09:25 05 Маусым 2020
Тікелей эфир
  • USD399.51
  • EUR447.33
  • RUB5.78
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
880701

Ол журналистің ұзақ уақыт ауырғанын, дертіне қарамастан шыдамдылық пен сабырлы қалпын сақтағанын жеткізді

АЛМАТЫ, 21 мамыр – Sputnik. 18 мамырда дүниеден өткен журналист Бейсен Құранбектің әйелі қайғыға ортақ болып, көңіл айтып жатқан азаматтарға әулетінің атынан алғыс айтты.

Сонымен қатар Бейсен Құранбектің тағдырына разылығын білдірген жазбасын жариялады.

"Құдайым мені қай кезде аламын десе де дайынмын. Алланың маған нәсіп еткен өміріне де, сынағына да разымын. Мен жақсы өмір сүрдім. Маған Алла тағала жақсы ата-ана, жанашыр бауыр, адал жар, сүйкімді бала сыйлады. Он екі мүшемді сау қылып, бойыма қуат берді, миыма сана, жүрегіме рух берді. Басыма бақ қондырды. Ел-жұртыма маңдай терімді сыпырып жүріп қызмет етуге мүмкіндік берді. Тағы уақыт берсе, тағы да аянбай қызмет етуге даярмын. Мені жақындарыммен, балаларыммен сынамай, жеке басыма дерт беріп, өз денеммен сынап жатқанына тағы да шексіз ризамын. Ризамын!", - деген екен Бейсен Құранбек.

Оқи отырыңыз: Тоқаев Бейсен Құранбектің отбасына көңіл айтты 

"Әлеуметтік желілердегі жазбалар, арнаулар мен комментарийлерді бей-жай оқу мүмкін емес, жүрегіңді қынжылтады деген ағайынның өзара әңгімесін үш күннен бері естіп жатырмын. Олардың барлығын ашып оқуға жүйкем шыдамады... Әйтсе де кеше бірқатарын көрдім, түсіндім. Көрермен қауым, жора-жолдас, майдандас әріптестер, үлгі тұтып соңынан ерген жастар қандай тұлғадан айырылып қалғанын сөзбен жеткізе алмай, зар илеп жоқтап жатыр", - деп жазды Бейсен Құранбектің әйелі Instagram парақшасында.

Журналистің жары телеарна арқылы жедел сюжет дайындап жатқан марқұмның әріптестеріне, қайғыға ортақтасып жатқан бауырларына алғыс айтты.

"Бейсекемнің артынан қаза қайырлы болсын айтып жатқан адамның санында есеп жоқ, қалың қазақ қабырғасы қайысып, көңіл айтуда. Еліміздің игі жақсылары лебіздерін білдіріп, жеделхаттар жолдап жатыр.Телеарналар Бекең туралы сюжеттері мен хабарларын жедел түрде дайындап, халық назарына ұсынып, ыстық ықыластарын білдіруде. Алыс-жақын шетелдердегі бауырлар да орны толмас қайғыға ортақтасуда. Баршаңызға әулетіміздің атынан алғысымды білдіремін", - деп жазды ол.

Жазбасында Бейсен Құранбектің ұзақ уақыт ауырғанын, дертіне қарамастан шыдамдылық пен сабырлы қалпын сақтағанын жеткізді.

"Ол ұзақ ауырды, аурудың жақсысы жоқ, алайда нақ осы дерт адамның сабырлылығы мен төзімін сынауға арналған ба деген ойға қалдым. Ауру дендеп, денені құрсап, қинап жатса да, Бейсекем қабағын бір шытпады, "мына ауру пәле болды, шаршатты"дегенді айтпады. Дүниеден озу осындай да болады екен", - деп жазды ол.

Бейсен Құранбек 1971 жылы 9 желтоқсанда Алматы облысындағы Кербұлақ ауданының Қызылжар ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алған.

Еңбек жолын республикалық "Спорт" газетінде тілші, жауапты хатшы қызметінен бастаған. Одан кейін телевизия саласына ауысып, "Рахат", "31 арна", "Хабар" арналарында, президент телерадиокешенінде қызмет етті. 2007-2012 жылдары Алматы облысы "Жетісу" телеарнасының бас директоры болды. Ал 2013-2017 жылдары "Қазақстан" телеарнасында халық арасында кеңінен танылған "Айтуға оңай" ток-шоуын жүргізді.

2017 жылдың қыркүйек айынан бері ұлттық арнадағы "Қарекет" бағдарламасын жүргізді. Кейін Алматы облысы "Жетісу" телеарнасының бас директоры болып қайта тағайындалды.

Журналистің қазасына мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көңіл айтты.

Тақырып бойынша

Түркістанның бұрынғы әкімі Әліпбек Өсербаев қайтыс болды
Белгілі спорт қайраткері өмірден озды
"Дос-Мұқасан" ансамблінің мүшесі Хамит Санбаев дүниеден озды
Белгілі қазақстандық тележүргізуші қайтыс болды
Кілт сөздер:
қаза, тележүргізуші
Загрузка...

Басты тақырып