Рамазан айының он артықшылығы туралы не білесіз?

© Sputnik / Анатолий Устиненкомұсылмандар
мұсылмандар - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Биыл Рамазан айы 6 мамыр күні басталып, 4 маусымда аяқталады

НҰР-СҰЛТАН, 7 мамыр — Sputnik. Әлемге көз салсақ, Алла Тағала әр нәрсені өзінше ерекше етіп жаратқанын көре аламыз, әр нәрсенің өзіндік ерекшелігі бар. Бұл – Алла Тағаланың хикметі. Сол үшін де адам мен адам, мекен мен мекен, уақыт пен уақыт бір-біріне ұқсай бермейді. Әрқайсысының өзіндік ерекшелігі, өзіндік қасиеті бар.

Осындай ерекшелігі және қасиетімен ерекшеленген уақыттың бірі – Рамазан айы. Бұл айдың өзге айлардан он артықшылығы бар. Соларды атап өтсек:

1. Рамазан айының әуелгі түнінің артықшылығы. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұл туралы:

"Рамазан айының әуелгі түні келісімен жындардың бұзақылары мен шайтандар кісенделеді. Тозақ есіктері жабылып, оның ешбірі ашылмайды. Жәннат есіктері ашылып, оның ешбірі жабылмайды. Әр түні шақырушы (періште): "Әй, жақсылық іздеуші, қабыл ал! Әй, жамандық көздеуші, пейіліңнен қайт!" – дейді. Онда Алланың тозақтан босататындары болады. Әрі бұл (Рамазан бойы) әр түнде орын алады", – дейді.

2. Рамазан айында жәннат есіктері ашылып, тозақ есіктері жабылады. Бұған қатысты Пайғамбарымыз (с.ғ.с):

"Бұл келген Рамазан айы, онда жәннат есіктері ашылып, тозақ есіктері жабылады, шайтандар кісенделеді", – деген.

Тағы оқыңыз: Бас мүфти қандай жағдайда оразаның сауабы болмайтынын айтты

3. Рамазанның оразасы – шайтанды кісендейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) тағы бір сөзінде: "Егер Рамазан айы келсе, жәннат есіктері ашылып, жәһаннам есіктері жабылады, шайтандар кісенделеді", – дейді.

4. Рамазан айының оразасы күнәларды жуып-шаяды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтады:

"Күнделікті орындалған бес уақыт намаз, әрбір жұма намазына қатысу, Рамазан сайын ұсталған ораза, осы аралықта, үлкен күнәдан басқа жасалған кіші күнәлардың бәрінің кешірілуіне себеп болады", – дейді.

5. Рамазанда жасалған кіші қажылықтың сауабы еселене түспек.

6. Бұл айда Құран түскен. Алла Тағала Құранда айтады:

"Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім рамазан айында болса, ораза ұстасын. Ал біреу науқас не сапарда болса, басқа күндерде санын толтырсын. Алла сендерге оңайлық қалайды, ауыршылық қаламайды. Сендерді тура жолға салған Аллаға шүкірлік етулерің үшін санын толтырыңдар. Әрі Алланы ұлықтаңдар".

7. Бұл айда қасиетті Қадір түні бар. Алла Тағала бұл кешке толық бір сүрені арнаған. Онда: "Қадір түні мың айдан артық", – деген.

Тағы оқыңыз: Оразаға қатысты жиі қойылатын сұрақтардың жауабы– видео

8. Бұл айда тарауық намазы оқылады. Бұл айда мұсылман қауымы бір ай бойы Пайғамбар ( с.ғ.с) сүннетін жандандырып, тарауық намазын оқиды. Ол намазды мешітте жамағатпен оқып, бір-бірімен бауырластығын арттырып, мешітті намазбен тірілтеді.

9. Иғтикаф. Рамазан айының соңында иғтикаф жасау – сүннет амал. Айша анамыз (р.а): "Пайғамбар (с.ғ.с) қайтыс болғанға дейін Рамазанның соңғы он күнінде иғтикаф жасайтын. Кейіннен жұбайлары иғтикаф жасады", – деген.

Имам Абу Дәуід иғтикафтың хикметін "асқазан мен жүректі артық нәрселерден босатып, жекеше қалып Аллаға қарай беттеу" деп түсіндірген.

10. Рамазан – жомарттық пен Құран оқу айы. Ибн Аббас (р.а) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) Рамазандағы халін сипаттап:

"Алла елшісі (с.ғ.с) адамдар арасында ең жомарт жан болатын. Рамазан айы туып, Жәбірейіл (ғ.с.) періштемен жиі жолыққанда, одан өткен мәрт адам болмайтын. Жәбірейіл періште Рамазан айының мүбәрак әр түнінде Пайғамбарымызға (с.ғ.с) келіп, екеуі бірге Құран оқитын. Алла елшісі (с.ғ.с) Жәбірейіл (ғ.с.) періштемен жолыққан кездерінде жер бетіне береке әкелетін желден де  жомарт болып кететін еді", – деген, деп жазады muslim.kz.

Жаңалықтар
0