12:00 19 Қыркүйек 2020
Тікелей эфир
  • USD420.76
  • EUR498.60
  • RUB5.60
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
11691 0 0

Жиналғандармен кездесуге президент әкімшілігінің арыз-шағымдарды қарау бөлімі басшысының орынбасары Данияр Қадыров шықты

НҰР-СҰЛТАН, 4 тамыз – Sputnik. Қазақстанда тіркелмеген Демократиялық партияның жетекшісі Жанболат Мамай және жақтастары Ақорданың алдында жиналды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бұған дейін Мамай 4 тамызда Ақордаға барып, 100 мың адамның арызын тапсыратынын хабарлаған болатын. Барлығы кредитті кешіруді талап етіп отыр. Осыған орай, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына арнайы хат та әзірленген. 

"Қазақстанда халықтың бір бөлігіне ғана төленген 42 500 теңге мардымды көмек деп айта алмаймыз. Бұл күнкөріске жетпейтін, табысынан айрылған елге қолдау болатын ақша емес. Оның үстіне, жұмыссыз қалып, айлығынан қағылған халықты қыспаққа алып отырған басты әлеуметтік мәселе — несиелік борыш болып отыр. Бүгінгі таңда 5.3 миллион халықтың 4.4 триллион теңгені құрайтын несиелік борышы бар. Оны халық қазір төлей алмай отыр", – делінген хатта. 
Толпа собралась у правительственных зданий, чтобы передать обращение Токаеву
© Sputnik / Стрингер
Кредиттің кешірілуін сұраған хатты Тоқаевқа тапсыру үшін үкімет үйінің алдына жиналған адамдар

Сондай-ақ, хат иелері несиелік амнистия жариялауға ақша жоқ деген сылтауға сенбейтіндерін жеткізеді.

"Сіздің сөзіңізге сенсек, Ұлттық қорымызда 90 миллиард доллар қаражат бар. Одан бөлек, тәуелсіздік жылдарында офшорға 140 миллиард доллар аударылған. Сол ақшаны неге қайтармасқа? Ұлттық қордың қаржысын неге қолданбасқа? Осы уақытқа дейін банктеріне көмек алып келген олигархтарды өз қаржысын Қазақстанға қайтарып, қарызын төлетуге неге мәжбүрлемеске? Біз сізге хат жазуымыздың себебі де осында", – дейді олар.

Бүгін Жанболат Мамай бір топ адамдармен бірге Ақордаға хатты және арыздарды тапсыру үшін жиналған. Оның әлеуметтік желідегі парақшасында видео жарияланды.

"Біз 100 мыңға жуық халықтың несиелік амнистия бойынша арызын тапсырғалы отырмыз. Сол үшін жиналдық. Барлығымызда медициналық бетперде мен қолғап бар. Әлеуметтік арақашықтықты сақтап, тәртіп бұзып тұрған жоқпыз. Мақсатымыз – осы арыздарды тапсыру. Бір айдай уақыт береміз. Егер біздің талаптарымыз орындалмайтын болса, онда митингке шығуға мәжбүр боламыз", – дейді Мамай.

Хат пен арыздарды тапсыруға келгендер алдымен жолаушылар көпірі арқылы Ақордаға қарай өтпек болған. Бірақ олардың жолын құқық қорғаушылар бөгеді. Одан кейін министрліктер үйінің екінші аркасына барып еді, ол жақтан да бір топ сақшыларға тап болды. Содан соң президент әкімшілігінің арыз-шағымдарды қарау бөлімі басшысының орынбасары Данияр Қадыров шықты. Ол барлық арызды қабылдауға әзір екенін жеткізді.

Оқи отырыңыз: Қаржы министрлігі үкіметтен көмек алу үшін не істеу керек екенін түсіндірді

Президент әкімшілігінің азаматтарды қабылдау кабинеті министрліктер үйінде орналасқан. Карантинге байланысты оған адамдардың шектеулі санын ғана кіргізді.

Кейіннен Жанболат Мамай өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында барлық арыздың қабылданғанын мәлімдеді.

Кілт сөздер:
Ақорда, кредит
Загрузка...

Басты тақырып