Қоғам

Алматы мен Нұр-Сұлтанда митинг өткізуге арналған орындар белгіленді

© Sputnik / Владислав ВодневАстанчане прогуливаются по пешеходному мосту
Астанчане прогуливаются по пешеходному мосту  - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Бейбіт жиын өткізу үшін әр қалада төрт орын белгіленді. Олардың басым бөлігі саябақтар мен гүлзарлар

АЛМАТЫ, 8 маусым – Sputnik. Нұр-Сұлтан мен Алматыда бейбіт жиналыстар мен шерулер өткізуге арналған орындар, сондай-ақ оларды пайдалану тәртібі мен қатысушылар саны бойынша норма бекітілді. Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласы мәслихатының шешімі "Ашық НҚА" (НҚА – нормативтік-құқықтық актілер) порталында жарияланды.

Нұр-Сұлтанда белгіленген орындар:

  •  Пушкин көшесі мен Құдайбердіұлы даңғылы қиылысындағы саябақ, аумағы – 4 380 шаршы метр, 1 000 адам;
  • "Столичный" циркі жанындағы алаң, аумағы – 2 064 шаршы метр, 1 000 адам;
  • Жеңіс, Абай даңғылы, Бигелдинов және Желтоқсан көшелері төрбұрышындағы жазғы алаң, аумағы – 1 695 шаршы метр, 500 адам;
  • Жазушылар аллеясынан (Абай даңғылынан Сембинов көшесіне дейін) бастап, саябаққа (Құдайбердіұлы даңғылынан Пушкин көшесіне дейін) дейінгі аралық, аумағы – 2 055 шаршы метр, 1 000 адам.

Алматыда белгіленген орындар:

  • Махатма Ганди атындағы саябақ – 200 адам;
  • "Сары Арқа" кинотеатрының артындағы гүлзар – 500 адам;
  • "Шоқан Уәлиханов" атындағы гүлзар – 1 000 адам;
  • Шевченко көшесіндегі "Шоқан Уәлиханов" атындағы гүлзардан Махатма Ганди атындағы саябаққа дейінгі (шеруге және демонстрацияға арналған) бағыт – 1 000 адам.

Бейбіт митингілер мен шерулерді өткізу ережесі

Қалалық әкімшілік бейбіт шеруді мақұлдаған соң мемлекеттік органның өкілі бір күн бұрын өткізу орнына баруы керек. Ол жерде:

- бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушылардың айрықша белгісін келіседі;

- периметрді анықтайды және өткізу орнының материалдық-техникалық сипаттамасымен танысады;

- дыбыс күшейткіш техникалық құралдар, плакаттар, транспаранттар, камералар мен өзге де үгіттеу құралдары пайдалануды келіседі;

- БАҚ үшін арнайы белгіленген орынды (лента немесе қоршаумен шектелуі тиіс; фото-видео түсірілім және сұхбаттасуға ыңғайлы болуы керек) көреді;

- бейбіт шеруді өткізу маршрутымен танысады.

Бейбіт жиналыс өткізу күні ұйымдастырушы және оған қатысушылар:

- өтініште көрсетілген уақыт аралығында белгіленген орынның аумағында болады;

- ғимараттардың, құрылыс жайлардың, шағын сәулет нысандарының, жасыл көшеттердің, сондай-ақ өзге де мүліктің сақталуын қамтамасыз етеді;

- санитарлық нормалар мен қауіпсіздік ережелерін, қоғамдық тәртіпті сақтайды;

- бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушының ерекше белгісін тағып жүреді.

Пикетті қалай дұрыс өткізу керек

Нормативтік-құқықтық актілер порталында пикет өткізу ережелері де жарияланды.

Пикет – қоғамдық маңызы бар мәселелер бойынша және/немесе тұлғалар, органдар мен ұйымдардың әрекеті/әрекетсіздігі бойынша бір азаматтың пікір білдіру үшін белгіленген орында белгіленген уақытта болуы.

Төмендегі нысандардың аумағынан 150 метрден кем қашықтықта пикет өткізуге тыйым салынады:

- жаппай жерлеу орындары;

- теміржол, су, әуе және автокөлік объектілері және оларға іргелес жатқан аумақтар;

- мемлекеттің қорғанысын, қауіпсіздігін және халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін ұйымдарға іргелес жатқан аумақтар;

- Қазақстан Республикасы президентінің, Қазақстан Республикасы тұңғыш президенті – Елбасының резиденцияларына іргелес жатқан аумақтар;

- қауіпті өндірістік объектілерге және арнайы қауіпсіздік техникасының қағидаларын сақтауды талап ететін өзге де объектілерге іргелес жатқан аумақтар;

- магистральдық теміржол желілері, магистральдық құбыржолдар, ұлттық электр желісі, магистральдық байланыс желілері және оларға іргелес жатқан аумақтар. 

Бір азаматтың белгілі бір жерде және статикалық (қозғалыссыз) түрде пикет өткізуіне рұқсат беріледі. Плакат, транспаранттар және өзге де үгіттеу құралдарын пайдалануға болады. Пикет ұзақтығы бір жерде, бір нысанда күніне екі сағаттан аспауы керек.

Оқи отырыңыз: Бұдан былай бейбіт митинг өткізу үшін рұқсат алудың қажеті жоқ – Тоқаев

Сол жер мен дәл сол нысанда және бір уақытта екі және одан көп пикетті бір уақытта өткізуге рұқсат етілмейді. Сонымен қатар дыбыс күшейткіш техникалық құралдарын пайдалануға болмайды.

Толығырақ нормативтік-құқықтық актілер порталынан және мына жерден танысуға болады.

Жаңалықтар
0