Қоғам

Полиция басшысының туыстары халықтан кешірім сұрады – видео

© Sputnik / Рамиль Ситдиков / Медиабанкке өтуЧетки в руках, архивное фото
Четки в руках, архивное фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев бұл оқиғаға қатысты қызметтік тексеріс өткізуді тапсырды

НҰР-СҰЛТАН, 4 тамыз – Sputnik. Ақтауда жаназасына жүздеген адам жиналған Бибіжамал Әбләзімованың сіңлісі Күлжан Сырбайқызы халыққа бейнеүндеу жолдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бұған дейін желіде Ақтаудағы жаназаның видеосы тараған болатын. Ресми ақпаратқа сәйкес, ІІМ генерал-майоры, Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің басшысы Мақсұтхан Әбләзімов пен бизнесмен Бахаридин Әбләзімовтің анасы Бибіжамал Әбләзімова 79 жасында өмірден озды. Оны жерлеу рәсіміне жүздеген адам жиналған болатын.

"Құрметті, Қазақ елінің азаматтары! Әулетімізде апам осындай қазаға ұшырап, ауыр жағдайға тап болдық. Қазасына ешкімді шақырған жоқпыз. Біз келген адамға кет деп, есігімізді жаба алмадық. Бірақ барлық санитарлық жағдайды ескеріп, арнайы төрт-бес адамды қойдық. Кірген адамға арақашықтықты сақтаңыздар, бәрімізге денсаулық пен амандық керек деп, айтып отырдық", – дейді Сырбайқызы.

Марқұмның туысы қателіктер болса, түсіністікпен қарауға өтініш жасады. Бибіжамал апаның өзі кетер кезде жаназасына адам көп жиналса, біреу вирус жұқтырып алады деп қорықты. Содан ешкім келмесін деп өтініш жасаған. Бірақ халық көп жиналды.

"Енді, айыппұл саламыз десе, оның бәрін көтереміз. Анамыз үшін, бауырымыз үшін көтереміз. Бізге халықтан үлкен ешкім жоқ. Халық болмаса, біз кімбіз? Қазақта "жалғыз ағаш орман болмайды, жалғыз адам қорған болмайды" деген сөз бар. Мен халықтан ешкім ауырмасын, елім аман, жұртым тыныш болсын деп тілеймін. Осы жағдайға түсіністікпен қараса екен деген өтінішім бар", – деді Сырбайқызы.

Оқи отырыңыз: Министрлік Ақтаудағы жаназаға қатысты тексеріс бастады – видео

Полиция ақпараты бойынша Бибіжамал Әбләзімованы жерлеу рәсімін ұйымдастырған адамдар карантинді бұзғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылады. Осы тәртіп бұзушылық үшін 30 айлық есептік көрсеткіш (83 340 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған. Ал ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев бұл оқиғаға қатысты қызметтік тексеріс өткізуді тапсырды.

Жаңалықтар
0