Қоғам

Алматыда COVID-тен жазылғандар оңалту орталығына ағылып жатыр: мамандар себебін түсіндірді

CC0 / StockSnap / Человек протягивает руку к солнцу
Человек протягивает руку к солнцу - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Мамандардың айтуынша, емханадағы реабилитологтардың қорытындысымен ауру санатына қарай шипажайларға жолдама алуға болады

НҰР-СҰЛТАН, 25 қыркүйек – Sputnik. Коронавирустан жазылып шыққандар медициналық оңалту орталықтарына ағылып жатыр. Әсіресе, психикалық тұрғыдан көмекке зәру жандар көп, деп хабарлайды КТК арнасы.

Емханада физикалық жаттығулардан бөлек, әр адамның хәліне қарай түрлі курстар бар. Сандуғаш есімді келіншек коронавирус дертінен айыққанымен, үрейінен арыла алмаған. Ол Алматыдағы оңалту орталығына алғашқылардың бірі болып жазылып, қазір жайсыз көңілі қалпына келіпті.

"Емделген соң оңалту орталығына келдім. Екі-үш апта бойы тыныстап демалу жаттығуларын жасап, осындай күйге жеттім. Жақсы болып қалдым" деген ол мұндай қызмет өзіне ұнағанын айтады.

Алматыдағы №4 қалалық емхана тамыздан бері Сандуғаш секілді 70 науқасқа көмек берген. Мұнда келген әр адамға вирус түрлі әсер қалдырған. Оларға физикалық, психологиялық жаттығу, массаж секілді түрлі ем ұсынылады.

"Әрбір бағдарлама жекелей қаралады. Спорттық жаттығу оңалтудың ең үлкен бөлшегі және қосымша бізде массаж кабинеттері бар. Сондай-ақ, инемен емдеу мен тыныс алуды емдейтін қосымша тұз шахтасы да бар", – дейді емхана реабилитологы Айгүл Сұлтанбек.

Емханада тіркелген науқастар еш кедергісіз осы емнің бәрін тегін қабылдайды. Тек, қолында ПТР-тест қорытындысы болуы шарт. Оңалту курсы он күнге созылады. Ал мұнда келуге мүмкіндігі жоқтарға мамандар онлайн жаттығу өткізеді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында әр науқас санатына қарай оңалту орталығына жолдама алады.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының төрағасы Болат Төкежанов өте ауыр дәрежедегі КВИ немесе пневмониямен ауырғандар тәулік бойы стационарда екі кезең оңалтуға жатқызылатынын айтады.

"Кейіннен үшінші кезеңге ауыстырылады. Орташа ауыр КВИ, пневмонияны басынан өткізген жандар стационар деңгейінде, оның ішінде санаторияық курорттық жағдайларда, күндізгі стационарда оңалту ем-шараларын қабылдайды", – дейді ол.

Оқи отырыңыз: Белгілері ұқсас: дәрігер коронавирус пен тұмауды қалай ажыратуға болатынын айтты

Мамандардың айтуынша, тіркелген емханадағы реабилитологтардың қорытындысымен ауру санатына қарай шипажайларға жолдама алуға болады. Өйткені, осындай оңалтуға әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан биыл 46 миллиард бөлініпті. Шипажай, емхана, тағы да басқа емдеу, демалыс орындары бар жалпы 559 мекемемен келісім-шарт жасалған.

Жаңалықтар
0