Қоғам

Депутат қазақстандықтарға әскери-патриоттық тәрбие беруді заң жүзінде бекітуді ұсынды

© Sputnik / Iliya Pitalev / Медиабанкке өтуПосетители фотографируются у танка Т-34 на выставке вооружений Международного военно-технического форума (МВТФ) "Армия-2020"
Посетители фотографируются у танка Т-34 на выставке вооружений Международного военно-технического форума (МВТФ) Армия-2020 - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Жыл сайын əскери қызметке шақырылуға жататын азаматтардың саны 300 мыңға жуық болса, соның 40 мыңының ғана денсаулығы әскери борышын өтеуге жарамды, дейді депутат

НҰР-СҰЛТАН, 1 қазан – Sputnik. Сенат депутаттары Қазақстан әскерінің беделін көтеру үшін әскери-патриоттық тәрбие беруді заңнамалық тұрғыда бекіту қажет деп санайды. Бұл туралы сенатор Нұржан Нұрсипатов үкімет басшысының орынбасарына жолдаған депутаттық сауалында айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Оның айтуынша, депутаттық сауалға әлі де тиісті деңгейде жүргізілмей жатқан, назарсыз қалып қойған күрделі мәселе себеп болды. Ол – жастарға әскери-патриоттық, отаншылдық рухта берілуі тиіс тәрбие. Ал бұл, ең алдымен, әскери-патриоттық тәрбиеден басталады. 

"Әлемде болып жатқан саяси-экономикалық дағдарыс, пандемия жағдайында әр мемлекет ішкі мәселелеріне, әсіресе, білім, ғылым, медицина, мәдениет, ұрпақ тәрбиесіне, қауіпсіздік пен қорғаныс саласына ерекше мән бере бастады. Осы орайда, Қазақстанның да әскери- патриоттық тәрбиеде заман сұранысына сай өз көзқарасы мен өз педагогикалық, сондай-ақ, болашақ сарбаз тәрбиелеудегі методикалық төл тәсілдері қалыптасуы керек деп ойлаймыз", - деді Нұрсипатов.

Айтуынша, бүгінде жыл сайын əскери қызметке шақырылуға жататын азаматтардың саны 300 мыңға жуық болса, соның 40 мыңының ғана денсаулығы әскери борышын өтеуге жарамды. Әскер қатарына шақыру қағазын алған қазақстандықтардың 25,4%-і әскери қызметке психологиялық және моральдық тұрғыда дайын емес.

"Әскери қызметтен жалтару мәселесі әлі де күн тәртібінен түскен жоқ. Ал, президент үкіметке Қазақстан әскерінің беделін көтеру жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Осы орайда айтарымыз: бұл жұмысты нәтижелі жүргізу үшін бірнеше мемлекеттік орган жұмылуы керек. Қорғаныс, ақпарат және қоғамдық даму, білім және ғылым, мәдениет және спорт министрліктері күш біріктіруі қажет", - деп санайды сенатор. 

Насихат жұмысы аясында әскери-патриоттық рухты, мәдениет пен ұлттық тарихты, ұлт батырларын, өз кәсібінің шебері болған отандық әскери тұлғаларды насихаттайтын хабарлар, фильмдер түсіріліп, кітаптар шығарылып, интернет-контент жасалуы керек. Мұндай өнімдердің  қаралымы көп, таралымы кең болуы үшін оны көрерменге ұсыну формасы да заманға сай болуы қажет.

"Сауалымыздың ең маңызды тұсы: әскери-патриоттық тәрбие мәселесінің қолданыстағы заңнамада бекітілмегендігі. "Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы күштері туралы", сондай-ақ "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" заңдарының ескі, 1993 жылғы редакцияларында тәрбие мәселесі тапсырма ретінде бекітілген еді. Алайда, жаңа заңдарда бұл тапсырмалар, заңға тәуелді нормативтiк-құқықтық актiлердің деңгейіне түсірілген", - дейді ол.

Осыған орай, сенаторлар әскери-патриоттық тәрбие беру жұмыстарын жүргізуді мемлекеттік органдардың басты тапсырмаларының бірі ретінде заңнамалық тұрғыда бекітуді, олардың өзара жұмысын үйлестіру және насихаттау жұмыстарында заманауи ақпарат құралдарын белсенді пайдалану мәселелерін қарастыруды сұрады.

Жаңалықтар
0