Қоғам

ҰБТ-да 138 балл жинаған түлек грантынан айырылып қалды

© Photo : Минобразования РКЕНТ-2020
ЕНТ-2020 - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Ұлттық тестілеу орталығы ҰБТ кезінде түсірілген видеоны зерттеген, оның қорытындысы бойынша 158 түлектің тест нәтижесі жойылды

НҰР-СҰЛТАН, 31 тамыз – Sputnik. ҰБТ кезінде түсірілген видеолар зерттеліп, оның қорытындысы бойынша 97 түлек грантынан айырылды. Оның ішінде 138 балл жинаған бала бар. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов хабарлады.

"ҰБТ бейнежазбаларының қорытындысы бойынша 158 тест тапсырушының нәтижесі жойылды, олардың 97-сі грант иегері атанған болатын (соның ішінде 138 балл алған түлек те бар). Соған орай, әділ тапсырған, бірақ грантқа өтпеген 97 бала 2 апта ішінде грант иегерлері атанып, тіркелетін болады. Толығырақ ҰТО парақшасында жариялайтын боламыз", - деп жазды Смағұлов.

Оның айтуынша, тест кезінде тәртіпті қамтамасыз ететін кезекшінің өзі заңбұзушылыққа барған фактілер анықталған.

"Видеодан қандай "батырлықпен" сұрақ кітапшасын фотоға түсіріп отырған баланы денесімен жауып тұрғанын көруге болады. Кем дегенде оның білім беру саласынан жұмыстан босатылуын, ал одан бетер шара ретінде қатал жауапкершілікке тартылуын талап ететін боламыз", - деді ол.

Айта кетсек, білім және ғылым министрлігі биыл ҰБТ қорытындысы бойынша түлектердің 68%-і шекті балл жинағанын хабарлаған еді.

Жаңалықтар
0