Қоғам

Парламентте тұрмысы төмен отбасылар үшін азық-түлік қорын құру ұсынылды  

© Sputnik / Болат ШайхиновЗдание парламента Казахстана
Здание парламента Казахстана - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Ақылбек Күрішбаев тұрақтандыру қорларының тиімділігіне күмән келтірді. Себебі онда сыбайлас жемқорлық көріністері басым

НҰР-СҰЛТАН, 17 қыркүйек – Sputnik. Сенат депутаттары тұрмысы төмен қазақстандықтар үшін азық-түлік тауарлары қорын қалыптастыру қажет деп санайды. Бұл туралы сенатор Ақылбек Күрішбаев премьер-министр мен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрайымына жолдаған депутаттық сауалында айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Депутат пандемия және экономикалық дағдарыстың салдарынан елдегі өмір сүру деңгейі төмендеп жатқанына алаңдады. Айтуынша, қазір бір отбасының табысы негізінен тек азық-түлік сатып алуға ғана кетеді.

"Сондықтан азаматтарымыз үшін азық-түлік бағасын мемлекеттік реттеу, олардың маусымдық қымбаттауын төмендету мәселесі өмірлік маңызы бар сұраққа айналды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, бұл мақсатқа бюджеттен 30 миллиард теңгеге жуық ақша бөлінген. Алғашында, бағаны тұрақты ұстап тұру үшін өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары ауыл шаруашылығы өнімдерін тікелей отандық тауар өндірушілерден қажетті көлемде сатып алып, олардың сақталуын қамтамасыз етіп, азық-түлік қымбаттаған кезде нарыққа сатуға шығарып отырды. Қазір болса, кейбір облыстар, әсіресе ірі қалалар сауда субъектілеріне пайызы өте төмен несие беруге көше бастады. Ал сауда орталықтары кейбір тауарларды белгілі бір уақыт аралығында бекітілген бағамен сатуға ғана міндеттеледі. Бұл ретте көптеген сұрақ туындайды", - деді Күрішбаев.

Біріншіден, сауда орталықтарын таңдау принципі түсініксіз. Ол жеңілдетілген кредит неге кейбір таңдаулыларға ғана берілетінін сұрады.

Оқи отырыңыз: 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап еңбекақы төлеу жүйесі өзгереді 

Екіншіден, депутаттың айтуынша, азық-түлік бағасының елеулі құбылуы кезінде оның ең төменгі шегін алдын ала болжау өте қиын. Өйткені, ауылшаруашылығы өнімдерінің бағасы маусым бойынша ғана емес, жыл сайын өзгеріп отырады.

Оған қоса, азық-түліктің ағымдағы бағасын анықтайтын мониторинг жүйесінде де біраз дәлсіздік бар, деп санайды сенатор.

"Сондықтан бұл жобада сауда орталықтары үшін алдын ала белгіленген бағалардың дұрыстығы күмән тудырады. Төртіншіден, бұл схемада сауда орталықтары тек отандық ауылшаруашылығы тауарларын алуға міндеттелмеген. Басқаша айтқанда, қазақстандық фермерлер өз өнімін өткізе алмай жүргенде, бюджет қаражаты шетелдік өндірушілерді қаржыландыруға жұмсалып жатыр", - деп ашуланды Күрішбаев.

Сенат депутаты тұрақтандыру қорларының тиімділігіне күмән келтірді. Себебі онда сыбайлас жемқорлық көріністері басым, деп жалғастырды ол.

"Менің ойымша, бұл мәселемен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі шындап айналысуы керек. Осы жұмыстың қоғам үшін ерекше маңыздылығын ескеріп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының негізгі түрлерінің бағасын тұрақтандыру тұжырымдамасын түбегейлі өзгерту керек деп санаймын", - деді халық қалаулысы.

Депутаттар бағаны реттеу жөніндегі мемлекеттік шаралар барлық тұрғынға  пайдалы болуы үшін осы қорға сатып алынатын азық-түлік тауарларының көлемін ұлғайту қажет деп есептейді.

"Егер аталған мақсаттарға бюджет қаражатын көбейту мүмкіндігі болмаса, ақшаны бұлай шашпай, тікелей тұрмысы төмен отбасылар санатын қолдауға көшкен дұрыс. Ол үшін халықтың тұрмысы нашар топтарына арнап, әлеуметтік азық-түлік тауарларынан қор қалыптастыру қажет", - деді Күрішбаев.

Айтуынша, азық-түлікті сатып алу және оларды сақтау, тасымалдау, өткізу жөніндегі қызметтерді фьючерстік келісімшартпен конкурстық негізде тек отандық тауар өндірушілермен жасау қажет. Бұл мақсаттарға ұзақ және жеңілдетілген бюджеттік несиелерді қарастыру тиімді.

Сенатордың пікірінше, мұндай тәсіл бюджет ақшасын пайдаланудың тиімділігін арттырып қана қоймай, бірінші кезекте, мұқтаж халықтың нақты топтарын атаулы түрде қолдауға мүмкіндік береді.

Жаңалықтар
0