07:36 22 Қыркүйек 2020
Тікелей эфир
  • USD421.58
  • EUR496.83
  • RUB5.53
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
705501

Президент қазақ тіліне қатысты жұмыстарды айғайламай, қызбалыққа салынбай, табанды түрде жалғастыра беру қажет екенін айтты

НҰР-СҰЛТАН, 25 маусым – Sputnik. Тіл мәселесіне бей-жай қарап, немқұрайдылық танытсақ, мемлекеттігіміз бен ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіріп алуымыз мүмкін. Бұл туралы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Ана тілі" басылымына берген сұқбатында айтты.

"Осы отыз жыл ішінде қазақ тілін дамытуға қатысты ештеңе істелген жоқ деуге болмайды. Туған тіліміздің қолдану аясын кеңейту үшін көп жұмыс атқарылды. Оған дау жоқ. Мұны сырт көз сыншылар да айтып жүр. Бірақ олардың кейбірі мұндай үрдіске аса қуана қоймайды. Өйткені енді қазақ тілінің дамуын тежеп, ел ішінде кең өріс алуын тоқтату мүмкін емес екенін сезеді", - деді президент газетке берген сұқбатында.

Мемлекет басшысы тілдік проблеманың үлкен саяси мәні мен маңызы бар екенін атап өтті.

"Тіл мәселесіне бей-жай қарап, немқұрайдылық танытатын болсақ, мемлекеттігіміз бен ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіріп алуымыз мүмкін. Бұған Украинаны мысалға келтірсек те жеткілікті деп ойлаймын. Мемлекеттік тілді дамыту ісінде қызбалыққа салынып, оның қолдану аясын күшпен кеңейтуге ұмтылудың кері әсері болары анық. Өйткені оның соңы ұлтаралық араздыққа дейін жетуі мүмкін", - деп санайды ол.

Сонымен қатар, Тоқаев геосаяси жағдайды да назардан тыс қалдырмау қажет дейді.

"Бірақ бұл мемлекеттік тілге қатысты жұмыстарды тоқтатып қою керек дегенді білдірмейді. Қайта оны ың-шыңсыз, айғайламай, қызбалыққа салынбай, бірақ табанды түрде жалғастыра беру қажет", - деді президент.

Тағы оқыңыз: Тоқаев: Қазақстандағы орыстар – еліміздің ажырамас бөлігі

Осы орайда мемлекет басшысы Өзбекстанның тәжірибесін мысалға келтірді. Айтуынша, олар өздеріне тән жайлы мінезіне салып, ұрандатып-шулатпай-ақ, қажет кезінде орыс тіліне де жүгіне отырып, тіл мәселесін толық шешіп алды.

"Менің таңғалатыным, Өзбекстанның мемлекеттік органдарында әлі күнге дейін орыс тілі қолданылады. Тіпті олардың тұтас тарихында да осылай болған. Өзбектер қоғамдық қатынастарды саясиландырмай, еңбек пен саудаға басымдық беріп, ХХ ғасырдың бас кезіндегі аз ғана халықтан қазір Орталық Азиядағы ең үлкен ұлтқа айналды. Сондықтан ұлы Абайдың өзбек халқына қатысты айтқан парасатты ой-пікірі қазіргі технология ғасырында да өзінің өзектілігін жоғалтпағанын байқаймыз. Өзбектер саясатқа құмар емес, олар еңбек еткенді құптайды. Бұл ел көшеде ұрандатып шеруге шығып жүрген жоқ. Қайта жасампаздыққа жетелейтін еңбекпен айналысып жатыр", - деді Тоқаев.

Президент қазақстандықтарды есте жоқ ескі заманды аңсамай, лингвистикалық мәдениеттің айналасын шиырлай бермей, тарихты дәріптеп, салт-дәстүрді сақтай отырып, алға ұмтылуға шақырды.

"Біздің мемлекеттік тілдің жағдайын қайта-қайта көтеріп, оның мүшкіл халі туралы айта бергенімізге өзге елдер, әсіресе Орталық Азиядағы мемлекеттер түсінбей, таңданыспен қарайды. Қазір – нағыз аз сөйлеп, көп іс тындыратын шақ. Олай болмаған жағдайда біз өзімізді халықаралық қоғамдастықтың алдында кемшін ұлт ретінде көрсетеміз", - деді мемлекет басшысы.

Кілт сөздер:
қазақ тілі, Қасым-Жомарт Тоқаев
Загрузка...

Басты тақырып