Қоғам

Алматы блок бекетіндегі оқиғадан кейін полиция департаментінің басшылығы жазаланды

© Sputnik / Ксения ВоронинаПолицейский
Полицейский - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденовке қатаң сөгіс жарияланып, тағы үш командир қызметінен босатылды

НҰР-СҰЛТАН, 27 мамыр – Sputnik. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев екі полиция қызметкерінің өліміне әкеп соқтырған Алматыдағы блок бекетте болған қайғылы оқиғаға байланысты тоғыз адамға қатаң шаралар қабылдады, деп хабарлайды Polisia.kz.

"Құқық қорғау органында қызметтік тексеріс жүргізіліп, ішкі істер министрінің бұйрығымен Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қанат Таймерденовке сеніп тапсырылған бөлімшенің қызметін ұйымдастырудағы кемшіліктері үшін қатаң сөгіс жарияланды", – делінген хабарламада.

Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарында бұрмаланған ақпаратты ұсыну фактілері де назардан тыс қалмаған. Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі, полиция подполковнигі Салтанат Әзірбек те қатаң сөгіс алды.

Сондай-ақ Алматы қаласы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Нұрлан Алмасбековке де қатаң сөгіс берілді.

Министр кімдерді қызметінен босатты

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен қызметінен босатылған полиция қызметкерлері:

  • патрульдік полиция полкі командирінің орынбасары, полиция подполковнигі Қуаныш Сатаев;
  • кадр саясаты басқармасының бастығы, полиция полковнигі Олжас Мырзабеков;
  • жеке құрам бойынша инспекция бастығы, полиция полковнигі Арнұр Ақылбеков.

Қызметіне толық сәйкес еместігі ескертілген қызметкерлер

  • жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция полковнигі Манап Саттаров (бұған дейін полк командирі болған);
  • Алматы қалалық ішкі қауіпсіздік басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Саламат Көкірекбаев;
  • Алматы қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Әбдуәлі Нашарбеков.

Министр мәлімдемесі

Министр теріс қылық көрсеткен қызметкерлерге дер кезінде шара қолданбау қайғылы оқиғаға себеп болған деп санайды.

"Әрбір жетекші қарамағындағы бағынышты адамдарға жауап беріп, олардың арасында тәртіп пен заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етеді. Алматы қаласының полиция департаментінде бұл жұмыс тиісті деңгейде ұйымдастырылмаған. Соның салдарынан біз екі қызметкерімізден айырылдық, бір қызметкер ауыр жарақат алды. Осы оқиғаға байланысты лауазымды жетекшілерге тиісті шаралар қолданылды", – деп атап өтті Тұрғымбаев.

ІІМ басшылығы алдағы уақытта да қызметтік тәртіпті сақтауды қатаң талап етіп, жаңа жағдайда жұмыс істегісі келмейтін немесе жұмыс істей алмайтын адамдарды қызметтен шеттетінін мәлімдеп отыр.

Алматы блок бекетіндегі оқиға

25 мамырда Көксай шағын ауданындағы Жаңа ғасыр мен Қожабеков көшелерінің қиылысындағы №4 блок бекетте BMW автокөлігінің жүргізушісі алдымен қоршауға, содан кейін екі полицей отырған патрульдік көлікке соғылды.

42 жастағы полицей Жарас Жанғазиев оқиға орнында қаза болды. Ал 26 жастағы екінші полицей Дастан Әбдіқанов ауруханада есін жимастан көз жұмды. Оқиға салдарынан зардап шеккен тағы бір полиция қызметкері ауруханада ауыр халде жатыр.

Кінәлі азаматтың ішімдік ішкені расталды. Ол бұрын ішкі істер органдарында 6 жыл қызмет еткен Алатау ауданының тұрғыны болып шықты.

Екі және одан да көп адам өлтіру фактісі бойынша 1992 жылы туған ер адамға қатысты қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды (бұл бап бойынша 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады).

Жаңалықтар
0