Қоғам

Мұхтар Шахановтың орынбасары Тоқаевтан көмек сұрады

© Sputnik / Абзал КалиевПисатель Мухтар Шаханов
Писатель Мухтар Шаханов - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Құдияр Біләл  ақынның ауруханада бір аптадан бері елеусіз ем қабылдап жатуы көпшілікке әртүрлі ой салып жатқанын хабарлады

АЛМАТЫ, 10 шілде – Sputnik. Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Шахановтың "Жалын" журналындағы орынбасары Құдияр Біләл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазды. Ол бастығының бір аптадан бері ауырып жатқанын, дәрігерлер тарапынан ерекше жағдай жасалмай отырғанын айтып шағымданды.  

"Қазақтың біртуар дара перзенті Мұхтар Шаханов өкпе қабынуы ауруына шалдығып, Алматы қаласындағы "Қалқаман" (№7 қалалық клиникалық аурухана – Sputnik) ауруханасында емделіп жатыр. Ауырғанына бір аптадан асты. Емдеу шаралары әлі күнге дейін оң нәтиже бере қойған жоқ. Аурухана әкімшілігі Мұхтар Шахановты ауруға шалдыққан көп адамның бірі ретінде ғана қабылдап жатыр", - деп жазды Құдияр Біләл Facebook парақшасында.

Президентке жолдаған хатында ол Шахановтың тәуелсіздік алу үшін қызмет еткен санаулы тұлғаның бірі екенін еске салды.

"Шаханов жоғары билік шешімдерінің бәріне бірдей бас шұлғи бермейді. Бірақ сіздің ұлттық мәселелерге қатысты шешімдеріңізді жоғары бағалайды. Өзіңіз президенттікке сайлауға түскен кезде де сізге ашық түрде қолдау білдіріп, ұлт зиялыларын сіздің төңірегіңізде жиналуға шақырған болатын. Мұхтар Шаханов сол ниетінен бір сәтке де айныған жоқ", - деп жазды Біләл.

Сонымен қатар Шахановтың бір аптадан бері елеусіз қалғаны көпшілікке әртүрлі ой салып жатқанын айтып, ақынның денсаулығына мемлекеттік тұрғыда назар аударуды сұрады.

"Қазақ халқы ерекше құрметтейтін Мұхтар Шахановтың ауруханада бір аптадан бері елеусіз ем қабылдап жатуы көпшілікке әртүрлі ой салуда. "Мемлекет қазақ ұлтының мәртебесін, рухани құндылықтарын асқақтату тұрғысында бар өмірін сарп еткен Шаханов сияқты ұлттық тұлғалар денсаулығына неге назар аудармайды?" деген алаңдаушылық бар. Мұндай халық алаңдаушылығын өз мүддесіне пайдаланғысы келіп жүрген күштер де аз емес. Сізден Шахановтың денсаулығына мемлекеттік тұрғыда назар аударуыңызды сұраймыз", - деп жазды ақынның орынбасары.

Оқи отырыңыз: Министрлік елімізде пневмонияның жаңа түрі шыққаны туралы ақпаратқа түсініктеме берді 

Айта кетейік, бұған дейін Мұхтар Шахановтың 3 шілдеде ауруханаға жатқызылғаны хабарланды.

8 шілдеде Құдияр Біләл Шахановтың бірнеше күнде ауруханадан шығатынын айтты.

"Қазір көңіл күйі жаман емес. Алайда ауруханадан шыққысы келіп отыр. Дәрігерлер тағы бірнеше күн бақылауда болып, емделуі қажет екенін айтып, рұқсат бермеді. Тағы 1-2 күн ауруханада болады. Коронавирус емес екені анықталды", - деді Біләл Sputnik Қазақстан тілшісіне.

Мұхтар Шаханов 1942 жылы 2 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданында дүниеге келген. Шаханов 2004 жылдан бері "Жалын" журналында бас редактор қызметін атқарып келеді.

Жаңалықтар
0