Қоғам

БЖЗҚ зейнетақы жинағының 10%-ін пайдалану ұсынысына қатысты мәлімдеме жасады

© Sputnik / Абзал КалиевПортмоне деньги, тенге купюры
Портмоне деньги, тенге купюры - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Евгений Сейпульниктің ұсынысы егжей-тегжейлі пысықталмаған және негіздеме бола алатын есептеулер жүргізілмегендіктен қолдау таппады 

НҰР-СҰЛТАН, 22 шілде – Sputnik. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларға есепшоттағы ақшасының 10 процентін пайдалануға рұқсат беруге қатысты өз ұстанымын жариялады. Бұл ұсынысты қор жанындағы қоғамдық кеңестің төрағасы Евгений Сейпульник жасаған болатын, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.  

"Евгений Сейпульниктің коронавирус пандемиясы кезеңінде салымшыларға зейнетақы жинағын жеке қажеттілігі үшін пайдалану мүмкіндігін беру туралы бастамасы оның жеке пікірі болып саналады. БЖЗҚ жанындағы қоғамдық кеңестің 2020 жылдың 17 шілдесінде өткізілген кезекті отырысында бұл ұсыныс талқыланған жоқ", - делінген қордың ресми хабарламасында.

Қор мамандары пандемия кезінде мемлекет тарапынан азаматтарды бюджет және бюджеттен тыс қаражат есебінен қолдау шараларының қолға алынғанын жеткізіп, төтенше жағдайдан туындаған мәселелер зейнетақы жинағы есебінен шешілмейтінін ерекше атап өтті.

Ал зейнетақы жүйесіне қатысты ұсыныстар азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру мен мемлекеттік шығыстар тұрғысынан жан-жақты пысықталуы қажет. Экономикалық есептеулер де жасалуы шарт.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда зейнетақы қорындағы ақшаның 10%-ін алуға рұқсат ету ұсынылды 

"Евгений Сейпульниктің ұсынысы егжей-тегжейлі пысықталмаған және негіздеме бола алатын есептеулер жүргізілмегендіктен, БЖЗҚ жанындағы қоғамдық кеңестің онлайн талқылауы барысында оның әлеуметтік желілерде айтылған позициясы қолдау таппады", - дейді мамандар.

Сейпульниктің бастамасы

Осы аптаның басында БЖЗҚ жанындағы қоғамдық кеңестің басшысы Евгений Сейпульник карантин кезінде есепшоттағы ақшаның 10 процентін пайдалануды ұсынған болатын. Оның айтуынша, әр салымшы өз жинағының 10%-ін мерзімінен бұрын шешіп алса, халыққа біраз көмек болатын еді.

Атап айтқанда:

  • шоғырландырылған жинақ 1,7 триллион теңгеге азаяды;
  • орташа төлем әр салымшыға 42500 теңгеден 100 000 теңгеге дейін ұлғаюы мүмкін;
  • салымшылардың Қор мен Ұлттық банк қызметіне сенімі артады;
  • қордың жұмысы жаңа деңгейге шығады.

Сейпульник салымшыға жинақтың 10%-ін төлеу міндет емес, оның құқығы ретінде қарастырылуы тиіс деп санайды. Бұл тәсіл біреудің өмірін құтқаруы мүмкін.

Оның сөзіне қарағанда, аталған төлемді заңнамалық түрде бекітуге болады. Сонда әр салымшы шотындағы жинағының мөлшеріне қарамастан ақшаны мерзімінен бұрын бір рет шешіп алуға құқылы болады.

Ол қоғамдық кеңестің бастамасы көпшіліктің қолдауына ие болса, ұсыныс президентке жолданатынын атап өтті.

Жаңалықтар
0