19:17 23 Қыркүйек 2020
Тікелей эфир
  • USD423.41
  • EUR496.91
  • RUB5.57
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
245 0 0

Өрт – тілсіз жау, бүгінде оны ауыздықтау үшін тек өрт сөндіру көлігі ғана емес, жедел қимылдайтын мотоциклдер де жұмылдырылады. Алматы қаласында мотоциклдегі өрт сөндірушілер экипажының құрылғанына көп болған жоқ

АЛМАТЫ, 22 маусым – Sputnik. Бастапқыда қала бойынша "Ява" маркалы төрт мотоцикл болса, 2019 жылы Алмалы ауданындағы №9 өрт сөндіру бөліміндегі техниканың қатарына "BMW" маркалы екі мотоцикл қосылды. Олар өрт шыққан орынға орта есеппен 6,5 минутта бірінші болып барып, сол жердегі жағдайды баяндап, қосымша күш қажет болса, хабар береді. Sputnik Қазақстан тілшісі өрт сөндірушілердің жұмысымен танысып, бүгінгінің мотоциклдегі батырларымен сұхбаттасты.

Мотоцикл экипажы қалай жұмыс істейді

№9 өрт сөндіру бөлімінің бастығы Асхат Анарқұлов экипаждың жұмысымен егжей-тегжейлі таныстырды. Айтуынша, өрт сөндіру бөлімінде мотоцикл экипажы 2019 жылы наурызда құрылды. Құрамында 25-35 жастағы 8 өрт сөндіруші бар.

"Бұл – қалада кептеліс болған уақытта оқиға орнына тез жету үшін өте қолайлы техника. Кептелісте тұрған көліктен өрт шықса, оқиға орнына жылдам жетіп, авариялық құтқару жұмыстарын жүргізеді. Экипажда сегіз өрт сөндіруші бар, оларға екі мотоцикл берілген. Төрт күнде бір рет кезекшілікке түседі, 24 сағаттан жұмыс істейді. Таңғы тоғызда кезекшілікке шығатын өрт сөндірушілер мотоциклдің жағдайын қарап, бәрін тексеріп алады", - дейді Анарқұлов.

Алматы қаласы №9 өрт сөндіру бөлімінің бастығы Асхат Анарқұлов
© Sputnik / Тимур Батыршин
Алматы қаласы №9 өрт сөндіру бөлімінің бастығы Асхат Анарқұлов

Қандай талап қойылады

Мотоцикл экипажына қабылдану тәжірибе мен арнайы оқу-жаттығуларда дайындықтан өтуді талап етеді. Сонымен қатар өрт сөндірушінің бойы мен салмағы да назардан тыс қылмайды, себебі ол тек тілсіз жауды өшіріп қана қоймайды, адам жанына араша болатындардың бірі.

"Өрт сөндіру бөлімінде жұмыс істейтін қызметкерлер арнайы оқу-жаттығуларға қатысып, дайындықтан өтеді, мотоциклды қалай айдау керек екенін үйренеді. Экипажға бойшаң, салмағы да соған сай өрт сөндірушілер таңдап алынды. Оқуды аяқтап, сертификат алған соң ғана қатарға қосылды", - деп түсіндірді өрт сөндіру бөлімінің бастығы.

Бұған қоса, ол алғашқы медициналық көмекті көрсете білуі қажет, бұл  тек мотоцикл экипажының мүшелеріне ғана емес, барлық өрт сөндірушіге қойылатын талаптың бірі.

20 келі ГИРС пен 9 келі қайшы – экипаждың құрал-сайманы

"Қоқыс, автокөлік, тұрғын үй, бизнес орталық, қойма – кез келген жерде өрт шығуы мүмкін. Біз оқиға орнына бірінші болып барамыз, сол жердегі жағдайды баяндаймыз. Ең алдымен бізден қажет етілетіні – ақпарат. Қосымша көмек қажет пе, жоқ па – соны хабарлаймыз. Одан кейін сол өртті сөндіруге кірісе аламыз", - дейді аға өрт сөндіруші Исламжан Сұлтанов.

Аға өрт сөндіруші, сержант Исламжан Сұлтанов
© Sputnik / Тимур Батыршин
Аға өрт сөндіруші, сержант Исламжан Сұлтанов

Айтуынша, мотоциклдегі өрт сөндірушілер оқиға орнына үнемі екі адам болып барады. Бұл ең алдымен өрт сөндірушілердің қауіпсіздігі үшін қажет. Себебі мотоциклдың салмағы ауыр, сонымен қатар әрқайсысында кемі 30-35 келі құрал-сайман болады. Егер абайсызда жол апатына ұшырап қалса, екі адам бірлесіп мотоциклды тұрғызады, ал оған бір адамның шамасы жетпеуі мүмкін. Құтқару жұмыстары кезінде де өрт сөндірушілер топ болып жұмыла жұмыс істейді.

"Ең алдымен ГИРС қажет, сонымен өртті сөндіреміз. Оқиға орнына барған кезде бірден осы құралды апарамыз, оның салмаға 20 келі, өрт сөндірушілер оны арқалап жүреді. Оның екі жағында тығыздалған ауа болады, біреуі – өрт сөндірушілер үшін, екіншісі – өрт сөндіретін көпіршікті сыртқа шығарады", - деп түсіндірді сержант Сұлтанов.

Сержант Исламжан Сұлтанов ГИРС-ты шашуды көрсетіп жатыр
© Sputnik / Тимур Батыршин
Сержант Исламжан Сұлтанов ГИРС-ты шашуды көрсетіп жатыр

Бір ГИРС-ты пайдаланып, 30-35 шаршы метр аумақтағы өртті сөндіруге болады. Демек, шыққан өрттің көлемі орташа болса, екі мотоциклші бірлесіп жалынды өшіреді. Оңды-солды шашпай, өрт басталған жерді, оның ошағын сөндіру маңызды, деп толықтырды ол.

Екіншісі – құтқару арқаны. Оны өзіңе де, құтқаратын адамға да байлауға болады. Алдымен оны құтқарушы өз үстіне байлап, әрі қарай өрт шарпыған нысанға кіреді. Арқанның ұзындығы – 30 метр.

  • Есікті ашуға арналған қайшы, салмағы - 8-9 келі
    Есікті ашуға арналған қайшы, салмағы - 8-9 келі
    © Sputnik / Тимур Батыршин
  • Исламжан Сұлтанов серіктесі Ділшат Сауытпен бірге құтқару арқанын байлап жатыр
    Исламжан Сұлтанов серіктесі Ділшат Сауытпен бірге құтқару арқанын байлап жатыр
    © Sputnik / Тимур Батыршин
  • Газ бен түтіннен қорғайтын маска
    Газ бен түтіннен қорғайтын маска
    © Sputnik / Тимур Батыршин
  • Серіктес өрт сөндірушінің бірі екіншісіне ГИРС-ты асынуға көмектесіп жатыр
    Серіктес өрт сөндірушінің бірі екіншісіне ГИРС-ты асынуға көмектесіп жатыр
    © Sputnik / Тимур Батыршин
  • Өрт сөндірушінің мотоцикліндегі дәрі қобдишасы
    Өрт сөндірушінің мотоцикліндегі дәрі қобдишасы
    © Sputnik / Тимур Батыршин
1 / 5
© Sputnik / Тимур Батыршин
Есікті ашуға арналған қайшы, салмағы - 8-9 келі

Үшінші қажет зат – өрт сөндірушіні газ бен түтіннен қорғайтын маска. Өрт шыққан нысанның есігін ашуға арналған қайшы бар, оның салмағы – шамамен 8-9 келі.

"Барлығын көтеріп бару үшін бізде физикалық дайындық жүргізіледі. Жоғарыға көтерілу, кез келген жағдайда дұрыс әрекет етуге алдын ала жаттығамыз. Мотоциклдің жанындағы қорапшада алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған дәрі қобдишасы бар, әрбір өрт сөндіруші жедел жәрдем келгенше алғашқы көмекті көрсете алады", - дейді Исламжан Сұлтанов.

Кейде құтқарған адам қайтыс болады, мұндай жағдай жанымызға батады дейді өрт сөндірушілер.

"Біз ондай сәтте адами тұрғыда қатты қиналамыз. Бір жағынан адамды құтқардық деп қуанып отырсақ, ал ол кісі ауруханада көз жұмуы мүмкін", - дейді ол.

Өрт сөндірушілер Исламжан Сұлтанов пен Ділшат Сауыт
© Sputnik / Тимур Батыршин
Өрт сөндірушілер Исламжан Сұлтанов пен Ділшат Сауыт

"Қош келдіңіздер" деп айтпайды

Бес жылдан бері өрт сөндіруші болып жұмыс істейтін Исламжан бұл мамандықты бала күнінен армандаған. Әр қоңырау түскен сәтте қобалжу болатынын да жасырмады, алайда өзінің қызметтік борышын өтеуде еш аянып қалмайды.

"Өрт кезінде ең алдымен қобалжу болады, өзің үшін, өміріне қауіп төнген адамдар үшін уайымдайсың. Сенің көмегіңді күтіп отырған адамның бар екенін ойлаған сәтте бәрін ұмытып, қызметтік парызыңды өтеуге жең түре кірісесің. Бала күнімнен адамдарды құтқарып, әлдекімге аз да болса пайдамды тигізуді армандадым, өрт сөндіруші болу – нағыз ер адамның жұмысы. Мамандықты жаңылмай таңдадым деп санаймын", - дейді ол.

Күн сайын әртүрлі төтенше жағдай болып тұратын шаһардың тыныштығына жауап беруші өрт сөндірушінің айтуынша, адамдар өзі істеген істің жауапкершілігін арқалаудан жиі жалтарады. Осыған байланысты өрт болған жердегі бір оқиғаны күліп еске алды.

"Құрылыс материалдарының жанып жатқаны жайлы хабар келді.  Сол жерге дереу бардық, жеткен соң жағдайды бөлімге хабарладық. Әрі қарай өртті сөндіру жұмыстарына кірістік, қосымша күш те келді. Ең қызығы, жанып жатқан нысанда жұмыс істейтін қызметкерлер "бұл біз емес, біз өртеген жоқпыз" деп басын ала қашты. Бөтен біреудің әрекеті дегенді алға тартты. Бұл күлкілі еді, себебі өрт сөндірушілер бір қарағаннан-ақ оқиғаның қалай болғанын, өрттің қалай, неден басталғанын біліп тұрады. Адамдар мойнына жауапкершілік алғысы келмейді", - дейді аға өрт сөндіруші.

Өрт сөндірушілердің бас киіміне бейнекамера орнатылады
© Sputnik / Тимур Батыршин
Өрт сөндірушілердің бас киіміне бейнекамера орнатылады

Бір жылдан аса қызмет ететін мотоцикл экипажының қатарында адам өмірін құтқарумен бетпе-бет келмедім, дейді ол. Алайда әріптестерінің сондай ерлік жасағанын, егде жастағы азаматты көк түтіннің ішінен аман алып шыққанын айтты.

"Бір жағынан адамды ажалдан құтқаратындай жағдайдың болмағаны да жақсы шығар, себебі әрбір шақыртудың артында біраз адамның жан қиналысы, еңбегі, маңдай тері тұрады. Біреуге өртті сөндіру қызық болып көрінгенімен, әр істің артында үлкен жауапкершілік жатыр. Бізге ешқашан "қош келдіңіздер" деп айтпайды, құшақ жая қарсы алмайды, тек қайғылы жағдайда ғана күтеді. Одан кейін ешкім ешқашан "келесі кездескенше" деп шығарып салмайды. Өрт сөндіруші болудың бір кемшілігі – осы", - дейді Исламжан.

Жедел қимылдайтын өрт сөндірушілерге қоңырау түскен соң дайындыққа, жолға шығып кетуге екі минут беріледі. Ол уақытта қорғаныс киімін киіп, көлікті оталдырып, өрт орнына шығып кету қажет. Алайда өлім мен өмір арпалысына түскен жандардың жанын арашалау үшін, мүлкін сақтау үшін жолға шығатын өрт сөндірушілерге жол бермейтін автокөлік иелері де аз емес көрінеді.

"Ең алдымен автокөлік иелерін жолда өрт сөндірушілерге, жедел жәрдем көлігіне жол беруге шақырғым келеді. Жол полициясымен бірге "Жол бер" акциясы өтіп тұрады. Өрт сөндірушілердің келе жатқанын көрсе де, жол бермейтін көлік жүргізушілері өте көп", - деп ренішін білдірді аға өрт сөндіруші.

Экипаж қыста жұмыс істемейді

Мотоцикл экипажы ауа райына байланысты қыста жұмыс істемейді. 15 сәуірден 15 қазанға дейін тілсіз жауды ауыздықтауға жұмылдырылады. Қыста мотоцикл экипажының мүшелері басқа өрт сөндірушілер қатарына қосылып, жұмысын жалғастыра береді.

Өрт сөндіруші, кіші сержант Ділшат Сауыт 2015 жылдан бері өртке қарсы қызмет саласында жұмыс істейді. Оның айтуынша, ерте көктемде қалада өрт жиі болып тұрады.

"Қыста ескі көліктер оталмай тұрады, көктем келген соң көлікті жөндеуден өткізеді. Алайда біраз уақыт қозғалыссыз тұрған көліктің моторы жолда, кептелісте жанып кетуі мүмкін. Жазда, оның ішінде мамыр мен шілдеде өрт көбейеді. Тұрғындар газды қосып, ұмытып кетіп жатады. Тағы бір жиі қайталанатын жағдай – алкогольдік ішімдік ішіп, газды қосып, ұйықтап қалу. Тіпті жазда салқындатқышты үйден шығар кезде өшіріп кету жайлы ойламайтындар да бар", - дейді кіші сержант Сауыт.

Cержант Ділшат Сауыт
© Sputnik / Тимур Батыршин
Cержант Ділшат Сауыт

Бала күнінен пагон тағуды армандаған Ділшат өзінің жұмысы туралы былай дейді:

"Түтіннің ішіне бір адам кіре алмайды, негізі үш адам кіруі қажет. Мотоцикл экипажында екі адамнан болғандықтан, біз бірге барамыз. Өрт сөндірушілерде арнайы арқан болады, қауіпсіздік үшін соны өзімізге байлаймыз, содан кейін ғана нысанға кіреміз. Екі адамның біреуі аға өрт сөндіруші болады, ол қай жағынан бастап өшіру керек екенін айтып, нұсқау береді. Екі адамның бірі ауырып қалса, қандай да бір себеппен жұмысқа шыға алмаса, серіктесі жалғыз өзі өрт орнына бармайды".

Кей күні мүлдем қоңырау түспеуі мүмкін, ал кейде бірден үш жерде от шығып, құтқарушыларды шақырады.  

"Мотоцикл экипажы түнде жұмыс істемейді, шамамен кешкі сегіз жарымнан таңғы алтыға дейін өрт орнына шықпайды. Қалған уақытта тілсіз жаумен күресіп, адам жанына араша болуға әрқашан дайын", - деп түйіндеді сөзін Ділшат Сауыт.

Мотоцикл экипажының өрт сөндірушілері Исламжан Сұлтанов пен Ділшат болашақта қызметте көтеріліп, офицер шенін алу үшін Көкшетау техникалық институтында сырттай білім алып жатыр.

Тақырып бойынша

Елордада өрт сөндірушілер коронавируспен күресуге көшеге шықты – видео
Павлодар облысында үй өртеніп, үш адам ажал құшты – оқиға орнында түсірілген суреттер
Жылқы құлынды биені өрттен құтқару үшін көк түтінге кіріп кетті – видео
Астанада өрттен қаза болған 5 қыздың әкесі: уақыт емші емес – видео
Ақтауда өрт сөндірушілер оқиға орнынан неге кетіп қалғаны белгілі болды
Кілт сөздер:
Алматы, өрт сөндірушілер
Загрузка...

Басты тақырып