Қоғам

"Екі есе қымбаттады": алматылықтар қандай өнімдерді жаппай сатып алып жатыр

© Photo : пресс-служба акима Южно-Казахстанской областиЯрмарка
Ярмарка  - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Алматы тұрғындары коронавирустың емін іздеп базардан қойдың құйрық майы мен зімбір және ақжелкекті жаппай сатып алып жатыр

АЛМАТЫ, 15 шілде – Sputnik, Тимур Ниталиев, Айгерім Таубай. Алматы тұрғындары коронавирустың алдын алу мақсатында халық дәрілерін жаппай сатып алып жатыр. Жергілікті саудагерлер соңғы күндері қойдың майы, зімбір мен ақжелкек сияқты тауарларға деген сұраныстың қаншалықты артқанын айтты. Sputnik Қазақстан тілшісі Алматы базарларының бірінде болып, сұранысқа ие азық-түлік бағасының қаншалықты көтерілгенін анықтады.

Құйрық май туралы миф

Саудагерлердің айтуынша, алматылықтар жаппай қойдың құйрық майын сатып алып жатыр. Бұған дейін қойдың майы қала тұрғындары арасында осыншалықты сұранысқа ие болған жоқ еді. Көп адам дәл осы өнімнің коронавирус пен пневмонияның алдын алуда әсері бар деп санайды.

Сонымен қатар инфекциямен күресте тиімді өнімдердің тізімінде зімбір мен ақжелкекті де қосып қойған. Алайда, дәрігерлер бірнеше рет өзін-өзі емдемеуді ұсынды. Соған қарамастан қала тұрғындары халық кеңесіне сеніп, табиғи дәрі-дәрмекті базардан іздеп, әлек болып жүр.

"Құйрық майды келген бетте алып кетіп жатыр. Бағасын қатты көтерген жоқпыз. Бұған дейін қойдың майының бір келісі 1 800 теңге тұрса, қазір 2 000 теңгеден сатылып жатыр. Шағын базарларда бұрын да келісі мың теңгеден сатылған болуы да мүмкін, ал мұнда баға қатты өзгерген жоқ", - дейді сатушы.

Сондай-ақ, саудагерлер бұрын соңды қойдың майына қатысты мұндай дүрлікпе болмағанын, күніне тек 2-3 келі сатқандарын айтты. Ал бұл көрсеткіш қазір бірнеше есе артып отыр.

"Кеше тоғыз келіге жуық қойдың майын алып келдік. Бүгін түске дейін бәрі өтіп кетті. Сұраныс бар, адамдар келіп қойдың майын сұрайды. Тіпті, ет сатып алмайды. Кейбірі вирустан сақтануда көмектесе ме деп те қызығады",- деді ет павильонындағы сатушы.

Алматылықтардың басым бөлігі қой майының емдік қасиеті бар екеніне сенеді, оны ішу арқылы немесе денеге жағы арқылы қолданады. Қала тұрғындары құйрық майдың суық тиюде көмектесіп, өкпені тазалап, жоғары температураны түсіретініне сенімді.

Алайда, бұған дейін Ресей денсаулық сақтау министрінің орынбасары Олег Гриднев бұл ақпаратты жоққа шығарды. Оның айтуынша, құйрық май вирустан емдемейді, тіпті қанды қоюландырып теріс әсер етеді. Бұл коронавируспен ауыратындарға кері әсер етуі мүмкін, деді Гриднев Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.

Ақжелкек пен зімбірді дәрі орнына қолдануға бола ма?

Алматылықтар өткен жұмадан бастап ақжелкек пен зімбірді жаппай сатып ала бастады.

"Мессенджерлердің бірінде белгісіз біреу ақжелкектің коронавирус ауруының алдын алуға көмектесетінін жазды. Осыдан кейін бұл өнімге деген сұраныс артты. Бізге де ақша табу керек, сол себепті бағаны көтердік. Бұрын бір бумасын 50 теңгеге сатсақ, қазір 300 теңге тұрады. Адамдар инфекцияға қарсы тұруда таптырмас өнім екенін айтып, ақжелекті арнайы іздеп келеді", - дейді сатушылар.

Зімбір коронавирустан емдеуі мүмкін өнімдер тізіміне екінші рет еніп отыр. Бұған дейін Қазақстандағы бірінші карантин кезінде азаматтар зімбірді жаппай сатып алуға кіріскен болатын. Соның нәтижесінде оның бағасы да бірнеше есе қымбаттап кетті.

Қазір базарда зімбір 2 мың теңге тұрады. Ал бір апта бұрын оның бағасы мың теңгеден аспайтын.

"Иә, бағасы екі есе өсті, өйткені адамдар оны санаулы сағаттарда сатып алып жатыр. Дәл қазір бізде де барлығы сатылып кетті, енді тағы да әкелгенін күтіп отырмыз", - деді сатушылар.

Оқи отырыңыз: Министр коронавирустан емделетіндердің басты қателігін атады

Айта кетейік, қымыз бен шұбат секілді сүт өнімдерінің бағасы өзгерген жоқ. Сусынның литрі 500 теңге тұрады.

Саудагерлердің айтуынша, оларға деген үлкен сұраныс байқалмайды. Бұған дейін қымыз бен шұбат саудасы қалай жүрсе, қазір де сол шамада сатылып жатыр.

Жаңалықтар
0