17:37 23 Қыркүйек 2020
Тікелей эфир
  • USD423.41
  • EUR496.91
  • RUB5.57
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
655520

Түркістан облысының Сайрам ауданында тұратын ерлі-зайыпты 11 жыл бұрын ішкі істер органына жұмысқа орналасып, сол жылы отбасын құрған. Шаңырағы сезім мен сенімге толы жұп бүгінде үш бала өсіріп отыр – тұңғышы 10 жаста, ұлы 7 жаста, кенжесі 3 жаста

АЛМАТЫ, 15 қыркүйек – Sputnik. 2009 жылы шаңырақ көтерген учаскелік полиция инспекторы Ерлан Сырлыбаев пен ювеналды полиция инспекторы Айдын Абдуллаева бұл күнде екі қыз, бір ұл өсіріп отыр. Еңбек өтілі мен өмір жолдары астасқан жұп Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында бір салада қызмет етудің артықшылығы, отбасылық ғұмырдың қызығы мен қиындығы туралы айтып берді.

Отыз жастағы Айдын осыдан 13 жыл бұрын өзінің болашақ жарымен оқуға түскен кезде танысқан. Екеуі де Түркістан облысының тумасы. Оқу орнының табалдырығын аттаған кезде 150 жігіттің арасында Айдынның көңілі Ерланға ауып, іштей қалаған екен. Уақыт өте келе сол сезімнің ұшқыны сүйіспеншілікке ұласып, екеуі жігіт-қыз болып кездесе бастайды. Тағы бір жыл артта қалып, диплом алған соң шаңырақ көтерген.

Ерлан Сырлыбаев пен Айдын Абдуллаева 2007 жылы танысып, екі жылдан кейін шаңырақ көтерген
© Photo : Ерлан мен Айдынның жеке архивінен
Ерлан Сырлыбаев пен Айдын Абдуллаева 2007 жылы танысып, екі жылдан кейін шаңырақ көтерген

"Мектепті бітірген соң Шымкент қаласындағы заң колледжіне оқуға түстім. Екеуміз сол жерде таныстық. Ол кісі менен жеті жас үлкен, оқуға түскенге дейін стоматолог болып жұмыс істеген. Екінші мамандық алу үшін колледжге құжат тапсырған. Енді міне, оқуды бітіріп, 11 жылдан бері бірге жұмыс істеп келе жатырмыз", - дейді Абдуллаева.

Махаббат оқиғасы

"Оқуға түскен соң бірінші қыркүйекте танысып, жатақханаға орналасу үшін жиналдық. Студенттер арасында жеті взвод болды. Екеуміз бір взводқа түстік. Ол топтың командирі болды. Бірінші курста 150 ер адам, 12 қыз оқыдық. Сол күні-ақ қыздар әңгіме айтып отырып, көп жігіттің ішінен бір-бір жігітті таңдап, "менікі" деп әзілдесе бастадық. Сол кезде менің таңдауым Ерланға түсті", - дейді ол.

Айтуынша, екі жас бір жыл бойы дос ретінде араласып жүрген. Арасында Ерлан Сырлыбаев бойжеткенге ілтипат танытып, сезімінің бар екенін көрсетіп жүрген. Оқу орнында бір партада отырып, 2-курсқа өткен кезде ресми түрде кездесуге ұсыныс жасаған.

"Бірінші курсты аяқтаған соң бізді жазда бір ай демалысқа жіберді. Сол кезде кездесіп, сезімін білдірді. Көп ұзамай ата-анамыз бір-бірімен танысып, сырға салып қойды", - дейді Абдуллаева.

Екі жас 2009 жылы тамызда оқуды бітіріп, қазан айында тойлары болады. Айдын Абдуллаеваның әкесі мен бауыры қарулы күштер қатарында қызмет еткендіктен, олар күйеу жігіттің салмақты болмысына қарап, сынақтан өткізбеген көрінеді.

Отау құрған екі жас – Ерлан мен Айдын жоғары оқу орнына бірге құжат тапсырып, қатар жүріп білім алуды жалғастырады.

Ерлан мен Айдын екі қыз, бір ұл өсіріп отыр. Баласының тұңғышы – 10 жаста, ұлы – 7 жаста, кенжесі – 3 жаста.
© Photo : Ерлан мен Айдынның жеке архивінен
Ерлан мен Айдын екі қыз, бір ұл өсіріп отыр. Баласының тұңғышы – 10 жаста, ұлы – 7 жаста, кенжесі – 3 жаста.

Отбасылық өмір

Ерлан Сырлыбаевтың айтуынша, ол бала күнінен полицей болуды армандаған. Он жылдан астам ішкі істер органдарында қызмет етіп, бүгінде полиция майоры болды.

"Жұбайым өзіммен қатар полицияда қызмет етеді. Оның бұл қызметте жұмыс істегенін қолдаймын. Ол тек балаларымыздың тәрбиесімен ғана емес, профилактикалық есепте тұрған кәмелетке толмағандарды тәрбиелеумен де айналысады", - дейді Сырлыбаев.

Айдың Абдуллаеваның айтуынша, жұмыс пен отбасылық өмірді қатар алып жүру оңай емес. Алайда, арасында балаға қарайтын көмекші ұстап, екі анасының арқасында қызметін күйеуімен қатар атқарып жүр.

"Жұмыс көп болып кетсе, анамыз келіп көмектеседі. Арасында балаларды өзімен бірге алып кетіп жүрді. Карантин кезінде балалар үйде болды, әжелері келіп біраз уақыт қарады. Себебі, біз таңертең ерте жұмысқа кетеміз де, мен кешкі жетіде үйде боламын. Ал жолдасым түнгі он екіге дейін жұмыста жүретін кездері болады", - дейді Абдуллаева.

Айтуынша, күйеуі көп уақытын жұмыста өткізеді. Алайда қолы қалт етсе, балалармен асыр салып ойнаудан қашқан емес.

"Жолдасым да, мен де өте салмақты адамбыз. Бос уақытымызды бір-бірімізге, балаларымызға арнаймыз. Қанша жыл өтсе де жұмыс бабына байланысты арамызда кикілжің болған емес. Бір-бірімізге сенеміз, себебі таныстарымыз да, жұмыс істейтін ортамыз да – бір. Екеуміз де түнгі кезекшілікке түсеміз, бірақ артық сұрақпен бір-бірімізді мазаламауға тырысамыз", - дейді әйел.

Қызметтің қиындығы

Ерлі-зайыпты полиция қызметкері болудың отбасыға қалай әсер ететінін айтып берді. Олардың отбасында балалары ренжіп қалатын жағдай жиі болып тұрады. Отағасы оның себебін мейрам күндері құқық қорғаушылардың күшейтілген режимде жұмыс істеуімен байланыстырады. Сондықтан да ерлі-зайыпты отбасы мүшелерінің туған күнін атап өтуге ерекше көңіл бөледі.

Қазір карантин кезінде балалардың оқуы онлайн форматқа ауысқан. Айдын Абдуллаева онлайн сабақтың да қиынға соғып жатқанын жасырмады. Себебі, ол таңертең жұмысқа кеткенімен, қызының тапсырмалары ұялы телефонына келіп тұрады. Барлық істің ретін тауып жүрген әйел жұмыс күні аяқталған соң тапсырмаларды орындап, мұғалімге жіберіп жүр.

"Осы күндері жұмыстан келе салып баланың сабағына кірісемін. Одан бөлек үй шаруасын да істеу керек. Қызмет пен үйдің жұмысын алып жүру оңай емес. Десек те, бастаған істі аяғына дейін жеткізіп, абыроймен зейнетке шыққымыз келеді", - деді әйел.

Жұмыс барысындағы кездесу

Ерлі-зайыптының бір жағдайға байланысты шақыртуға бірге баруы – өте сирек. Тек, отбасылық жанжал туралы хабар түскен кезде ғана бірге барып жұмыс істеуі мүмкін. Өйткені, Айдын – жасөспірімдер инспекторы, ал Ерлан – ересектер ісімен айналысады.

"Бірде отбасылық жанжал шығып, шақыртумен сол үйге бардық. Ішімдік ішкен отағасы отбасының шырқын бұзып жатыр екен. Бала-шағасын үйінен қуып, түнде ішімдікке жұмсаған. Сол кезде жолдасым ер адамды алып кетіп, оны наркологиялық бөлімге тапсырды", - дейді әйел. 

Адамдармен жұмыс істеу қиындап барады

Айдын Абдуллаева балаларының полиция қатарында қызмет еткенін қаламайды. Олар заманға сай жан-жақты саланы меңгерсе екен деп тілейді.

"Қазір онлайн форматта жұмыс істеуге болатынын көріп отырмыз. Сол себепті балалар болашақта бірнеше мамандықты қатар алып жүрсе деймін. Олардың жан-жақты болып өскенін қалаймын, қазірдің өзінде соны айтып отырамын. Құқық қорғау органдарында қызмет ету оңай емес. Өйткені, адаммен жұмыс істеу де қиындап барады", - дейді Абдуллаева.

Оқи отырыңыз: Полицей әйел жалғызбасты әкеге үш баланы тәрбиелеуге көмектесіп жүр – видео

Айтуынша, формамен жүрген кісінің мінін көпшілікке көрсетуге асығып тұратындар аз емес. Ал жақсы, игі істі екінің бірі көрсете бермейді.

"Адамдармен тіл табысудың қиындағаны сол, кейбіреулер бас салып ашуланып, мінез көрсетіп, айтқан сөзіңді тыңдамай, айғай шығарып жатады", – дейді ол.

Бүгінде Ерлан Сырлыбаев – полиция майоры, Айдын Абдуллаева – полиция капитаны
© Photo : Ерлан мен Айдынның жеке архивінен
Бүгінде Ерлан Сырлыбаев – полиция майоры, Айдын Абдуллаева – полиция капитаны

Қазіргі кезде Ерлан Сырлыбаев – полиция майоры, ал Айдын Абдуллаева – полиция капитаны. Абдуллаеваның айтуынша, бұған дейін екеуі де қызметтік шенді қатар алып жүрген. Ал Айдынның майор шенін алуы үшін аға инспектор қызметін атқаруы тиіс. Бірақ ол жерде бос қызмет орны жоқ.

Айдын бұл мәселеге тек қызмет барысында болатын жағдай ретінде қарайды. Сол себепті отағасымен сөзге келмейтінін, ол кісіден жоғары тұруға ұмтылмайтынын жеткізді.

Ерлан Сырлыбаев та отбасын қызмет бабымен араластырмайтынын айтып, әр отбасыға береке тіледі.

Тақырып бойынша

Желіде балалардың Қордайда жүрген полицей әкесіне жазған хаты жарияланды
Министр көшеде полицей тоқтатса, не істеу керектігін айтты
Мұқтаж отбасының пәтер жалдау ақысын төлеп берген ақтөбелік полицей марапатталды
Алматыда полицей ұйықтап жатқан адамды ажалдан құтқарды
Полицей Қазақстанның туын алу үшін суға түсті – видео
Кілт сөздер:
ерлі-зайыптылар, полицей
Загрузка...

Басты тақырып