Қоғам

Кезекші сынып мұғалімдерінің жалақысы артады – қосымша қаржы қайдан алынады

© Sputnik / СтрингерУчитель измеряет температуру первокласснику перед уроком
Учитель измеряет температуру первокласснику перед уроком  - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қазіргі кезде кезекші сыныптардың ашылуына байланысты мектептерде тарификациялық тізімдер әзірленіп жатыр. Онда әрбір мұғалімнің жүктемесі жазылады

НҰР-СҰЛТАН, 9 қыркүйек – Sputnik. Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова кезекші сыныптарға сабақ беретін мұғалімдердің жалақысы қалай көтерілетінін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Педагог мамандардың еңбекақысы жүктемеге қарай төленеді. Сондықтан кезекші сыныптарға сабақ беретін мұғалімдердің жалақысы да сағаттың көлеміне қарай беріледі. Әрине, бір сыныпты 15 баладан екі топқа бөлгенде сағаттың көлемі артады, жүктеме де көбейді. Мұның барлығы ескеріледі", - деді Асылова орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Оның айтуынша, қазіргі кезде кезекші сыныптардың ашылуына байланысты мектептерде тарификациялық тізімдер әзірленіп жатыр. Онда әрбір мұғалімнің жүктемесі жазылады.

"Тарификациялық тізімдер бекітілгеннен кейін мұғалімдердің жалақысын төлеуге қосымша ақша қажет болса, жергілікті атқарушы органдар осы шығындарды өтеу бойынша шешім қабылдайды. Білім министрі де бізге тиісті тапсырма берді. Жергілікті атқарушы органдарда қаражат жетпей жатса, аймақтардың қажеттілігін өтеуге қажетті ішкі резервтерді іздейтін боламыз", - деп атап көрсетті Асылова.

Айта кетейік, бұған дейін білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов кезекші топтарға сабақ беретін мұғалімдердің жалақысын көтеру тәртібін түсіндірген болатын. Министрдің айтуынша, мұғалім сабақты оффлайн және онлайн форматта бере алады. Ол жағынан ешқандай шектеу жоқ. Ал қосымша жүктеме үшін берілетін ақша үстемеақыға жатпайды. Бұл – тариф бойынша төленетін жалақы.

Жаңалықтар
0