Қоғам

Президент жолдауы: бір жылдың ішінде қандай өзгерістер болды

© Официальный сайт Президента КазахстанаКасым-Жомарт Токаев принял участие в международной конференции, посвященной 25-летию Конституции Казахстана
Касым-Жомарт Токаев принял участие в международной конференции, посвященной 25-летию Конституции Казахстана - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық, сондай-ақ балаларға қатысты қылмыстардың жазасы күшейтілді

НҰР-СҰЛТАН, 1 қыркүйек – Sputnik. Бүгін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы халыққа жолдауын жариялайды. Бұл – оның екінші жолдауы. Sputnik Қазақстан Тоқаевтың бірінші жолдауында айтылған негізге мәселелерге шолуды ұсынады. 

Халық үніне құлақ асатын мемлекет

Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің алғашқы жолдауын 2019 жылы 2 қыркүйек күні жасаған болатын. Сол кезде мемлекет басшысы сайлауға дейін берген барлық уәдесін орындайтынын мәлімдеді. Елбасы саясатының сабақтастығын сақтай отырып, жүйелі реформаларды қолға алатынын жеткізді. Ал баршаға ортақ міндет ол – "Күшті президент – ықпалды парламент – есеп беретін үкімет" формуласы негізінде "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын іске асыру. Осы орайда президент нақты төрт тапсырма берді. Олар:

  • Партия құрылысы үдерісін жалғастыру;
  • Халықпен тиімді кері байланыс орнату;
  • Митингілер туралы заңнаманы жетілдіру;
  • Қоғамдық келісімді нығайту.

Қазақ тілі ұлтаралық қатынас тіліне айналады

Президент өз жолдауында партиялық құрылыс үдерісін жалғастыру туралы айтқанда парламент мен үкімет арасындағы қарым-қатынасқа да тоқталды. Осы орайда өз міндетін де атады.  

"Заң шығарушы және атқарушы билік арасындағы қарым-қатынас жасанды тартысқа емес, іскерлік сипатқа, өзара құрметке негізделуі тиіс. Мемлекет басшысы ретінде елімізде көппартиялықты, саяси бәсекелестікті және ой-пікірдің сан алуандығын дамытуға ықпал етуді өз міндетім деп санаймын", - деді Тоқаев.

Ал қоғамдық келісімді нығайту міндеті аясында тіл мәселесін қозғады. Қазақстанда этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасала береді. Президенттің ойынша, болашақта қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезі де келеді.

"Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек. Сондай-ақ, тіл үлкен саясаттың құралы екенін де ұмытпаған жөн", - деп атап өтті Тоқаев өзінің алғашқы жолдауында.

Қылмыстық жаза күшейтілді

Бір жыл бұрын мемлекет басшысы жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық, сондай-ақ балаларға қатысты қылмыстардың жазасын шұғыл түрде қатайтуға тапсырма берді. Бұдан бөлек, екі инспектордың өлімінен кейін браконьерлік үшін жазаны күшейтуді жүктеді. Осы тапсырмалардың барлығы орындалды.

Президент алғашқы жолдауында құқық қорғау саласын реформалау мәселесіне де тоқталды. 2020 жылдың аяғына дейін әкімшілік полиция комитетінің жұмысын қайта ұйымдастыруды тапсырды.  

Зейнетақы қорындағы ақшаны пайдалана аламыз ба?

Тоқаевтың жолдауынан кейін микро және шағын бизнес табысқа салынатын салықтан үш жылға босатылды. Сондай-ақ, осы санаттағы кәсіпкерлік нысандардарға тексеріс жүргізуге үш жылға тыйым салынды.

Сол кезде мемлекет басшысы жұмыс істейтін азаматтар өздерінің зейнетақы жинағының бір бөлігін белгілі бір мақсатқа, соның ішінде баспана сатып алуға немесе білім алу үшін пайдалану мәселесін жыл соңына дейін пысықтауды тапсырған болатын. Үкімет жұмыс тобын құрып, бірнеше ұсынысты қарастырған. Алайда әзірше нақты бір шешім жоқ.  

Коронавирус жоспарды түбегейлі өзгертті

Жалпы, бірінші жолдауда біраз мәселе қамтылды. Соның ішінде жоғары білімнің сапасын арттыру, ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану, ана мен бала өлімі, зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балалар мен БЦП диагнозы қойылған балалар мәселесі, шағын және орташа оңалту орталықтарының желісін кеңейту, мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысын көтеру және тағы басқа өзекті шаралар бар.  

Ал экономикалық дамуға шолу жасағанда президент 2025 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің жыл сайынғы тұрақты өсімін 5 процентке және одан да жоғары деңгейге жеткізуге болатынын айтқан. Алайда коронавирус пандемиясы осы жоспарды түбегейлі өзгертті.   

Екінші жолдауда не айтылады?

Бүгін парламент палаталарының бірлескен отырысында мемлекет басшысы өзінің жыл сайынғы халыққа жолдауын жариялайды.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа экономикалық бағытты әзірлеу жұмыстары жүріп жатқанын айтқан еді. Ол алдағы жолдаудың негізгі бөлігін құрайды, деді президент.

Парламент палаталарының бірлескен отырысы сағат 11-де басталады. Жолдауды барлық республикалық телеарна тікелей эфир арқылы көрсетіп, негізгі радиостанциялар тікелей толқында таратады.

Жаңалықтар
0