Қоғам

Табысын жоғалтқан 2,3 миллионнан астам қазақстандық біржолғы төлем алды

© Sputnik / Абзал КалиевТелефон, деньги, 42 500 тенге
Телефон, деньги, 42 500 тенге - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Біржолғы төлем алған қазақстандықтарға карантиннің ұзартылуына байланысты қосымша ақы автоматты түрде тағайындалады. Ал өтініш қабылдау 2020 жылдың 1 қыркүйегіне дейін жалғасады

НҰР-СҰЛТАН, 24 тамыз – Sputnik. Қазақстанда карантин шаралары енгізілуіне байланысты табысынан айырылғаны үшін 2 миллион 376,8 мың адам 42 500 теңгеден әлеуметтік төлем алды, деп хабарлайды еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

"Шілде айында шектеу шараларын енгізуге байланысты табысынан айырылған жағдайда мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан біржолғы төлем тағайындауға азаматтардан 2 миллион 589 мыңнан астам өтініш қабылданды. Ал төлем мөлшері ең төменгі жалақы – 42 500 теңгеге тең", – делінген хабарламада.

Толық төлемді 2 миллион 376,8 мың қазақстандық алса, тамыз айында карантиннің ұзартылуына байланысты 21 250 теңге мөлшерінде қосымша ақыны 2 миллион 368,2 мың адамның шотына аударылған. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасуда.

Өтінімнің басым бөлігі қай арна арқылы түсті

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлем алуға өтінімдер бірнеше арналар арқылы қабылданады. Атап айтқанда:

– 834,5 мың адам проактивті форматта төлем тағайындауға келісім берген;

– 679,5 мың адам Egov.kz порталы және telegram-боттар арқылы;

– 410,3 мың адам 42500.enbek.kz порталы арқылы;

– 664,5 мың адам екінші деңгейдегі банктердің мобильдік қосымшалары мен интернет-ресурстары арқылы;

– 0,4 мың адам штабтар арқылы өтініш берген.

Азаматтар санаты қалай бөлінді

– 834,5 мың өтініш бірыңғай жиынтық төлем төлеушілерден келген (проактивті форматта);

– 263,6 мың өтінішті жалдамалы қызметкерлері үшін жұмыс берушілер берген;

– 1 миллион 491,1 мың өтініш азаматтардың басқа санаттарынан келіп түсті (жеке кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатын адамдар, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын жеке тұлғалар).

Төлем 2 миллион 382,8 мың адамға тағайындалды. Ақшалай қаражат 2 миллион 376,8 мың қазақстандыққа аударылды.

Айта кетейік, Қазақстан аумағында карантиннің 2 аптаға созылуына байланысты МӘСҚ-тан біржолғы төлем алушыларға 0,5 ЕТЖ (ең төменгі жалақы) – 21 250 теңге мөлшерінде қосымша ақы төленеді.

Оқи отырыңыз: "42 500 теңгеге өмір сүре аласыз ба?": шенеунік сауалға сауалмен жауап берді

2020 жылдың шілдесінде МӘСҚ-тан біржолғы төлем алған қазақстандықтарға карантиннің ұзартылуына байланысты қосымша ақы автоматты түрде тағайындалады. Қайта өтініш берудің қажеті жоқ.

Карантин ұзартылғаннан кейін біржолғы төлем тағайындауға алғаш рет өтініш берген азаматтарға төлем 1,5 ЕТЖ немесе 63 750 теңге (42 500 + 21 250 теңге) мөлшерінде тағайындалады.

Өтініш қабылдау 2020 жылдың 1 қыркүйегіне дейін жалғасады.

Жаңалықтар
0