16:57 10 Тамыз 2020
Тікелей эфир
  • USD418.17
  • EUR494.07
  • RUB5.68
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
6684 0 0

Алтынбек Қоразбаев Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында Елбасымен арада болған бірнеше жәйт туралы әңгімеледі

АЛМАТЫ, 6 шілде – Sputnik. Қазақстанның халық әртісі, әнші әрі композитор Алтынбек Қоразбаев Нұрсұлтан Назарбаевтың өзіне қандай ұсыныс жасағанын және одан неге бас тартқанын айтып берді.

"1989 жылы Кеңес одағы тарамаған кезде Республика сарайында менің үлкен концерттерім болды. Сол концертке Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Сара Алпысқызымен, кенже қызы Әлиямен бірге келді. Бір күннен кейін Алматыда бір жерге қонаққа шақырды. Сол жерде отырып менің бүкіл әнімді тыңдайтынын, жатқа білетінін айтты. Кей әнді тіпті өзі орындайды екен", - деп бастады әңгімесін халық әртісі Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.

Ол кезде 41 жастағы Қоразбаев өзінің туған қаласы Таразда жұмыс істеп жүрген.

"Сонда Елбасы "Алтеке, сенің Алматыға келетін уақытың болып қалыпты ғой. Алматыға келсең, саған қызмет табылады" деді. Сол кісінің қолдауымен 1989 жылы барлығын шешіп, 1990 жылы наурызда Алматыға көшіп келдім. Қаладан бірден қызмет те, үй де табылды", - дейді композитор.

Алматыға келген соң Елбасы Алтынбек Қоразбаевқа министрдің орынбасары қызметін ұсынған. Алайда сол кезде республика көлемінде концерті үзілмей тұрған Қоразбаев бұл қызметтен бас тартады.

Нұрсұлтан Назарбаев Алтынбек Қоразбаевқа Парасат орденін тапсырып жатыр, 2010 жыл
© Photo : Алтынбек Қоразбаевтың жеке архивінен
Нұрсұлтан Назарбаев Алтынбек Қоразбаевқа "Парасат" орденін тапсырып жатыр, 2010 жыл

"Министрдің орынбасары бол деп ұсыныс жасады. Мен шығармашылық адам екенімді, концерттерімнің республика көлемінде жақсы жүріп тұрғанын айтып бас тарттым. Төрт-бес жыл шығармашылықпен айналысайын дедім. Ол кісі де "Өзің біл, ол да дұрыс шығар" деді де қойды", - деді Қоразбаев.

Айтуынша, Елбасымен жиындар мен той-томалақта жиі кездесіп тұрған. Сондай кездесудің бірі Қарасай батырдың 400 жылдығы қарсаңында өтті. Президент ол кезде композиторды жаңадан бой көтеріп жатқан Астанаға шақырған.

"Мені Астанаға шақырды. Алматы облысындағы Сүйінбай атындағы филармонияға директор болып барғаныма небәрі бір ай болған еді. Ол кезде айлық бірде бар, бірде жоқ заман. Содан осы жерде бір-екі жыл отырайын деп шештім. Менің екінші қателігім осы еді. Мен елордаға бармайтынымды айттым", - дейді композитор.

Елбасымен кезекті кездесу 2000 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың 60 жас мерейтойы қарсаңына тұспа-тұс келеді. Қоразбаев бұл кезде Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның директоры қызметінде Үшқоңыр жайлауында өткен концертті ұйымдастырып жүреді.

"Директор болған соң концертті ұйымдастырып, кезегімен әртістерді сахнаға шығарып отырғанмын. Көрермен болып Елбасы отырды, жанында көмекшілері болды. Мен алыста жүрген соң көмекшілеріне "Маған Қоразбаевты шақырыңдар" деп айтыпты. Жанына барғаным сол еді: "Өзің неге ән айтпайсың?" деп сұрады, мен өзімнің директор екенімді айттым. "Сен мен үшін директор емессің, мен үшін әнші, композитор Қоразбаев Алтынбексің, домбыраңды ал да бір-екі ән айт" деді", - деп еске алды Қоразбаев.

Сахнаға шыққан Қоразбаев алдымен ақын Әбдірахман Асылбеков сөзін жазған "Айдай сұлу аруым" әнін орындаған. Айтуынша, Нұрсұлтан Әбішұлы 50 жасқа толғанында әннің атын өзі қойған.

"Сара Алпысқызына арнап "Айдай сұлу аруым" деп қойды. Одан кейін "Сырғалым" әнін орындадым. Сонда Елбасы "Көзіңнен айналайынды" шырқауымды сұрады. Ол әнді толығымен Мейрамбек Бесбаевқа беріп қойғанмын. Бес шумақтан ойыма түскен екі шумағын айтып бердім. Елбасы қарқылдап тұрып әдемі күлкісімен күліп алды да, домбыраны алып мен айтпай кеткен екі шумағын өзі орындады", - дейді Қоразбаев.

Қазақстанның халық әртісі, композитор Алтынбек Қоразбаев
© Photo : Алтынбек Қоразбаевтың жеке архивінен
Қазақстанның халық әртісі, композитор Алтынбек Қоразбаев

Концерт аяқталған соң Назарбаев бірге ән жазайық деп ұсыныс жасаған.

"Мен сөзін жазамын, сен әнін жаз" деді. Солай істейтін болсақ, менен бақытты композитор болмайтынын айттым. Жазуға тырысамын дедім. "Үшқоңырдың" әнін екі жарым жыл жаздым. 2003 жылы Қаскелең шатқалына испанның королі Хуан Карлос келіп жатты. Сол жерге барып, әннің жобасын көрсеттім. Әннің жақсы шыққанын айтып, сөзін бір аптада жіберемін деді. Уәде еткеніндей, бір аптада әннің сөзі дайын болды", - дейді ол.

"Үшқоңыр" әнін "МузАрт" тобы орындады. Айтуынша, ән дайын болған соң үш әнші жігіт Медеуге барып, Елбасына арнап ән салған. Осыдан 4-5 ай өткен соң Көкшетауға да әншілерді арнайы шақыртады.

"Нұрсұлтан Әбішұлы әннің халық әніне ұқсайтынын айтты. Енді жаңадан бой көтерген астанаға арнап, Сарыарқа жайлы ән жазуға тапсырыс алдым. Бұл 2004 жыл еді. Әнді өте ұзақ жазамын. Мұны да 1-2 жыл жүріп аяқтадым. Елбасымен бірге екі ән жазған өзімді бақытты санаймын", - дейді Қоразбаев.

Елбасы тапсырмасымен екі ән жазған композитор екеуі үшін де гонорар алмаған. Алайда "Сарыарқа" әні астананың туған күні қарсаңында өткен ән байқауында жеңіп шығады.

"Гонорар сұраған емеспін, бір тиын алмадым. "Сарыарқа" әнін "Бәйтерек" тобы орындады. 6 шілдеде конкурс өтіпті. 7 шілдеде Алматыда жүргенімде, әнші жігіттер хабарласып, "Сарыарқа" әнінің бас жүлде алғанын, сегіз мың доллар сыйлығы бар екенін айтты. Ақшаны не істейік деп хабарласып тұр екен. "Әнін жазған композиторға, сөзін жазған ақынға, орындаған әншілерге – үшке бөліңдер" дедім. Олар айтқаныма сеніп қалып, "Ол кісіге қалай апарып береміз?" деп таңданып қалды.  Мен де, Елбасы да сендерге кештік деп,  әнге бейнебаян түсіруді тапсырдым. Одан бөлек ешкімнен ақша алып, ақша сұраған жоқпын", - дейді композитор.

Оқи отырыңыз: Ескендір Хасанғалиевпен сұхбат: өнерге қалай келгені, әндері және отбасы жайлы

Әңгіме барысында Алтынбек Қоразбаев Елбасының екі рет қызмет бабы бойынша жасаған ұсынысын қабылдамағанына өкінетінін де жасырмады.

"Кезінде астанаға шақырғанында бармағаныма, әрине, өкінемін. Одан кейін ондай ұсыныс түскен жоқ. Кейін көп жолыға да алмадық. Осыдан екі жыл бұрын жетпіске толып жатқанымда астанаға Назарбаевтың ауызашарына шақырту алдым. Елбасы жыл сайын ауызашар береді. Әдеп бойынша, хаттама бойынша Елбасының дәл жанында мен, арғы жағында бас мүфти отырды. Елбасыдан кейін сөз маған берілді, сол жерде рахметімді айттым", - дейді халық әртісі.

Алтынбек Қоразбаев Жамбыл облысы Меркі ауданы Қызылсай ауылында дүниеге келген. Сол ауызашарда Елбасы композитордан "Қызылсайға барып тұрасың ба?" деп сұрап таңғалдырыпты. Жетпіс үйлі ауылды қайдан білетінін сұрағанда, әндерінде аты аталып қалатынын айтып, есте сақтау қабілетінің мықты екенін тағы бір рет көрсеткен.

Кілт сөздер:
Назарбаев, Елбасы, Алтынбек Қоразбаев
Загрузка...

Басты тақырып