Қоғам

Қазақстандықтар 42 500 теңге жәрдемақыны екінші рет ала алады

© Sputnik / Абзал КалиевДеньги, тенге монеты, купюры
Деньги, тенге монеты, купюры - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Еңбек министрлігі 42 500 теңге мөлшеріндегі жәрдемақыны төтенше жағдай режимі кезінде екінші рет алу мүмкіндігі туралы хабарлады

НҰР-СҰЛТАН, 11 сәуір — Sputnik. Қазақстандықтар 42 500 теңге жәрдемақыны екінші рет ала алады, өйткені төтенше жағдай режимі ұзартылды. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Нариман Мұқышев мәлімдеді.

"Біз 42 500 теңге табысынан айырылған қазақстандықтарға ай сайын беріледі деп айтқан едік. Әрине, төтенше жағдай ұзартылғаннан кейін азаматтар бұл төлемді екінші рет алады", - деді Мұқышев журналист Роза Есенқұловаға тікелей эфирде берген сұхбатында.

Вице-министрдің айтуынша, екінші рет төлем алу үшін тағы да өтініш беріп, ештеңе дәлелдеудің қажеті жоқ.

"Өтініш беріп, төлемді алғандарға екінші рет ақша түседі. Егер төтенше жағдай ұзартылса, жәрдемақы да төленеді", - деді Мұқышев.

Төтенше жағдай режимі екі аптаға ғана ұзартылса да, 42 500 теңгені қазақстандықтар толық алуы тиіс.

"Бұл мәселе әлі талқыланып жатыр. Бірақ біз ақшаны екіге бөлмей, толық беруді көздеп отырмыз. Қайткен күнде де шешім нормативтік-құқықтық актілер аясында қабылданады", - деп атап өтті вице-министр.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік комиссияның жұма күні өткен отырысында төтенше жағдай режимінің сәуір айының соңына дейін ұзартылатынын мәлімдеді. Десек те, кейбір шағын және орта бизнес кәсіпорындары біртіндеп қалыпты жұмысын бастай береді.

Оқи отырыңыз: Тоқаев 42 500 теңгеге қатысты үкіметке шұғыл тапсырма берді

Осы ретте Нариман Мұқышев жұмысқа шыққандардың жәрдемақы алуға құқығы бар-жоғына тоқталды.

"Егер адам төтенше жағдай кезінде айырылған жұмысына қайтып келсе, бұл туралы мемлекеттік органдарға хабарлап, төлемді тоқтатуы керек. Алгоритм қандай болатыны кейін белгілі болады, қазір бұл мәселе пысықталып жатыр", - деді ол.

Жаңалықтар
0