Қоғам

Министрлік Германиядағы қазақтардың наразылығына жауап берді

© Sputnik / Болат ШайхиновЗдание МИД РК
Здание МИД РК - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қазіргі таңда Германия мен Қазақстан арасында тікелей тұрақты әуе қатынасы жоқ, барлық гуманитарлық көмек чартерлік рейстермен Майндағы Франкфурт қаласынан жеткізіледі

НҰР-СҰЛТАН, 31 шілде – Sputnik. Сыртқы істер министрлігі Германиядағы қазақ диаспорасының гуманитарлық жүгін жеткізуге қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Әлеуметтік желіде тараған видеода European Kazakh Forum-ның төрағасы Өмірхан Алтын қазақстандықтар үшін жиналған гуманитарлық көмектің уақытында жіберілмей жатқанына нарызылық білдірді. Ұйым басшысы өзінің бейнеүндеуін Қазақстанның Мюнхен қаласындағы бас консулдығы алдында тұрып жазған. Себебі дәл консулдыққа тапсырылған гуманитарлық көмек қазақстандықтарға жіберілмеді.

"Біз ақша жинап, ағайын-туысқа ем болады деген ниетпен төрт-бес жәшік жүк дайындадық. Ішінде дәрі-дәрмек, бетперде мен қолғап бар. Осының бәрін айдың 19-ында осында келіп, тапсырған едік. Одан кейін өздеріңізге де осы туралы айтқан едік. Бірақ жақында осындағы бауырларымыз "Аға, сіздердің жүктеріңіз әлі кеткен жоқ" деп айтты. Енді, бұған не дейміз? 19-ында әкелген жүгіміз әлі тұр. Мен амалсыз өзім жіберейін деп тұрмын", - дейді Алтын.

Оның айтуынша, шенеуніктер бір-біріне сілтейді. Жауапкершілік алғысы келмейді. Қосымша құжаттарды сұрайды. Осы орайда Өмірхан Алтын Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрады.  

Сыртқы істер министрлігі осы мәселеге қатысты түсініктеме берді. Ресми жауапқа сәйкес, қазіргі таңда Германия мен Қазақстан арасында тікелей тұрақты әуе қатынасы болмағандықтан, барлық гуманитарлық көмек "репатриациялық" чартерлік рейстермен Майндағы Франкфурт қаласынан жеткізіледі.

"Осыған орай, біздің қазақ диаспорасы мен отандастарымыз тарапынан Германияның түрлі қалаларында, соның ішінде Мюнхенде орналасқан Қазақстанның дипломатиялық миссияларына ұсынылған барлық гуманитарлық жүк Қазақстанның Майндағы Франкфурт қаласында орналасқан Бас консулдығында жинақталып, содан кейін ғана бір үлкен партиямен елге жолданады", - дейді мамандар.

Дипломаттардың сөзіне қарағанда, дәрі-дәрмектер мен медициналық жабдықтар салынған жүктердің тиісті құжаттары болуы қажет. Бұл – Германия мен Қазақстанның кедендік талаптары.

"Қазіргі уақытта ҚР Франкфурттағы Бас консулы Ермұхамбет Қоныспаев қазақ диаспорасының өкілдері – European Kazakh Forum бірлестігі мүшелерімен байланыста. Олар бірлестік жинақтаған гуманитарлық көмекті әрі қарай Қазақстанға жолдау үшін тікелей Қазақстанның Майндағы Франкфурт қаласында орналасқан Бас консулдығына жеткізу бойынша өзара уағдаластыққа қол жеткізді. Тамыз айының ортасында гуманитарлық көмектің келесі партиясын жолдау жоспарлануда", - делінген ресми хабарламада.

Жаңалықтар
0