Қоғам

Онлайн-құрбандық қалай шалынады – мүфтият түсіндірді 

© Sputnik / Вадим Брайдов / Медиабанкке өтуБаран
Баран - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Онлайн құрбандық шалуға арналған сайт шетелдің тәжірибесі негізінде ашылып отыр. Бүгіннен бастап қашықтан құрбандық шалуға арналған портал 24 бойы жұмыс істейді

НҰР-СҰЛТАН, 24 шілде – Sputnik. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы онлайн тапсырыс арқылы құрбандық шалу тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бас мүфтидің айтуынша, онлайн тапсырыстар үшін әр облыста құрбан шалу орындары ашылады. Оған жергілікті әкімдік пен санитар мамандардың рұқсаты беріледі. Тәртіп сақшылары карантин талаптарын бақылайды. Имамдар мен қасапшылар құрбандық шалады. Ал еріктілер етті таратады.  

"Тағы бір ескеретін жағдай осы кезге дейін Құрбан шалған азаматтар құрбан етін үшке бөліп, бір бөлігіне ағайын-туыс, көрші қолаңға арнап айттық дастархан жаятын. Пандемия жағдайына байланысты биылғы онлайн бойынша құрбандық шалынған кезде еттің үштен бірі шалған адамға берілмей, түгелдей мұқтаж жандарға үлестірілетін болады", - деді Тағанұлы. 

Осы орайда бас мүфти сатушыларды мал бағасын қымбаттатпауға шақырды. Қасапшылар да өз қызметі үшін көп ақша сұрамайды деген үміт бар. 

"Осындай қиын-қыстау кезеңде азаматтарды пендешілікке салынып, пайда табу мен алыпсатарлыққа бармай, мал бағасын қымбаттатпауға, халықтың жағдайын ескеруге шақырамын. Қасапшылар да өз қызметі үшін алатын ақысын қымбаттатпайды деп үміттенеміз", - дейді Тағанұлы. 

Оның сөзіне қарағанда, діни басқармада және облыстық мешіттер жанынан ақпарат беру орталықтары құрылды. Онлайн құрбандық шалуға қатысты мәлімет алғысы келген кез-келген азамат осы орталықтарға хабарласса болады. Бұдан бөлек, мүфтият құрбандық шалуға арналған роликтер мен жарнамалар жасап шығарады. Ал онлайн құрбандыққа Qurban2020.kz сайтында тапсырып беруге болады.

Бас мүфтидің айутынша, бұл сайт шетелдің тәжірибесі негізінде ашылып отыр. Бүгіннен бастап қашықтан құрбандық шалуға арналған портал 24 бойы жұмыс істейді. 

© SputnikОнлайн тапсырыстар үшін әр облыста құрбан шалу орындары ашылады
Онлайн-құрбандық қалай шалынады – мүфтият түсіндірді  - Sputnik Қазақстан
Онлайн тапсырыстар үшін әр облыста құрбан шалу орындары ашылады

"Сайтта 30 шілдеге дейін кез келген азамат онлайн түрде құрбандық шалуға тапсырыс бере алады. Қашықтан құрбандық шалу тәжірибесі Түркия, Малайзия, Индонезия, Біріккен Араб Әмірліктері сияқты бірқатар мұсылман мемлекеттерінде бұрыннан қалыптасқан және жыл сайынғы игі дәстүрге айналған", - деді Тағанұлы.

Бас мүфтидің сөзіне қарағанда, алғаш рет іске қосылған сайттың кейбір кемшіліктері болуы мүмкін. Сондықтан техникалық олқылықтар болып жатса, халық түсінікпен қарайды деген сенім білдірді.

"Онлайн тапсырыс арқылы құрбандық шалу кезінде осы кезге дейінгідей малды өзіміз таңдау, қасапшының жанына барып, өзіміз қатысу сияқты жағдай болмайын деп тұр. Құрбандық шалу кезінде имамдарымыз делдалдық қызмет жасамайды. Екі ортада жүріп, пайда табумен айналыспайды", - деп атап көрсетті Тағанұлы.

Жаңалықтар
0