Қоғам

Президент сайлауында өз кандидатурасын ұсынған қазақстандық ғалым қайтыс болды

© Sputnik / Абзал КалиевГүл шоқтары
Гүл шоқтары - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Мұсағали Дуамбеков осыдан тоғыз жыл бұрын президент сайлауына үміткер ретінде өзін-өзі ұсынған болатын, кейін сайлау қарсаңында кандидатурасын алып тастады

АЛМАТЫ, 28 шілде – Sputnik. Белгілі ғалым, эколог,  техника ғылымдарының докторы, профессор Мұсағали Дуамбеков 59 жасында дүниеден озды. Қаралы хабарды марқұмның әйелі хабарлады.

"Бүгін таңғы сағат 8.00-де жолдасым Мұсағали Сәрсенбайұлы Дуамбековтен айырылып қалдық", - деп жазды жары.

Журналист, мемлекет қайраткері Болатбек Төлепберген ғалымның артында жақсы ісі мен жарқын ізі қалғанын айтты.

"Қазақтың аяулы ұлы, қадірлі аға, Қазақстан Азаматтық альянсының вице-президенті, "Экология" қауымдастығының президенті, техника ғылымдарының докторы, профессор Мұсағали Дуамбековтен көз жазып қалдық. Мұсағали аға елдегі демократия мен азаматтық қоғамның дамуына өлшеусіз үлес қосқан ұлтжанды, мемлекетшіл азаматтардың бірі еді. Еліміздің экологиялық ахуалына алаңдап, талай тың ғылыми жобаларға жетекшілік еткен бірегей ғалымдарымыздың қатарынан табылды", - деді Төлепберген.

Дуамбеков 2011 жылы президент сайлауына үміткер ретінде өзін-өзі ұсынған болатын. Алайда, сайлау алдында өз кандидатурасын алып тастады.

Қазақстан Республикасы президентінің кезектен тыс сайлауы 2011 жылы 3 сәуірде өтті. 

Мұсағали Дуамбековтің өмірбаяны

Мұсағали Сәрсенбайұлы Дуамбеков 1961 жылы 5 мамырда Жамбыл облысының Қаратау қаласында дүниеге келген. Қазақ политехника институтының Қаратау филиалын, қазіргі Мәскеу мемлекеттік құрылыс университетінің аспирантурасын бітірген.

1990-1996 жылдары Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің оқытушысы, аға оқытушысы, деканы болып қызмет атқарды.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда әкім пневмониядан қайтыс болды

1996-1998 жылдары Тараз университеті инженерлік-техникалық мамандықтарының Қаратау оқу-ғылыми методикалық кешені директорының орынбасары, "Кәсіпорындарды тарату және қайта құру агенттігі" АҚ Жамбыл филиалы директорының орынбасары болды.

1998-2000 жылдары Жамбыл мемлекеттік мүлік және жекешелендіру аумақтық комитетінің төрағасы, 2000-2001 жылдары Тараз мемлекетік университеті жанындағы экологиялық-экономикалық мәселелер ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері болып жұмыс істеді.

© SputnikМұсағали Дуамбеков
Президент сайлауында өз кандидатурасын ұсынған қазақстандық ғалым қайтыс болды - Sputnik Қазақстан
Мұсағали Дуамбеков

2001-2003 жылдары табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрінің кеңесшісі, "Қазақстан темір жолы" ҰК" ЖАҚ техникалық департаменті директорының орынбасары болды.

2003-2004 жылдары Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы Ақмола филиалының директоры қызметін атқарды.

2004-2005 жылдары "Жасыл ғаламшар үшін"экологиялық қозғалысы" республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, 2007-2011 жылдары "Экологиялық таза тағам" журналының бас редакторы болды.

2011-2012 жылдары "Қарабура әулие мәдени орталығы" қоғамдық қорының президенті қызметін атқарды.

2012  жылы "Халықтық жемқорлыққа қарсы комитет" қоғамдық қорының президенті болып еңбек етті.

100-ден астам ғылыми мақала мен өнертабыстың авторы. "Қазақстан экологиясы", "Каспий теңізінің экологиялық қауіпсіздігі", "Экологиялық менеджмент"  кітаптары жарық көрген.

Жаңалықтар
0