Қоғам

Комитет Қазақстан мен Қытай шекарасындағы жағдайға қатысты түсініктеме берді

© Photo : сайт правительства КыргызстанаОчередь из автомобилей на пункте пропуска
Очередь из автомобилей на пункте пропуска  - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қазақстан "Қалжат", "Бақты", "Майқапшағай" автокөлік өткізу пунктін ашқанымен, ҚХР тарапынан шекараның жабылуына байланысты тауарларды тасымалдау жүзеге асырылмаған

АЛМАТЫ, 26 маусым – Sputnik. Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті "Нұржолы" өткізу бекетіндегі кептелістің себебін түсіндірді.

"Қазақстаннан Қытайға шығатын жолда автокөліктің көп жиналуы Covid-19 пандемиясына қарсы күрес аясында Қытай тарапы енгізген шекара маңындағы санитарлық бақылаудың күшейтілуімен байланысты", - делінген ведомство хабарламасында.

Сонымен қатар Қытайдың карантин шараларын енгізуіне байланысты "Нұржолы" автокөлік өткізу пунктінен басқа шекаралық өткізу бекеттері жабылды. Соған байланысты шекара арқылы өтетін көлік саны тәулігіне 150-ден 20-ға дейін қысқарды.

Қазақстан үкіметінің қаулысымен 10 маусымнан бастап бұрын жабық болған "Қалжат", "Бақты", "Майқапшағай" автокөлік өткізу пункттері ашылды. Алайда сол сәттен бастап тауарларды тасымалдау ҚХР тарапынан шекараның жабылуына байланысты жүзеге асырылған жоқ.

Сондай-ақ, егер бұрын көлік жүкті Қытай аумағында күтетін болса, Қытай үкіметі пандемияға байланысты бұған тыйым салды және қазақстандық автокөліктердің өз аумағында болу уақытын 12 сағатқа дейін қысқартты. Ал бұл Қазақстан аумағында көліктің көп жиналуына әкелді.

Қазақстан шекарасында жүк көлігінің көп жиналуына шекарадан өтетін тасымалдаушылардың (шамамен 60%) жүкті тасымалдауға нақты тапсырысы мен келісімшарты болмауы әсер етіп отыр. Автокөліктің көпшілігі Қытайға бара жатқанда жүк тасымалдау үшін сол жерде бір реттік келісімге келеміз деп ойлайды. Олар Қытай тарапынан жүксіз кері қайтарылады, сөйтіп қайтадан кезекке тұрады.

Шекарадағы кептелісті жою үшін не істеліп жатыр?

Қазақстан тарапы Қытай автокөліктерінің Қазақстан аумағына кіруі үшін "Нұржолы" өткізу пунктінің жұмыс технологиясына өзгерту енгізгелі жатыр.

Екі жақты жаңа ережелерді бекіткеннен кейін қытайлық тасымалдаушылар Қытайда өндірілген тауарды Қазақстанның шекара көлік-логистика орталығына әкелу мүмкіндігіне ие болады. Ол жерде тауарды әрі қарай тасымалдау үшін қазақстандық немесе шетелдік транзиттік көліктерге қайта тиеу жұмыстары жүргізіледі. Нәтижесінде, автокөліктің көп бөлігінің Қытай жағына өту қажеттілігі қысқартылып, тиісінше "Нұржолы" автокөлік өткізу пунктінде көліктің көп жиналуын болдырмайды.

Мәселені шешу үшін қандай жұмыс атқарылды

Қытаймен шекара арқылы өтетін автокөлік саны тәулігіне 100-ге дейін ұлғайды.

Қазақстандық көліктің ҚХР аумағында болу уақыты 12 сағаттан 24 сағат дейін созылды.

Бос көліктерді Қазақстаннан Қытайға өту кезінде кедендік шаралар 20 минуттан көп уақыт алмауы қажет деген арнайы уақыт белгіленді.

"Нұржолы" өткізу пункті жұмысының технологиясын өзгерту жөніндегі келіссөздер аяқталуға жақын.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда шетелдік жүк тиелген көліктерді қадағалау жүйесі іске қосылады

Сондай-ақ, Қытайға отандық өнімді экспортқа шығаратын жүк көліктеріне арналған "жасыл дәліз " құрылды. Оларды өткізу кезектен тыс жүзеге асырылады.

Жаңалықтар
0