Қоғам

Армян көліктеріне қатысты жиі қойылатын сұрақтардың жауабы

© Photo : mvd.gov.kzСпецЦОН
СпецЦОН - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Сенімхатпен немесе сақтандыру полисімен жүрген адамдардың атына көлікті рәсімдеуге болмайды. Себебі бірнеше шектеу бар

НҰР-СҰЛТАН, 16 маусым – Sputnik. Ішкі істер министрлігі армян көліктеріне қатысты жиі қойылатын сұрақтардың жауабын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

2021 жылы утилизациялық алымды төлеу керек пе?

Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіповтің айтуынша, бүгінде осы мәселеге қатысты сұрақтар жиі қойылады. Себебі үкіметтің қаңтар айындағы қаулысы бар. Бертін келе, тағы бір қаулы қабылданды. Онда утилизациялық алым туралы жазылмаған.

"2021 жылы утилизациялық алымды төлеу керек пе? Халық осыны көп сұрайды. Жоқ, осы тіркеудің аясында утилизациялық алымды төлеудің қажеті жоқ", - деді Түсіпов онлайн брифингте.

Оның айтуынша, заң бойынша шет елде тіркеуде тұрмаған көліктерді Қазақстан аумағына әкеліп, тұрақты тіркеуге қойғанда утилизациялық алым, кедендік төлемдер мен алғашқы тіркеудің салығы төленеді. Ал соңғы қаулыда шетелде тіркелген көліктерді уақытша тіркеу шаралары қарастырылған.

"Осылайша, осы тіркеудің аясында қазір және 2021 жылы утилизациялық алымды төлеу міндеті болмайды. Ал үкіметтің қаңтар айындағы қаулысы көлігін Арменияда тіркеуден шығарып, Қазақстанда тұрақты тіркеуге қоюды көздеген көлік иелері үшін қабылданған болатын. Олар үшін тиісті жеңілдіктер жасалып, уақыт берілді", - деп атап өтті Түсіпов.

Армян көлігін сенімхатпен жүргендердің атына рәсімдеуге бола ма?

"Сенімхатпен немесе сақтандыру полисімен жүрген адамдардың атына көлікті рәсімдеуге болмайды. Себебі бірнеше шектеу бар. Біріншіден, Арменияның Еуразиялық экономикалық одаққа қосылуы туралы келісімге сәйкес, кедендік баж салығының айырмашылығы төленбесе, ондай көліктерді басқа біреудің атына рәсімдеуге рұқсат берілмейді. Екіншіден, бір көлікті Арменияда және Қазақстанда екі бөлек адамның атына тіркеуге болмайды", - деді Түсіпов.

Оқи отырыңыз: Делдал арқылы сатып алынған армян көліктері қалай тіркелетіні айтылды

Бұдан бөлек, Арменияда берілген техникалық төлқұжатта "басқа адамның атына рәсімдеуге болмайды" деген жазу бар.

Неге Ресей мен Қырғызстанның көліктеріне шектеу қойылмайды?

"Мәселе мынада, Ресей мен Қырғызстанның көліктері сол елдің азаматтарына рәсімделген. Олар "халықарлық қозғалыстың қатысушылары" болып саналады. Сол себепті емін-еркін жүре алады", - деп түсіндірді Түсіпов.

Айыппұлды кім төлейді?

Халық тарапынан айыппұл төлеуге қатысты сұрақтар жиі түседі. Атап айтқанда, Армениядан көлік сатып алған адам оны өз атына тіркеп, сақтандыру полисімен басқа біреуге берсе, айыппұлдың кімге жазылатынын сұрайды.

"Ондай жағдайда көлікті басқарған адам жауапқа тартылады. Оның рөлде болғанын көлік иесі растай алады. Бұдан бөлек, тәртіп бұзушылықтың бейнежазбасы да дәлел болады", - деді Түсіпов.

Армян көлігін уақытша тіркеуден шығаруға бола ма?

"Уақытша тіркеуден шығып, көлігін шетелге апарамын десе, ешқандай шектеу жоқ. Ол үшін көлікті пайдаланған мерзім үшін салық төлеу керек. Сосын қазақстандық нөмір мен техникалық төлқұжатты тапсырасыз. Сөйтіп, Арменияда берілген техникалық төлқұжатты қайтадан алуға болады", - деп түйіндеді Түсіпов.

 

Жаңалықтар
0