17:42 23 Қыркүйек 2020
Тікелей эфир
  • USD423.41
  • EUR496.91
  • RUB5.57
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
4353 0 0

Маусым айының екінші жартысында коронавирус инфекциясын жұқтырып, сырқаттанып қалған тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев сауығып шыққан соң Қазақстан халқына үндеу жолдады

НҰР-СҰЛТАН, 3 шілде – Sputnik. Нұрсұлтан Назарбаев қазір өзін қалай сезінетінін айтты және тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіргендерге ризашылығын жеткізді.

Назарбаев дәрігерлердің күш-жігері және олардың талаптарын мүлтіксіз орындаудың, сондай-ақ баршаның қолдауы мен жылы сөздерінің арқасында сырқаттан сауығып шығып, қазір өзін жақсы сезінетінін, толыққанды жұмысқа кіріскелі отырғанын айтады.

"Халқыммен бірге бұл сырқаттың бүкіл ауыртпашылығын сезіндім, қазір емделіп жатқандардың бәріне төзім мен қажыр-қайрат және тезірек сауығып кетулерін тілеймін", - дейді ол.  

"Миллиондаған адам осы ауыр дертпен сырқаттанды, ол мені де айналып өткен жоқ. Бірқатар шет мемлекет пен үкімет басшыларының, көрнекті саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері шынайы жанашырлығын танытып, маған моральдық қолдау көрсеткені көңілімді тебірентті. Баршасы қалтқысыз ниеттестігін жеткізіп, сергектік тілеп, тезірек сауығып кетуіме тілектестігін жолдады, сол үшін бәріне зор ризашылығымды білдіремін", - делінген Нұрсұлтан Назарбаевтың үндеуі Елбасы сайтында жарияланды.

Тұңғыш президент шын көңілден шыққан тілектер мен ыстық ықылас өзіне күш-қуат беріп, жігерлендіргенін атап өткен.   

Сондай-ақ, Елбасы еліміздің көптеген өндіріс ұжымдарынан, еңбек ардагерлерінен, әскери қызметшілерден, студенттер мен оқушылардан – өз қолдауы мен тілектестіктерін жеткізіп, мықты денсаулық тілеп, толық сауығып кетуіне ниеттестік білдірген көптеген қазақстандықтан хаттар мен жеделхаттар, сондай-ақ әлеуметтік желі арқылы жолданған хат-хабарлар алған.

"Маған шынайы жанашырлығы мен қолдауын ғылыми қоғамдастық пен шығармашылық зиялы қауымның өкілдері де білдіргенін ризашылықпен айта кеткім келеді. Олардың арасында Серік Қирабаев пен Әлия Бейсенова, Бибігүл Төлегенова, Төрегелді Шарманов, Мырзатай Жолдасбеков, Сұлтан Оразалин, Ғарифолла Есім, Несіпбек Айтұлы, Жандарбек Мәлібеков, Талғат Теменов және басқа да Қазақстанға кеңінен танымал қайраткерлер болды", - деп жазылған тұңғыш президент үндеуінде.

Сонымен қатар, өзіне Ольга Рыпакова, Дмитрий Баландин, Илья Ильин, Әлия Юсупова, Зарина Диас сияқты белгілі спортшылардан ізгі тілектер жеткенін атап өткен ол: "Баршаңызға көп рахмет айтамын! Мен бәріңізді де білемін. Сіздер және басқа да жастар – тәуелсіздік перзенттерісіздер. Денсаулық пен бақыт тілеймін! ", - деп өз алғысын білдірді.

Қазір біз өткеріп жатқан күрделі кезең – бүкіл адамзаттың басына түскен сын-сынақ. Сырқатпен күрестің ең алдыңғы шебінде жүрген дәрігерлер адамдарды аман алып қалу үшін барлық күшін жұмсауда. Бұл ретте медицина қызметкерлерінің еңбегіне баға жетпейді, мұны қазіргі уақыт айқын көрсетіп отырғанына тоқталған тұңғыш президент болашақта да отандық денсаулық сақтау саласына баса көңіл аударып, оны дамытуға қажетті қаржылық және материалдық ресурстар бөлу керектігін атап өткен.

"Естеріңізде болар, тәуелсіздіктің бастапқы жылдары менің шешіміммен арнаулы Ұлттық қор құрылып, алтын-валюта резерві жасалды. Бұл бізге әлемдік екі бірдей дағдарысты жеңіп шығуға септігін тигізді және сол қаражат қазір Үкіметке пандемияға қарсы ауқымды жұмыс пен тұрмысы төмендерге қолдау көрсету барысында көмегін тигізуде. Егер алдағы уақытта оны ақылмен, үнемдеп пайдалана білсек, өзге сын-қатерлерді де тиімді еңсере аламыз. Қазақстанның басқа елдер алдында қарызы ең төмен мемлекеттің бірі екені де  біздің артықшылығымыз", - дейді Назарбаев.

Назарбаев президент пен үкіметтің қалыптасқан жағдайды түзету үшін қажетті барлық шараны қабылдап жатқанын айтып, көп нәрсе өзімізге байланысты екенін ескертеді.

"Дәрігерлер біз үшін қолдарынан келгеннің бәрін жасап жатыр. Алайда бұл ауруды жұқтырудан сақтану көбінесе әр адамның өзіне байланысты. Төзімді болу керек, әсіресе, жастарға. Қажетті гигиена талаптарын орындап, тезірек вакцина пайда боларына үміттене отырып, ауру жұқтырудан барынша ұзағырақ уақыт сау болуға тырысқан жөн. Тәртіп сақтап, өз денсаулығымызды, туған-туыстар мен жақындардың амандығын ойлауымыз қажет, дәрігерлерге сену керек", - деген Назарбаев үндеу соңында қиындықты халықпен бірге жеңетін күн алда екеніне сенім білдірген.

Оқи отырыңыз: Назарбаев отызға толатын жастарға үндеу жолдады

"Халқымыз басқа түскен қиындықты өзінің қайрат-жігері, ұйымшылдығы, болашаққа деген ұмтылысы арқылы бүкіл халықаралық қоғамдастықпен бірге лайықты түрде еңсеріп, аман-есен шығарына сенімдімін. Біз тағы да жеңімпаз боламыз. Еліміздің жақсы күндері алда. Біз біргеміз! Біз жеңеміз! Біздің ұранымыз осы. Барлық отандастарымызға мықты денсаулық пен игілік, елімізге бақ-береке тілеймін!", - деді Назарбаев.

Тақырып бойынша

Назарбаев жиенінің үйіне қатысты іс: британиялық ведомство 1,5 млн фунт төлейді
"Назарбаев елге жариялап қойыпты": Әубәкіров қалай ғарышкер болғанын айтып берді
Нұрсұлтан Назарбаев қандай өзгеріс болатынын айтты
"Халық мүлдем басқаша өмір сүретін болады": Назарбаев маңызды жоба туралы айтты
Назарбаев еліне жаны ашитын қазақстандықтарға үндеу жасады
Кілт сөздер:
үндеу, Назарбаев
Загрузка...

Басты тақырып