Қоғам

Әрбір оқушыға – 40 мың теңге: әкім ақшаның неге қолға берілмейтінін түсіндірді

© Sputnik / Тимур БатыршинШкольник
Школьник - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Үкіметтің қаулысына сәйкес, көмек ретінде бөлінген қаражат нақты мақсатқа жұмсалуы шарт, яғни, оған мектепке қажетті заттар сатып алу қажет

НҰР-СҰЛТАН, 24 тамыз – Sputnik. Елорда әкімі Алтай Көлгінов тұрмысы төмен отбасылардан шыққан оқушыларға 40 мың теңгеден ақшалай көмектің неліктен қолға берілмейтінін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Ата-аналар бұл қаражатты қолымызға беріңіз деп сұрады. Біз де соны қаладық. Бірақ заң бойынша біз олай жасай алмаймыз. Себебі үкіметтің қаулысына сәйкес, көмек ретінде бөлінген қаражат нақты мақсатқа жұмсалуы шарт, яғни, мектепке қажетті заттар сатып алу қажет. Ал біз әрбір тиынның есебін беруіміз керек", - деді Көлгінов Тамыз конференциясының онлайн мәжілісінде.

"Балаларды алып кету керек": Білім министрлігі биылғы өзгерістерді жариялады

Әкімнің айтуынша, бүгінде мектеп заттарын сататын дүкендер анықталған. Отандық бизнеске басымдық беріліп отыр. Сол жерде қаржылай көмекті жұмсауға болады. Ал 40 мың теңге баланың санына қарай бөлінеді.

"Мысалы, отбасыда төрт бала болса, әр балаға 40 мың теңгеден 160 мың теңге беріледі. Үш бала болса, 120 мың теңге. Біздіңше, бұл жақсы қолдау", - деп атап өтті Көлгінов.

40 мың теңге қалай үлестіріледі?

Ресми мәліметке сәйкес, астанада 40 мың теңгені 17 мың оқушы алады. Қаржылай көмек арнайы электронды жүйеге "әлеуметтік бірліктер" ретінде түседі. Оны баланың "Transcard" мектеп-көлік картасы арқылы тек мектепке қажетті заттарға ғана жұмсауға болады. Барлық қаражат "Всеобуч Қамқор" электронды жүйесі арқылы үлестіріледі.

"Мұғалімдер осы жүйеге өз мектептеріндегі әлеуметтік осал топтарға жататын оқушылар туралы ақпарат енгізеді. Ал ақшалай қаражат "Всеобуч Қамқор" электронды порталында "Әлеуметтік бірліктер" түрінде аударылады. Ал "Transcard"  мектеп-көлік картасы оқушыларды анықтау құралы ретінде пайдаланылады", - дейді мамандар.

Мектеп заттары қалай сатылады?

Әр сауда орны NFC функциясы бар смартфонмен және жоба аясында жасалған қосымшамен қамтамасыз етіледі.

Сатушы телефон арқылы:

  • көлік картасындағы қолжетімді ақшаны тексереді;
  • оқушы таңдап алған тауардан сатып алынған заттардың тізімін жасайды;
  • көлік картасын телефонға жақындатқан кезде сатушы тауар сомасын есептеп алады;
  • шотта қаражат жетіспеген жағдайда сатушы жеңілдік бере алады немесе қолма-қол ақшамен/картамен қосымша төлемді ала алады.

Мектеп көлік карталарын жасау үшін Қошқарбаев даңғылы 50/1 мекенжайында орналасқан  "City Transportation Systems" ЖШС орталық кассасына  бару керек. Мектеп көлік картасына "Әлеуметтік бірліктерді" аударуға өтініш қалдыру үшін оқу орнындағы әлеуметтік педагогке немесе 556-960, 550-179 нөмірлері арқылы хабарласу керек.

"Сондай-ақ пайдаланушыларға ыңғайлы болу үшін мектеп көлік картасына transcard.kz сайтында онлайн тапсырыс беруге болады", - дейді компания қызметкерлері.

Жаңалықтар
0