06:24 04 Маусым 2020
Тікелей эфир
  • USD397.56
  • EUR445.94
  • RUB5.82
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
Төтенше жағдай және карантин (410)
575 0 0

Карантинге байланысты вокзалда қатаң санитарлық шаралар қолға алынған. Ғимаратқа екі адамнан кіргізеді, міндетті түрде бетперде киіп келу керек

НҰР-СҰЛТАН, 15 мамыр – Sputnik, Арман Асқар. 15 мамырдан бастап республика бойынша теміржол вокзалдары ашылды. Әзірге тек билет сатып алуға болады. Ал 1 маусымнан бастап бірқатар бағытта пойыздар жүре бастайды. Sputnik Қазақстан тілшілері астанадағы "Нұрлы жол" вокзалына барып, карантиндік жағдайда билет сату шараларымен танысып қайтты.

Бетпердесіз кіргізбейді

Карантинге байланысты вокзалда қатаң санитарлық шаралар қолға алынған. Ғимараттың ішіне екі адамнан кіргізеді, міндетті түрде бетперде киіп келу керек. Кіреберісте алдымен дене қызуын өлшейді. Одан кейін құқық қорғаушылар адамның жеке мәліметтерін жазып алады.

Билет кассасына ары кетсе екі адам ғана өтеді. Ал күтіп отырғандар арақашықтықты сақтауы қажет. Ол үшін тиісті белгілер орнатылған. Касса мен күту залдарында тиісті нұсқаулықтар ілініп тұр.

"Жолаушылар тасымалы" АҚ билетті онлайн режимде сатып алуға кеңес беріп отыр. Ол үшін BILET.RAILWAYS.KZ сайты, "ҚТЖ билеттері" мобильдік қосымшасы, өз-өзіне қызмет көрсететін автоматтар және басқа да сайттар бар. 1 маусымнан бастап вокзалға тек билетпен ғана кіргізуі мүмкін. Ал шығарып салушыларды әзірге кіргізуге рұқсат жоқ.

Мүгедектерге кассаға келуге тура келеді

Мүгедектерге жеңілдікпен билет алу үшін кассаға келу керек. Себебі онлайн форматта тиісті құжаттарды көрсету қызметі іске қосылмаған. "Жолаушылар тасымалы" компаниясы осы мәселені бір айдың ішінде шешуді көздейді.

Оқи отырыңыз: Пойыз жолаушыларына жолға тамақ алуға рұқсат етіледі – Байғабылов 

"Қазіргі таңда мүгедектер билет кассасына келеді. Неге? Өйткені олар дәлелдейтін құжаттарын көрсетеді. 15 маусымға дейін біз еңбек және халықтың әлеуметтік қорғау министрлігімен бірге ол мәселені шешеміз. Сөйтіп, мүгедектер үшін онлайн билет алуды енгіземіз", - дейді маркетинг және сату департаментінің директоры Алмас Айтбаев.

Астаналықтар билетті не үшін алып жатыр?

Бүгін кассаға билет алуға келгендердің арасында қонаққа баруды жоспарлап отырғандар бар.

"Мінеки, 18 маусымға билет алдық. Таразға қонаққа бара жатырмыз. Құдай қаласа, бір айдай болып қайтамыз", - дейді қала тұрғыны.

Балаларын ауылға, ата-әжесінің қасына жібергісі келетін ата-аналар да аз емес.  

"Мен, негізі, Арқалық қаласына билет алуым керек. Өзіме емес, балаларды демалысқа жіберу керек. Пойыз 1-інен бастап жүреді дейді. Сондықтан ертерек билет алып қояйық деп келдік. Демалыс қой. Балалар ешқайда шыққан жоқ. Карантин, төрт қабырғаға қамалып үйде отырды. Ата-әжесінің қасында бір мезгіл дем алып келсін", - дейді үш баланың әкесі.  

Пойыздар қандай бағытта жүреді?

Карантин кезінде ішкі теміржол қатынасын екі кезеңмен ашу жоспарланған. Бірінші кезеңде, яғни 1-10 маусым аралығында 54 бағыт ашылса, 10 маусымнан кейін тағы 28 пойыз жолға шығады. Жолаушылар маршруттарының толық тізімін www.railways.kz сайтынан көруге болады.

Тақырып:
Төтенше жағдай және карантин (410)

Тақырып бойынша

Қазақстанда пойыздар 1 және 10 маусымда іске қосылады
Қазақстан алты жыл ішінде 600 жаңа вагон сатып алуды жоспарлап отыр 
"Пойызбен барған": Түркістан облысында коронавирус табылған науқас бірнеше қалада болған
Вокзалға тек билетпен кіргізеді: пойыз жолаушылары нені білуі тиіс
Қазақстанда пойыз билеттері сатыла бастады
Кілт сөздер:
видео, теміржол билеті, пойыз
Загрузка...

Басты тақырып