Қоғам

Президент стипендияны 42 000 теңгеге дейін көтеруді тапсырды

Жазылу
Сонымен қатар президент педагогика мамандықтарына түсу талаптарын біртіндеп көтеру қажеттігін айтты

НҰР-СҰЛТАН, 27 мамыр - Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев педагогика мамандықтары бойынша стипендияны көтеуді тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Педагогика мамандықтарының мәртебесін көтеру үшін болашақ педагогтардың стипендиясын 26 000 теңгеден 42 000 теңгеге дейін арттыру қажет", - деді Тоқаев ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бүгінгі отырысында.

Бұдан бөлек, президент педагогика мамандықтарына түсу талаптарын да біртіндеп көтеру қажеттігін жеткізді. Ал білім беру бағдарламасын толығымен жаңартып, ақпараттық технологиялар бойынша арнайы модульді қосу қажет. Себебі ондай дайындақ қашықтан оқыту кезінде аса қажет.

Оқи отырыңыз: Енді қазақстандық жастар оқуын бітіргеннен кейін үш жыл ауылда істейді

"Негізі, педагогтарды арнайы жоғары оқу орындары дайындауы тиіс. Сондықтан білім және ғылым министрлігі тиісті шешімді қабылдайды деп ойлаймын. Жалпы, мен жоғары оқу орындарының шартты түрде лигаға бөлінгенін қалаймын. Сонда олар бір-бірімен бәсекеге түсетін еді", - деп атап көрсетті Тоқаев.

Мемлекет басшысы докторанттардың да стипендиясын көтеру керек деп есептейді.

"Докторанттардың көбі – отбасылы азаматтар. Олар ғылыммен айналысқан кезде негізінен стипендиямен күн көреді. Жұмыс істеуге мүмкіндігі болмайды. Докторанттардың стипендиясын 150 мың теңгеге дейін көбейту керек", - деді ол.

Президенттің айтуынша, қазіргі ғылыми инфрақұрылым еліміздің алдымызда тұрған ауқымды міндеттерді шешуге әлі де қауқарсыз.

"Ал ғылыми кадрларды даярлау үшін ең алдымен оларға жағдай жасау қажет. Сондықтан жыл сайын кемінде 100 ғалымның әлемдегі жетекші зерттеу орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өтуіне қаржы бөлген жөн. Жетекші ғылыми орталықтарымызға докторантурадан кейінгі ізденіс арнайы мемлекеттік тапсырыс беру керек", - деп атап өтті Тоқаев.

Осы орайда ғылыми жұмыстарға қатысты талаптар да күшейтілетінін жеткізді. Ондай жұмыстың нақты нәтижесі болуы шарт. Ал негізгі бағыттарға медициналық-биологиялық, агроөнеркәсіп ғылымы, жасыл технологиялар, жасанды интеллект пен энергетикалық тиімділік кіреді.

Жаңалықтар
0