Қоғам

Жақсылық Досқалиев коронавирустан қалай қорғануға болатынын айтты

© Photo : КазправдаЖаксылык Доскалиев
Жаксылык Доскалиев - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қазақстандық дәрігерлер зімбір мен қара зере майы, лимон мен сарымсақ індетті емдемейтінін, жай ғана иммунитетті көтеретінін мәлімдеді

АЛМАТЫ, 2 сәуір – Sputnik, Айгерім Таубай. Әлеуметтік желіде "ішімдік коронавирусты жұқтырмауға көмектеседі", "зімбірдің пайдасы мол" дейтіндер көбейді. Sputnik Қазақстан тілшісі көпшілік жаппай сатып алып жатқан зімбір мен қара зере майының, лимон мен сарымсақтың инфекциямен күресте қандай пайдасы бар екенін мамандардан сұрады.  

Саудасын жүргізуді көздейді

Ақ халаттылар көпшілік жаппай сатып алып жатқан зімбір мен лимонның коронавируспен күресте пайдасы жоқ екенін, оның тек адамның иммунитетін көтеретінін айтады.

Медицина ғылымының докторы, профессор Жақсылық Досқалиевтің айтуынша, ішімдік пен зімбірдің, қара зере майының коронавируспен күресте еш пайдасы жоқ.

"Бұл алып қашпа әңгіме. Қазір көп адам сенгіш, аңқау келеді. Кейбіреу жалған ақпарат таратып, саудасын жүргізуді көздейді. Зімбір бағасының 10 мың теңгеге дейін көтеру ешкімнің ойына келмейтін дүние. Ең дұрысы, адам карантинде болғаны жөн. Өзін оқшаулап отырса, одан артық сақтық жоқ", - дейді Досқалиев.

Ал Нұр-Сұлтан қаласы №8 қалалық емхананың жалпы практика дәрігері Айтбала Балтабаева адам сарымсақ пен лимон көмектеседі дегенге сенсе, онда тұрған ештеңе жоқ деп санайды.

"Жылай бастаймын": Елордалық дәрігер ауруханада не болып жатқанын айтып берді

"Зімбір, лавр жапырағына, сарымсақ пен лимонға сеніп, көмектеседі деп санасаңыздар онда жеуге болады. Ол иммунитетті көтереді. Дегенмен ең дұрысы, өзіңді оқшаулау. Мүмкіндігінше көп адаммен байланыста болмау керек. Дене шынықтыру жаттығуларын жасап, медициналық бетперде тағып жүру керек", - дейді Балтабаева.

Уақытылы ішкен астан артық емес

Бұл пікірмен профессор Досқалиев те келіседі. Алайда ол зімбір мен қара зере майы уақытылы ішкен астан артық емес деп санайды.

"Жалпы зімбір мен қара зере майының адам иммунитетін кішкене көтеретін қасиеті бар. Алайда ол күнде уақытылы ішкен тамақтан артық емес. Көкөніс, бал, еттен артық иммунитет көтеретін ештеңе жоқ. Ет жегеннен иммунитет артады. Адамның табиғатына жаратылған тағамдарды жеу керек. Адамның ағзасы сыртқы микробтарға қарсы тұру үшін қалыптасқан", - деді профессор.

Ал Қостанай облысының бас санитар дәрігері Владимир Нечитайло бұл өнімдерді пайдалану коронавирустың алдын алу шараларына жатпайтынын айтады.

"Зімбір мен куркума адамның иммунитетін ғана көтереді. Бірақ коронавирустан құтқара алмайды, емдемейді. Ондай өнімдер адамның денсаулығын күшейтеді. Сондықтан оның бәрін қолданған жақсы. Алайда бұл коронавирустың алдын алу шараларына жатпайды", - дейді Нечитайло.

Ішімдіктің еш пайдасы жоқ

Сондай-ақ, Досқалиев иммунитетті арақпен көтеру дегенді бос әңгіме екенін айтты.

"Халықты мұндай заттарға еліктемеуге шақырамын. Ешқандай қаражатты керек етпейтін жолы – карантиннің бітуін күту", - дейді ол.

"Ішімдіктің инфекциямен күресте еш пайдасы жоқ. Ол керісінше иммунитетті әлсіретеді, шектен тыс ішімдік ішу бауырдың зақымдануына алып келеді", - дейді Айтбала Балтабаева.

Ал аллерголог Рафаэль Розенсон ішімдік адам ағзасына зиян, ол науқастың жағдайын асқындырып жіберуі мүмкін дейді.

Лимон мен сарымсақтың пайдасы

Сонымен қатар жалпы практика дәрігері Айтбала Балтабаева сарымсақ пен лимонның қандай ауруға шипа болатынын айтты.

"Лимон асқыну кезінде көмектеседі. Сарымсақ ағзаны тазартып, қан тамырларын холестериннен тазартады. Егер адамның ағзасы қабылдаса, ол да пайдалы", - дейді ол.

Ашық дереккөздің мәліметіне сүйенсек, зімбір барлық дәрімен үйлесе бермейді, оны қолданар алдында маманның кеңесіне жүгінген жөн. Ол кейде аллергиялық реакция тудыруы мүмкін.  

Жаңалықтар
0