстанда коронавирусқа шалдыққандардың саны күн сайын артып келеді. Науқастармен бір ұшақта, бір үйде отырып, індетті жұқтырғандар да аз емес. Бүгінде мыңдаған адам карантиндік нысандарда жатыр. Ал дәрігерлер күн-түн демей, олардың бәрін тексеріп жүреді, дүдәмал ойдың жауабын тездетіп беруге тырысады. Өкінішке қарай, дәрігерлердің өздері де коронавирусты жұқтырып жатыр. Sputnik Қазақстан тілшісі карантиндік нысанға өз еркімен көмекке барған екі жас маманды іздеп тапты. Бүгінде екеуі де "коронавирус жұқтырды" деген күдікпен ауруханаға жатқызылған.  

Шамамен 900 адамды карантинге жатқызған

Шымкент қаласының тумасы Нұриддин Розмат астанадағы медициналық университеттің соңғы курсында оқып жүр. Мамандығы – педиатрия. Ол оқуға түскеннен бері еріктілердің барлық бастамасына қатысып келеді. Осы жолы да үнсіз қалмады. "Рамада Плаза" қонақ үйінің бұрынғы ғимаратында карантиндік нысан ашылады" дегенді естіген бойда дәрігерлерге көмектесуге аттанған.

"Біз ол жерге 21 наурызда бардық. Сонда шетелден келген адамдардың бәрін тіркеп, карантинге орналастырдық. Анкета толтыруға көмектестік. Әсіресе, Қытай, Германия, Италия сияқты мемлекеттерден келгендерге баса назар аударылды. Сосын жөтел немесе дене қызуы бар ма, жоқ па, соның бәрін өлшеп, жазып отырдық. Тіпті, туыстарының денсаулығына қатысты мәліметтерді де тіркедік", - дейді Розмат.

Оның айтуынша, 21 наурызда бұрынғы қонақ үйдің ғимараты карантинге толығымен дайын болған. Ал ертесін адамдарды қабылдау басталған.  

"Ол жерге 8-ші қабаттан бастап 21-қабатқа дейін, шамамен, 900 адамды карантинге жатқызды. Ал 8-ші қабатқа дейін дәрігерлер мен еріктілер орналасты. Бәріміз сол жерде жаттық, тамақ іштік, күні-түні адамдарды қарап жүрдік", - деп атап өтті Розмат.

Тест оң нәтиже көрсетті

25 жастағы жас маман карантиндік нысанның 10-шы қабатында дәрігер қызметін атқарыпты. Оның бақылауында болған адамдардың ішінен коронавирус жұқтырғандар шықпаған. Ал басқа қабаттарда науқастар анықталған. Дегенмен Нұриддин олардың бәрін тіркеу шараларына қатысқаннан кейін карантинге жатқызылады.    

"Жылай бастаймын": Елордалық дәрігер ауруханада не болып жатқанын айтып берді

"Басқа қабаттарда екі-үш науқастан анықталды. Оларды ешкімге айтпай, бірден инфекциялық ауруханаға апарды. Бәрі білсе, дүрлігіп кетеді ғой. Біз болсақ, бас кезінде бірінші қабатта бәрін тіркедік. Сол кезде ауруды қалай жұқтырғанымызды білмеймін, тест оң нәтиже көрсетті. 26 наурызда жұтқыншақтан анализ алды да, ертесінде кешке қарай коронавирус бар деп хабарлады. Сөйтіп, бірден туберкулез диспансеріне жатқызды", - дейді Розмат.

Хамидин Тілеужан (сол жақта) мен Нұриддин Розмат
© Sputnik / Арман Асқар
Хамидин Тілеужан (сол жақта) мен Нұриддин Розмат

Оның айтуынша, диспансерде жатқанына жеті күн болған. Палатадан шығуға болмайды. Күнде вирусқа қарсы дәрі ішеді. Басқа палаталарда өзі сияқты еріктілер емделіп жүр.  

"Біз жас болғасын аурудың белгілері анық байқалмайды дейді. Содан тек таблетка ғана ішіп жүрміз. Иммунитетіміз жақсы болғасын аурудың белгілері сезілмейді. Дегенмен, Шымкентте қалған ата-анам қатты уайымдап жүр. Күнде қоңырау шалып, денсаулығымды біліп тұрады", - деп атап өтті Розмат.

Негізгі міндет – халыққа көмектесу

Нұриддинмен бір палатада жатқан Хамидин Тілеужан да өз еркімен көмекке барған. Сол жерде дәрігерлерге көмектесіпті.

"Мен қай жерде адам жетіспеді, сол жерде жүрдім. Әр қабатта болдым. Бас кезінде медицина мамандары жетіспей жатты. Дәрігерлер кіші лауазымды қызметкерлердің жұмысын атқаруға мәжбүр болды. Еріктілермен бірге тамақ таратты, зат тасыды. Сондай жұмыстың бәрін істеді", - дейді Тілеужан.

Оның айтуынша, бас кезінде карантинге жатқызылған адамдардан аурудың белгілері байқалмаған. Артынан сынаманың оң қорытындысы келе бастайды.

"Қызметкерлердің ішінен де шықты. Кіші, орташа, тіпті, лауазымды жоғары адамдардан да табылды. Көбінесе еріктілерден анықталды. Бір еріктінің сынамасы оң нәтиже көрсеткеннен кейін бәрімізді тексерді. Содан жұма күні – 27 наурызда телефон шалып, уайымдамаңыз, бастығыңыз бәрін біледі, төменге түсіңіз, қазір сізді жедел жәрдем алып кетеді деді. Сөйтіп, осында алып келді", - дейді Тілеужан.

Жас маманның сөзіне қарағанда, оның алғашқы сынамасы коронавирустың бар екенін көрсеткен. Алайда кейінгісінен ештеңе шықпаған. Бір аптаның ішінде аурудың белгілері де көрінбепті. Енді, олардан тағы бір сынама алып көрмекші.       

Карантиндік нысанға келген еріктілер еш өкінбейтінін жеткізді.

"Біз – болашақ дәрігерміз. Ал дәрігердің негізгі міндеті – халыққа көмектесу", - дейді еріктілер.

Тақырып:
Коронавирус эпидемиясы (1195)

Тақырып бойынша

Атырауда облыстық аурухана карантинге жабылды
Нұр-Сұлтанда індетке шалдыққан 6 адам ауыр хәлде жатыр
Медицина қызметкерлеріне 850 мың теңгеге дейін үстемеақы төленеді
Коронавирус жұқтырған медицина қызметкерлеріне 2 млн теңге төленеді 
Коронавирустан көз жұмған әйелге неге қате сынама жасалды – министр жауабы 
Қазақстанның үш қаласында дәрігерлер коронавирус жұқтырды
Кілт сөздер:
еріктілер, коронавирус
Загрузка...

Басты тақырып