10:12 05 Маусым 2020
Тікелей эфир
  • USD399.51
  • EUR447.33
  • RUB5.78
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
2129 0 0

Полицейлердің айтуынша, күн сайын облыстан қалаға заңсыз өткісі келген адамдардың кем дегенде 15-і ұсталады

АЛМАТЫ, 7 мамыр – Sputnik, Айгерім Таубай. 2012 жылы 7 мамыр Отан қорғаушылар күні ретінде бекітіліп, сол уақыттан бері мемлекеттік деңгейде тойланып келеді. Биыл қазақстандықтар төтенше жағдай режиміне байланысты бұл мерекені үйде атап өтеді. Коронавирус инфекциясының таралғанына байланысты алдыңғы қатарға дәрігерлер мен полиция қызметкерлері шығып, індеттің әрі қарай таралып кетпеуі үшін күні-түні бел жазбай жұмыс істеп жатыр.

Sputnik Қазақстан тілшісі Алматыдағы блок бекеттің жұмысымен танысып, сол жерде қызмет етіп жатқан полиция қызметкерлерімен әңгімелесті. Сонымен қатар астанада өзіне қол жұмсамақ болған бойжеткенді құтқарып қалған екі полицеймен де сұхбаттасудың сәті түсті.

Жалған сөйлеп, жолдан өткісі келетіндер көп

Алматыдағы №26 блок бекетте тәртіп сақшылары екі ауысыммен жұмыс істейді. Бекеттегілер Алматы облысынан қалаға жаяу, жазық дала арқылы өткісі келетін азаматтарды бақылайды. Бекетте күндіз 14 адам кезекшілікке шығады, соның бірі – полиция аға лейтенанты Азамат Алмасұлы.

Азамат Алмасұлы
© Sputnik / Тимур Батыршин
Азамат Алмасұлы карантин режимі енгізіліп, блок бекеттер қойылған күннен бастап таңғы сегізден кешкі сегізге дейін күзетте тұрады

2016 жылдан бері Бостандық ауданында учаскелік инспектор болып қызмет етіп келе жатқан Азамат Алмасұлы карантин режимі енгізіліп, блок бекеттер қойылған күннен бастап таңғы сегізден кешкі сегізге дейін күзетте тұрады. Ол күн сайын қалаға заңсыз өткісі келетін азаматтармен тілдесіп, мән-жайды егжей-тегжейлі түсіндіріп отырады.

"Арнайы белгіленген нүкте бар, сол жерде бақылап тұрамыз. Облыстан қалаға өткісі келген адамдарды тоқтатып, жеке деректері, өту себебі сұралады. Төтенше жағдай режимін бұзғаны түсіндіріледі. Айыппұл салынатыны немесе қамауға алынатыны айтылған соң кері қайтатындар да бар. Егер олай болмаса, аймаққа жауапты кезекшілерді шақырамыз. Біздің тараптан баянат жазылады, ал жергілікті қызметкер әрі қарай сотқа алып барады", – деп түсіндірді бекеттің жұмысын Алмасұлы.

Айтуынша, облыстан өткісі келетіндердің басым бөлігі бала-шағасының аш отырғанын немесе бір туысының қайтыс болғанын алға тартады.

"Бала-шағамның жейтін тамағы жоқ", "ағам қайтыс болды", "анам ауырып жатыр", "азық-түлік алып қайта шығамын" деген кісілер көп болды. Түсіндіру жұмыстарынан кейін кері қайтқан кісілер біраз уақыт өткен соң қайтадан шекарадан өткісі келеді. Ондай жағдайда сотқа жіберу үшін жергілікті полицияны шақырамыз", – дейді ол.

Демек, бірінші жолы ескерту жасалады, екінші рет қайталанса, бірден шара қолданылады. Бұл қоғамдық тәртіпті сақтау үшін қажет, деп түсіндірді аға лейтенант.

Ақша беріп алғысын білдіргісі келеді

Полицейлердің айтуынша, күніне облыстан қалаға заңсыз өткісі келетін кем дегенде 15 адам ұсталады. Кейде бұл көрсеткіш күрт артып отырады. Ал тәуіліктік уақытты салыстырғанда, түнгі уақытта қалаға заңсыз өткісі келетіндер көп екені анықталған.

Тіпті, тұрғындар арасында пара ұсынатындар да аз емес көрінеді.

"Жеке тәжірибемде ақша ұсынғандар болды. Алайда мен өткізген жоқпын. Пара ұсыну бойынша қылмыстық жаза қолданылатынын түсіндірдім. "Қазақпыз ғой, өткізе салшы" деп айтқандар да жиі кездеседі. "Рахметіңді береміз" деп 2000 теңге ұсынды. Мұндайда, әрине құқық бұзғаны үшін біз шара қолданамыз", – дейді Алмасұлы.

Жазық дала арқылы, қалың шөптің арасымен көрінбей өтіп кеткісі келетіндердің арасында егде жастағы кісілер, жас балалар мен әйелдер де бар.

"Олар көп жағдайда айтқан сөзді түсінбейді, қарсыласып, "мен кіремін" деп дау шығарады. Ақша жоқ екенін айтады. Ондай жағдайда шара қолданылады", – деді полицей.

Көпшілікпен жұмыс істеп жүрген Азамат Алмасұлы карантин басталғалы екі рет коронавирусқа тест тапсырған.

"Қаншама адамға түсіндіру жұмысын жүргіземіз, қызмет барысында көп адаммен араласамыз. Үйде отбасың бар, сол себепті де инфекция жұқтыру жайлы уайымдайсың. Десек те, барлық қорғаныс шараларын қолданып, өз міндетімізді атқарып жатырмыз", – дейді ол.

Бекеттен өтетін көлік саны артты

Алматыдағы №24 бекетте шамамен 30 адам жұмыс істеп жатыр, оның ішінде екеуі – медицина қызметкері. Бұл жерде автокөлік пен жаяу жүргіншіні өткізу пункті бар. Сонымен қатар оң жағында жазық дала жатыр. Яғни, бұл бекеттің қызметкерлері үш жолды бақылауда ұстайды.

Бостандық ауданы полиция капитаны, учаскелік инспектор Ермек Нарханов өзінің бекеттегі жұмысы мен карантин кезінде жиі кездескен тәртіп бұзушылық жайлы айтып берді. Полиция капитанының сөзіне сүйенсек, қала тұрғындарына саяжайға баруға рұқсат берілгеннен кейін бекеттен өтетін көлік саны 3-4 есеге артты.

Ермек Нарханов
© Sputnik / Тимур Батыршин
Ермек Нарханов жұмыс көбейіп, бекетте жұмыс істеп жатқан қызметкерлер қатарына екі адам қосылғанын айтады

"Қазір көліктердің саны үш-төрт есеге көбейді. Бұған дейін қаланың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қызметкерлерге ғана рұқсат берілген болатын. Саяжай иелері қажетті құжаттарды көрсетіп өтіп жатыр. Соған сай біздің жұмыс та көбейді. Бекеттен өтетін әрбір көлік, ішіндегі адамдардың жеке деректері тексеріледі. Медициналық жақтан барлығының дене қызуы өлшенеді", – дейді Ермек Нарханов.

Айтуынша, жұмыс көбейіп, бекетте жұмыс істеп жатқан қызметкерлер қатарына екі адам қосылған. Күн сайын заңсыз түрде қаладан шыққысы келетін адамдар саны азаймай тұр.

"Саяжай құжатын Whatsapp арқылы жіберілген нұсқада көрсетеді. Алып қарасақ, өзіне мүлде қатысы жоқ саяжайдың құжаты. Ондай жағдайда жолаушыны бірден кері қайтарамыз. Мұндай оқиға өте жиі кездеседі", – дейді Нарханов.

Сонымен қатар пара беруді ымдап, "қандай жолы бар" деп сұрайтындар да бірден кері қайтады. Бекеттегі полиция күн сайын түрлі адаммен жұмыс істеп жатқандықтан, арасында қаладан шығуға рұқсаты жоқ адамдарды көлігіне отырғызып алғандар да кездеседі.

"Қазір қаладан күн сайын шамамен бір бағытта 3 мыңға жуық өтіп жатыр. Саяжайға бара жатқан кей көлік жүргізушісі қаладан шығуға құқығы жоқ адамдарды отырғызып алған жағдай да тіркелді. Ондай кезде көлік жүргізушісіне бірінші жолы ескерту жасалып, екінші рет қайталанса, Түркісіб ауданының полиция басқармасына тапсырамыз", – дейді Нарханов.

Өлімнен аман алып қалды

Астаналық полиция қызметкерлері Берік Ақкөзов пен Фархад Төкенов 23 сәуірде өзіне қол жұмсамақ болған бойжеткенді құтқарып қалды. Патрульдік полиция полкінің инспекторлары қоңырау түскеннен кейін оқиға орнына үш минутта келген. Екі полицей қыздың көңілін аулап, олай жасамауын сұраған.

"Бізге бойжеткеннің көршісі Александар Иваненко көмектесті. Мен қатты қобалжыдым. Арасында құтқара алмаймыз деген ой да болды. Эмоцияға беріліп, олай жасамауын өтіндім", – деді Төкенов Sputnik Қазақстан тілшісіне.

Алайда олар өздерін ерлік жасадық деп санамайды.

"Біздің орнымызда басқа адам болса дәл осылай жасар еді", – деді Ақкөзов.

Полицияның айтуынша, астанада карантин кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғалары көбейген. Миллион тұрғыны бар қалада күніне 15 шақты адам өз үйінде қорлық көргенін айтып хабарласады.

Фархад Тукенов и Берик Аккозов
© Photo : из личного архива
Астаналық полиция қызметкерлері Берік Ақкөзов пен Фархад Төкенов 23 сәуірде өзіне қол жұмсамақ болған бойжеткенді құтқарып қалды

"Мұндай оқиғалар жиілеп кетті, бұл шындық. Мас күйінде отбасында жанжал шығатын жағдайлар көп. Заң бұзушыларды біз аудандық полиция басқармасына жеткізіп, шара қолданамыз", – дейді Төкенов.

Ал оның әріптесі Ақкөзов тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын үнсіз қалмауға, 102 нөміріне хабарласудан қорықпауға шақырды.

"Карантинге дейін күніне он қоңырау келіп түсетін. Қазір 15 және одан да көп адам хабарласады. Егер сізге көмек қажет болса, бірден полицияға қоңырау шалыңыз. Көптеген адам үйде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды, алайда ол туралы тіс жарып айтпайды. Үнсіздіктің соңы қайғылы жағдайға ұласуы мүмкін", – деді ол.

Еске сала кетейік, жақында елорда әкімдігі тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы айту үшін 102 нөміріне хабарласып, "маскалар мен антисептиктер келіп түсті ме?" құпия сөзін қолдануды ұсынды.

Тақырып бойынша

Карантин астаналықтардың өмірін қалай өзгертті – видео
Карантин кезінде ардагерлерді Жеңіс күнімен қалай құттықтайды
"Қашып кете алмайды": Назарбаева карантин кезінде өршіген мәселені көтерді
Карантин жеңілдеді: елдер "коронавирустық" шектеулерді қалай алып тастап жатыр
Қазақстандықтар карантин кезінде Отан қорғаушы күнін қалай атап өтеді
Кілт сөздер:
тәртіп сақшылары, карантин, төтенше жағдай
Загрузка...

Басты тақырып