Қоғам

Еліміздің бес өңірінде жедел жәрдем шақыратындар саны артты

© Sputnik / Владислав ВодневАвтомобиль скорой помощи в Нур-Султане
Автомобиль скорой помощи в Нур-Султане - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Республика бойынша жедел жәрдем қызметі бес ай ішінде 3 миллионнан астам шақыртуға қызмет көрсеткен

АЛМАТЫ, 24 маусым – Sputnik. 2020 жылдың бес айында жедел жәрдем қызметі 3 миллионнан аса шақыртуға қызмет көрсетті. Ал маусым айында шақыртулар саны 10%-ке артты. Бұл жайында ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы басқарма төрағасының міндетін атқарушы Бауыржан Жүнісов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бүгінгі таңда республика бойынша күніне 1 400-ге жуық жедел жәрдем бригадасы қызмет көрсетіп жатыр. Оның 23%-і – мамандандырылған дәрігерлік бригада, 77%-і – фельдшерлік бригада.

"Жалпы елімізде 1 967 санитарлық автокөлік бар. 2019 жылы жедел жәрдем көлігінің тапшылығын жабу мақсатында өңірлерде 293 автокөлік сатып алынды, ал 2020 жылы 807 көлік сатып алу жоспарланып отыр. Олар қарашаның соңына дейін қолданысқа беріледі", - деді Жүсіпов.

Ол сондай-ақ, жедел жәрдем қызметінің бес ай ішінде 3 миллионнан астам шақыртуға қызмет көрсетілгенін атап өтті.

"Жедел жәрдем республика бойынша күніне 18 мың шақыртуға дейін барады. Маусымда шақырушылар саны 10%-ке артты. 15-22 маусым аралығында жедел медициналық көмек бригадалары тәулігіне 22 мыңнан астам шақыртуға қызмет көрсетті. Ақтөбе мен Қызылорда облысы, Шымкент, Алматы және Нұр-Сұлтан қаласында шақыртулардың өскені байқалады", - деді ол.

Жедел жәрдем неше минутта жетеді?

Қазіргі кезде қалыптасқан жағдайға байланысты жедел жәрдем бригадасының шақырту орнына баруы 12-13 минутқа артып отыр.

"Келу уақыты шақыртулардың жеделділік санатына байланысты болады. Яғни, науқастың өміріне, денсаулығына қауіп төнген жағдайда жедел көмек бригадасының келу уақыты 10-15 минуттан аспауы тиіс. Ал науқастың өміріне, денсаулығына айқын қауіп болмаған жағдайда келу уақыты – 60 минутқа дейін өзгереді", - деді ол.

Бригада келген соң пациентте ентігудің бар-жоғы, тыныс алу жиілігі, температурасы, қанның оттегімен қанығу деңгейі ескеріледі. Аурудың жеңіл ағымы анықталған жағдайда, ентігу және қауіп факторлары жоқ пациент үйде қалдырылып әрі қарай учаскелік дәрігер қадағалауына жолданады.

Қауіп факторлары бар науқастар, оның ішінде жасы 60-тан асқан азаматтар, қант диабеті, өкпеде созылмалы дерті бар науқастар емделу үшін стационарға жеткізіледі.

Оқи отырыңыз: "Мен ішіп отырмын": Қостанайлық бала жедел жәрдем қызметін әбігерге салды

Нұр-Сұлтандағы қалалық медициналық жедел жәрдем станциясың директоры Мұрат Оразбаевтың айтуынша, маусымда Нұр-Сұлтанда жедел жәрдемге хабарласушылар саны төрт есеге артқан. Күніне астаналықтардан 4 мыңнан астам қоңырау келіп түседі.

Жаңалықтар
0