Қоғам

Сағынтаев кезекші сыныптарға студенттер сабақ береді деген ақпаратты жоққа шығарды

© Sputnik / Абзал КалиевПарты с разметкой для соблюдения социальной дистанции в дежурном классе
Парты с разметкой для соблюдения социальной дистанции в дежурном классе  - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Алматының білім саласы қызметкерлерінің форумында Сағынтаев кезекші сынып оқушыларына тәжірибелі мұғалімдер сабақ беретінін айтты

АЛМАТЫ, 27 тамыз — Sputnik. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев бірінші сыныпқа баратын оқушыларға сабақ беруге педагогикалық жоғары оқу орындарының түлектері немесе соңғы курс студенттері тартылады деген ақпаратқа түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Алматының білім саласы қызметкерлерінің "Алматының білім болашағы: жаңа жағдайдағы перспективалық шешімдер" форумында Бақытжан Сағынтаев кезекші топтардағы 1-2 сынып оқушыларына тәжірибелі мұғалімдер сабақ беретінін атап өтті.

"Бірінші сынып оқушыларының ата-аналары жоғары оқу орындарының тәжірибесіз түлектері немесе соңғы курс студенттері сабақ береді екен деп алаңдаушылық білдіріп жатыр. Бұған жол берілмейді. Мектеп табалдырығын жаңадан аттаған балалармен тәжірибелі мұғалімдер жұмыс істейтін болады. Еш күдіктенбеңіздер. Білім басқармасына тиісті тапсырмалар беремін", - деді Алматы әкімі.

Алматы қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, форумда жаңа жағдайда оқу процесін ұйымдастыру мәселелері талқыланып жатыр. Оның ішінде кезекші топтарда санитарлық қауіпсіздікті сақтау, қашықтан оқытуды ұйымдастыру, педагогтар мен мұқтаж оқушыларды компьютерлік техникамен және интернетпен қамтамасыз ету мәселелері де қаралды.

Сонымен қатар балабақшалар мен мектептерде орынмен қамтамасыз етудің өзекті мәселелері де талқылануда.

Айта кетейік, Алматыда бірінші қыркүйектен бастап 1-2 сынып оқушылары үшін кезекші сыныптар ашылады. Баласын кезекші сыныпқа беру үшін ата-ана мектеп директорының атына өтініш жазуы керек. Оны кез келген байланыс құралы арқылы сынып жетекшісіне жібере алады.

Басты талап – санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау. Сол себепті кезекші сыныпта 15 баладан артық болмайды. Әр партада бір бала отырады.

Сабақ 40 минутқа созылады, кесте балалар үзіліске түрлі уақытта шығатындай етіп құрылады.

Жаңалықтар
0