Қоғам

Министр кешірім сұрады - айына бір миллион табатындар 42 500 теңгеге өтініш берді

© Sputnik / Болат ШайхиновБанкнота номиналом 500 тенге
Банкнота номиналом 500 тенге - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Кейбір азаматтардан бір емес, екі-үш өтініш түсіп жатыр. Министр бір адамның төлемді бірнеше рет алуына жол берілмейтінін айтты

НҰР-СҰЛТАН, 6 сәуір – Sputnik. Ай сайынғы табысы 500 мыңнан бір миллионға дейін баратын қазақстандықтар 42 500 теңге алуға өтініш берген. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Министрдің айтуынша, алғашқы күндері әлеуметтік төлем алуға 412 мың адамнан өтініш түскен. 

"Біз тексеріс жасап көрдік. Соның ішінде 1873 адам "табысымнан айырылдым, қазір ақшам жоқ деп" өтініш берген. Бірақ ақпараттық жүйелерден қарасақ, қаңтар, ақпан, наурыз айларында орта есеппен 500 мыңнан бір миллионға дейін табысы бар азаматтар. 16 наурызда олардың ақшасы қалмай қалыпты. Бұл енді дұрыс емес шығар. Біз сіздерден кешірім сұраймыз. Уақыт бөліп, сайтқа кіріп, өтініш жасадыңыздар. Бірақ сіздерге 42 500 теңге әлі төленбейді", - деді Нұрымбетов онлайн брифингте. 

Ол кейбір азаматтардан бір емес, екі-үш өтініш түсіп жатқанын айтты. 

"Бізге әлеуметтік төлем алуға 1 миллион 284 мың өтініш түсті. Бірақ олар 938  мың адамнан қабылданды. Ол дегеніміз бір адам бірнеше рет өтініш тастап жатыр. Мүмкін қателесіп жіберген шығарсыздар. Алайда екі үш рет өтініш берсем, екі-үш рет аламын десеңіздер, қателесесіздер", - деп ескертті министр.

Жаңалықтар
0