Қоғам

Қазақстанда 8,5 мың медицина маманы коронавирус жұқтырды

© Sputnik / Владислав ВодневВрач в защитном костюме в больнице с коронавирусом в Нур-Султане
Врач в защитном костюме в больнице с коронавирусом в Нур-Султане - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Өтемақыдан үмітті 123 маманның өтініші мақұлданды. Олардың әрқайсына 2 миллион теңге төленеді, деп атап өтті Алексей Цой 

НҰР-СҰЛТАН, 3 тамыз – Sputnik. Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус жұқтырған медицина мамандарының санын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Елімізде індетті жұқтырған медицина мамандарының саны 8 518 адамға жетті. Ал пневмониямен қанша қызметкердің ауырып қалғаны әзірге белгісіз. Бірақ коронавируспен күрес шаралары кезінде пневмонияға шалдыққан әріптестеріміз өтемақыға өтініш берсе, біз қолдау жасаймыз. Барлық құжатты көтеріп, комиссияның қарауына жібереміз", - деді вице-министр Ажар Ғиният орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Оқи отырыңыз: Министр карантин қандай жағдайда ұзартылатынын айтты 

Ал денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, осы уақытқа дейін 123 маманның өтініші мақұлданған. Олардың әрқайсына 2 миллион теңге көлемінде өтемақы төленеді. Басқа өтініштер қаралып жатыр. Алайда министр нақты санын атамады.

"Қазір ондай ақпарат жоқ. Себебі өтініштер әрьөңірдегі комиссияларда қаралады", - дейді Цой.

Айта кетейік, шілденің соңында коронавирус инфекциясын жұқтырған және одан қайтыс болған дәрігерлерге өтемақы беру тәртібі өзгерді. Денсаулық және еңбек министрлерінің бірлескен бұйрығына сәйкес, енді коронавируспен ғана емес, вирустық пневмониямен ауырған және одан қайтыс болған медицина мамандарына да өтемақы төленеді. Бірақ ауруды жұқтыру дерегі эпидемияға қарсы күрес шаралары кезінде тіркелуі шарт. Ал пневмонияның клиникалық белгілері коронавирусқа ұқсас болуы қажет.

Барлық өтемақы мемлекеттік сақтандыру қорынан төленеді. Атап айтқанда, медицина маманы COVID-19 коронавирус инфекциясын жұқтырған немесе вирустық пневмонияға шалдыққан жағдайда 2 миллион теңге мөлшерінде өтемақы төленеді. Ал осы аурулардан қайтыс болса, оның отбасы мүшелеріне 10 миллион теңге беріледі.

Жаңалықтар
0