01:49 14 Тамыз 2020
Тікелей эфир
  • USD418.72
  • EUR495.47
  • RUB5.70
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
1154 0 0

Денсаулық сақтау саласында басшылық қызметтерді атқарған Болат Төкежановтың Қазақстанның салық қызметі жүйесінен де жұмыс тәжірибесі бар

НҰР-СҰЛТАН, 12 шілде – Sputnik. Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен Болат Тұрғанұлы Төкежанов "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ басқарма төрағасы болып тағайындалды, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Болат Төкежановты қор ұжымына таныстырды.

"Болат Тұрғанұлы – денсаулық сақтау жүйесінде тәжірибесі мол, саладағы ең маңызды реформаларды жүзеге асыруға тікелей қатысқан, барлық проблеманы іштен жақсы білетін маман", – деді Цой.  

Министрдің айтуынша, бұл өте құнды тәжірибе. Өйткені, медициналық сақтандыру қорының халыққа арналған медициналық көмекті стратегиялық сатып алушы ретінде және МӘМС пен ТМККК пакетінің қаржылық операторы ретінде ерекше мәртебесі бар.

"Барлық процесті – сатып алу мен медициналық көмекті қаражыландыру ісін ашық және жүйелі түрде жүзеге асыру керек. Қазір еліміздің денсаулық сақтау саласы қиын кезеңді бастан өткізіп отыр. Бұл ретте коронавирусқа қарсы  күрес шараларының шығынын өтеуде сақтандыру қорының рөлі өте маңызды", – деді министр.

Ведомство басшысы бұл тағайындаудың артында үлкен жауапкершілік тұрғанын және мемлекет басшысы қойған міндеттерді қысқа уақытта орындау қажеттігін де атап өтті.

Болат Төкежанов туралы не білеміз?

Болат Төкежанов 1972 жылы 19 шілдеде Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген.

1994 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын "экономист" мамандығы бойынша бітірген. 2010 жылы Қазақстан Республикасы президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының ұлттық мемлекеттік саясат мектебінде мемлекеттік және жергілікті басқару магистрі дәрежесін алды.

Дьюк, Дарем, Солтүстік Каролина, АҚШ-та Стэндфорд университетінің мемлекеттік саясат мектебінде, сондай-ақ Сингапурдағы Ли Куан Ю атындағы ұлттық университеттің мемлекеттік саясат мектебінде оқыған. 

Болат Төкежанов Қазақстанның салық қызметі жүйесінде жұмыс тәжірибесі бар. Сондай-ақ, ол денсаулық сақтау саласында басшылық қызметтерді атқарды. Денсаулық сақтау министрлігінің вице-министрі, жауапты хатшысы болып жұмыс істеді.

Оқи отырыңыз: Ешкімге сенбеңіз: еріктілер денсаулық министріне бейнеүндеу жолдады

"Құрмет" орденімен марапатталған, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау үздігі. Үйленген, үш бала тәрбиелеп отыр.

Қордың бұрынғы басшысы қызметтен неге қуылды

Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент медициналық көмек пен аса қажетті дәрі-дәрмектерді қолжетімді ету мәселесіне тоқталды. Осы орайда тергеу жүргізу қажеттігін және жұмысын дұрыс атқармаған басшылар қызметінен кетуі тиіс екендігін айтты.

"Тергеу жүргізу керек. Қазіргі қиындықтарға кінәлі барлық адамды жауапқа тарту қажет. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен "СК-Фармация" басшылары жұмыстан шығарылсын немесе тергеуге алынуы керек", - деді Тоқаев.

Желідегі әйелінің жазбасы жұрттың сынына ұшырады

Ал санаулы күн бұрын Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының экс-басшысы Айбатыр Жұмағұловтың жұбайы, тележүргізуші Гүлбаршын Зайырова жариялаған жазбаның скриншоты желіде тарап кетіп, күйеуінің өзіне "он екінші көлік сыйлағанын" жазған.

Бұл жазба індет өршіп тұрған кезде қажетті медициналық көмек ала алмай, ауруханаға жату үшін ПТР тестке 15,5 мың теңге төлеуге мәжбүр болып жүрген қазақстандықтардың ашуын туғызған.

Айбатыр Жұмағұловтың өзі не деді

Қор басшысы блогерлердің 12 машина туралы сұрағына жауап берді. Ол пандемия той тойлап, сыйлық беретін уақыт емес екенін және он екі автокөлік туралы ақпарат өтірік екенін мәлімдеді.

"Біріншіден, автордың айтуынша, автокөліктерге қатысты жағдай бүгін болыпты-мыс. Бірақ, менің жұбайым 43 жаста, ал ол жерде он жыл бұрынғы жағдай суреттелген. Біз көліктерді мүмкіндігімізге қарай сатып алдық, бізде "Жигули", Mazda болды. Бұл ақпаратты неге дәл бүгін таратып жатқанын түсінбедім. Біздің отбасымызда он екі емес, тек бір көлік бар. Мұны диверсия деп атауға болады, осындай қиын шақта жалған ақпарат таратып жатыр. Жазбаны мұрағаттан әдейі алып шыққан. Қор жұмысы үнемі ашық, ешбір мәліметті жасырмаймыз", - деді әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорының басшысы Айбатыр Жұмағұлов.

Ол жазба авторымен кездескенін, оған тікелей эфирге шығып, жағдайды талқылауды ұсынғанын айтты.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру

МӘМҚ жүйесі Қазақстанда 1 қаңтардан бастап іске қосылды. Бірінші сәуірде жарна төлеу бойынша жеңілдікті кезең ұзартылды. Сол аралықта әрбір азамат өз мәртебесін анықтап, жарна төлеп, қор қатысушысы болуға міндеттелді.

Оқи отырыңыз: "Халық сенбей отыр": Айнұр Тұрсынбаева Тоқаевқа үндеу жолдады

Айта кетсек, қазіргі таңда шағын және орта бизнес 2020 жылдың бірінші қазанына дейін қорға жарна төлеуден босатылды. Алайда жұмыс беруші мемлекеттік кірістер комитетіне қызметкерлер тізімін ұсынуға міндетті.

Тақырып бойынша

Медициналық сақтандыру қорындағы ақша кімдерге қайтарылады?
Медициналық сақтандыру қорына қанша ақша жиналды?
Медициналық сақтандыру: екі жұмыс болса, жарна қалай аударылады?
Медициналық сақтандыру қорының басшылығы қанша жалақы алады?
Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылды
Кілт сөздер:
денсаулық сақтау министрлігі, медициналық сақтандыру қоры
Загрузка...

Басты тақырып