23:20 23 Қыркүйек 2020
Тікелей эфир
  • USD423.41
  • EUR496.91
  • RUB5.57
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
1362 0 0

Жаңа оқу жылының басталуына үш күн қалды. Биыл оқушылар бірінші тоқсанды онлайн форматта оқитын болады

АЛМАТЫ, 28 тамыз — Sputnik. Оқу жылына басты дайындық – қажетті техникалық құрылғы және интернетпен қамтамасыз ету. Себебі шалғай ауыл тұрмақ, қаланың, облыс орталығының өзінде ғаламторға қолы жетпей отырған қаншама отбасы бар. Sputnik Қазақстан тілшісі Түркістан қаласында тұратын көпбалалы отбасылармен байланысқа шығып, жаңа оқу жылына дайындығын сұрады. 

Бес балаға бір телефон

Бес баласы мектепте оқитын Айметовтер отбасы жаңа оқу жылына еш дайындығы жоқ екенін ойлап уайымдап отыр. Себебі қолдарында интернетке қосылатын бір ғана телефон бар. Балаларына техникалық құрылғы сатып алуға жағдайы жетпейді, себебі бір ғана адам жұмыс істейді. 

Гүлчехра Изетуллаева балалары оқитын №20 Расул Есетов атындағы мектепте еден жуушы болып жұмыс істейді, күйеуі – жұмыссыз. Мектепте жүріп алатын жалақысы – 60 мың теңге, бес балаға алатын 55 мың жәрдемақыны азық-түлікке жұмсайды.

"Ертең онлайн оқу басталады, үйде жалғыз телефон бар. Оған интернет те жоқ. Бір айға арнап қосатын тариф жетпей қалады, оған көктемде көзіміз жетті. Тұңғышым 9-сыныпта оқиды, кішкентай балам 3-сынып оқушысы. Бір телефонмен WhatsApp арқылы оқыдық. Оқыды деген аты ғана, жасы кіші үш балам оқып қатырмады. Анда-санда тапсырмасын жіберіп отырды, себебі үлкендер сабақ орындап болғанша көп уақыт кетеді", - дейді бес баланың анасы.

Ол жаңа оқу жылында балаларының қалай оқитынын білмей отыр. Айтуынша, кеше ата-аналар мектеп директорына кіріп, WhatsApp арқылы оқуға рұқсат сұраған.

"Алайда бұл шешімді мектеп директоры қабылдамайды екен. Алты, жеті баласы бар ата-ана көп. Бәрінде осы жағдай. Телефон алып бере салатын жағдайы да жоқ, себебі қазір бәрі жұмыссыз отыр. Көп баланың ата-анасы дәмхана, тойханада жұмыс істейтін, олар жабық тұр", - дейді Изетуллаева.

Бұған дейін мектеп басшылығы бірнеше рет ноутбук жағынан көмектесіп, интернет жоқ болса, оны да қосып беретінін айтқан. Ал кеше оқушыларға қай уақытта техникалық құрылғы табысталатынын айтпаған.

"Үйге бір компьютер мен интернет керек. Үлкен баламның қолында да ұялы телефоны жоқ, себебі бала-шағаға телефон алып беретін жағдай жоқ. Күйеуім жұмыссыз. Өзімнің айлығым 60 мың теңге. Қолымдағы бір телефонды сабақ басталған кезде үйге тастап кетемін", - дейді ол.

Ауданға интернет тартылмайды

Түркістан қаласының тұрғыны, 37 жастағы Айгерім Мұстиярова алты баланы өсіріп отырған күміс алқа иегері. Күйеуі Шымкент қаласында зауытта жұмыс істейді, өзі үй шаруасындағы әйел. Алты баласының кенжесі үш жаста, қалған бес бала №20 Расул Есетов атындағы мектепте оқиды. 

Көктемде бес баласы бір телефонды қолданып, WhatsApp арқылы оқыған. Бір телефонға телміріп, таңнан кешке дейін бірге сабақ оқыған соң, үйдің екі үлкеніне телефон сатып алған. Енді 2, 4, 6 сыныпта оқитын балалары бір телефонмен оқиды деп отыр.

"Үйде компьютер де, интернет те жоқ. Көктемде балалар бір телефонды қолданып сабақ оқыды. Кешке дейін барынша үлгеріп, тапсырмаларды жіберіп отырдық. Уақыт-уақытпен бөліп, өзім қадағаладым. Бірінші кішкентай оқыды, одан кейін телефонды үлкендері алды. Олар өздері оқыды, ал кішкентайларына кемі жарты сағат уақыт кетті, кейде 2-3 сағаттап өлең жаттады", - дейді күміс алқа иегері.

Көпбалалы отбасы
© Photo : Жүсіповтер отбасының жеке архивінен алынды
"Үйде компьютер де, интернет те жоқ"

Айтуынша, жуырда мектеп басшылығы Zoom арқылы жиналыс өткізіп, ата-аналардың шағымын тыңдаған.

"Екі үлкен балама телефон алып бердім, қалған үшеуі бір телефонмен оқиды. Мектепке барып, уақытша қолдануға компьютер сұрағанымызда өздеріңіз салып алыңыздар деді. 20 тамызда мектепке барып, 990 теңгелік тарифті сұрадым, әлі күнге дейін жауабын бермеді. Қалада тұрсақ та, біздің ауданға интернет тартылмаған, яғни Wi-Fi қосылмайды. "Қазақтелекомға" барғанымызда, біз тұратын ауданға интернет қосу қарастырылмағанын айтты", - дейді әйел.

Айтуынша, отбасы тұратын көшеде ешкімнің үйінде Wi-Fi жоқ, көршілері де интернет қоса алмай дал болып отыр. Енді әйел абоненттік орталықтарға барып, тиімді тарифті іздеп жүрмін дейді.

Отбасының айлық табысы – 168 мың теңге. Күйеуі зауытта жүк тасушы болып жұмыс істейді. Әйел алты баласына жәрдемақы алады, күміс алқа иегері екені ескеріліп, 88 мың теңге алып отыр. Қазір мектепке форма алмағанымен, сабақты мектепке барып оқитын кезде алуға тура келеді. Себебі былтыр алған аяқкиімі де, көйлек те шақ келмей қалады. 

"Әдетте қосымша кітаптарының өзіне әр балаға 5-6 мың теңге кетеді. Ал кітап жағынан қиындық жоқ, кеше мектепке барып кітаптарын алып келдік", - дейді Айгерім Мұстиярова.

Үш бала көмекке мұқтаж

Sputnik Қазақстан тілшісі сөйлескен екі тұрғынның үлкен ұлдары бір сыныпта оқиды. Сынып жетекшісі Жансая Шорабекова сыныбында үш оқушының көмекке мұқтаж екенін жасырмады.

"Сыныпта 13 оқушы бар, төрт оқушының үйінде компьютер, ноутбук бар. Әрине, оның өзі жеке бір балаға арналмаған, отбасы мүшелерінің бәріне ортақ техника. Тағы бес бала телефон арқылы оқимыз деп отыр, үш бала көмекке мұқтаж. Мектептің әлеуметтік педагогы көмекке мұқтаж оқушылар туралы мәліметтер алды", - дейді Шорабекова.

Мектеп басшылығы әкімдік пен демеушілер тарапынан көмек көрсетілетінін айтқан.

Екі балаға бір компьютер беріледі

Ресми ақпаратқа сәйкес, Түркістан қаласында 44 324 оқушы бар. Оның 38,5%-і - әртүрлі әлеуметтік мәртебесі бар балалар, яғни 17 093 бала көпбалалы, тұрмысы төмен отбасынан. Бұл тізімге жетім қалған балалар мен ерекше білім беруді қажет ететін балалар да кіреді. 

Түркістан қаласының адами капиталды дамыту бөлімі мамандарының айтуынша, қала оқушыларына 8 926 дана компьютер мен ноутбук, планшет беру жоспарда бар. Бір отбасыдағы екі балаға бір техникалық құрылғы беріледі.

"Мектептерге тарату жүргізіліп жатыр. Бір апта ішінде отбасыларға, оқушыларға толық жеткізіледі", - деді ведомство мамандары.

Жаңа оқу жылы

Коронавирус пандемиясына байланысты Қазақстанда 2020-2021 оқу жылы қашықтан оқыту форматында басталады. Жаңа оқу жылында республиканың 7391 мектебінде 3,3 миллионнан астам бала білім алады. 396 мыңнан аса бүлдіршін бірінші сыныпқа барады. Карантинге байланысты мектептерде оқу жылының басталуына арналған шаралар онлайн өтеді. Балалар мектепке бармайды, шараға байланыс құралдары арқылы қатысады.

Шалғай ауылдарда оқушы саны аз шағын мектептерде сабақ дәстүрлі форматта өтеді. Балалар мектепке барып оқиды. 

Ал басқа мектептерде ата-аналардың өтінішімен 1-4 сынып оқушылары үшін кезекші сыныптар ашылады.

Кезекші сыныптарда сабақтың ұзақтығы – 40 минут, ал онлайн режимде 15 минуттан 30 минутқа созылады. Мұғалімдер мен оқушыларға арналған "Білім" тарифі бірінші қыркүйектен бастап іске қосылады.

Тақырып бойынша

Баланы онлайн оқуға қалай дайындау керек – психологтар кеңес берді
Мұғалімдер мен оқушыларға арналған тариф 1 қыркүйектен бастап іске қосылады
Нұр-Сұлтанда үш мың кезекші сынып ашылады
Жаңа оқу жылында оқушылар үшін сабақ 30 минуттан аспайды
Елордалық оқушылар үшін 34 мың компьютер сатып алынады 
Кілт сөздер:
телефон, бала, оқу жылы, көпбалалы отбасы
Загрузка...

Басты тақырып