"Шошитын еді": Ұлы Абайдың ұрпағы елордада қалай тұрып жатқанын айтты

© Sputnik / Абзал КалиевҚазақ ақыны Абай Құнанбайұлының ұрпағы
Қазақ ақыны Абай Құнанбайұлының ұрпағы - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Ұлы ойшылдың жиеншары Ләйлә Баймағамбетова отбасымен бірге елордаға он жыл бұрын қоныс аударған, қазір зейнетте

НҰР-СҰЛТАН, 15 қыркүйек – Sputnik, Нұргүл Абай. Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында ақынның ұрпағының шаңырағында қонақ болып, сұқбаттасудың сәті түсті. Жасы жетпіске тақап қалған Ләйлә Баймағамбетова отбасымен бірге елорданың шет жағындағы көпқабатты үйде тұрады. Әңгіме барысында Ләйлә Мұхлесқызы хәкім Абай туралы естеліктерімен бөлісті.

Абайдың ұрпағы кіммен тоқтап тұр?

Ләйлә Баймағамбетова – Абайдың бәйбішесі Ділдәден сүйген тұңғыш баласы Ақылбайдан тарайды.

"Ақылбайдан Әлімқұл, Әлімқұлдан – менің анам Қауаш. Шешем 1910 жылы туып, 1988 жылы дүниеден өтті. Енді ұрпақ жалғайтын ұл баласы ғой. Анамның Бағфур деген бауыры болған. Сол Бағфурдан Айдар, Айдардың ұлы Данияр. Ол қазір отбасымен Алматыда тұрады. Үш қызы бар, әйелі орыс. Сондықтан Абайдың ұрпағы әзірге Даниярмен тоқтап тұр", - деді ақынның жиеншары.

© Sputnik / Абзал КалиевЛәйлә Мұхлесқызы әңгімені шежіреден бастады
Шошитын еді: Ұлы Абайдың ұрпағы елордада қалай тұрып жатқанын айтты - Sputnik Қазақстан
Ләйлә Мұхлесқызы әңгімені шежіреден бастады

Соңғы рет ақынның ұрпақтары Абайдың 160 жылдық мерейтойында бас қосқан.

"Басқа қалада тұратындықтан, көп араласпаймыз. Тек Мағауияның ұрпақтары Ищағы және Ғазел тәтелермен үнемі байланыста болдым", - деді Баймағамбетова.

Ақын жиеншарының қазіргі өмірі

Ләйлә Мұхлесқызы – Абай Құнанбайұлының ғана емес, ертекші Баймағамбеттің де ұрпағы. Арғы атасы Баймағамбет – Абайдың сенімді серігі, арқа сүйер досы болған.

"Абай қалтасында ешқашан көп ақша ұстамаған. Көбінесе менің атама беріп қояды екен. Баймағамбет жайлы "Абай жолы" романында да кездеседі. Абай тіпті ол кісіге арнап өлең де шығарған. Бір қызығы, атам Баймағамбет – Абайдың жақын досы болса, оның әкесі Мырзахан Құнанбайдың серігі болған", - деп әңгімеледі ойшылдың ұрпағы.

Ләйлә Баймағамбетова – орыс тілі пәнінің мұғалімі. Ұзақ жылдар оқу-ағарту саласында еңбек еткен. Кейін Семейдегі Абай музейіне ауысқан. Астанаға қоныс аударғанына он жылдың жүзі болыпты. Жары Өскенбаймен бірге бір ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген. Қазір зейнетте.

Зұлмат жылдар

Ақынның ұрпақтары тағдырдың талай тауқыметін тартты. "Байдың баласы" деген желеумен қуғын-сүргінге ұшырады.

"Қолымызда Абай атамыздың көзі тірісінде ұстаған бірде бір дүниесі қалған жоқ. Бәрі де тәркіленді. Абай ұрпақтарының тағдыры өте ауыр болды. Оның ұрпақтары неге некен-саяқ? Себебі сол заманда Құнанбайдың ұрпақтарының ізіне түсті. Абайдың Тұрағұл деген ұлы екі рет абақтыға жабылды. Ақыры Алматыны паналауға мәжбүр болды. Ол жерде Мұхтар Әуезовпен жолығып, жазушының түрткі болуымен әкесі жайлы естелік кітап жазды", - деп еске алды Баймағамбетова.

© Sputnik / Абзал КалиевАбай ұлдары Ақылбай және Тұрағұлмен бірге
Шошитын еді: Ұлы Абайдың ұрпағы елордада қалай тұрып жатқанын айтты - Sputnik Қазақстан
Абай ұлдары Ақылбай және Тұрағұлмен бірге

Ақынның шөберелерінің дені соғысқа аттанып қаза тапса, енді бірі ашаршылық жылдарында көз жұмыпты.

"Мағауияның өлімі ауыр тиді"

"1904 жылы мамыр айында Абайдың сүйікті ұлы Мағауия (Мағаш) сырқаттанып қайтыс болды. Ол небәрі 34 жаста болатын. Мағауияның қазасы Абайға өте ауыр тиді. Мағашты жер қойнына тапсырғаннан кейін, өзі де ауырып қалды. Қалың ойға батты. Ешкіммен сөйлеспеді. Отыр десе, отырады, тұр десе, тұрады. Бірде ағасы Тәңірберді келіп, "анадан төртеу едік, енді сенен де айырылғанымыз ба?" деп көзіне жас алады. Сонда Абай "қорқақ мың өледі, батыр бір өледі" деген екен", - деп еске алды Баймағамбетова.

© Sputnik / Абзал КалиевАқынның жиеншары Абайдың 175 жылдық мерейтойы кезінде Жидебайға баруды жоспарлап отыр
Шошитын еді: Ұлы Абайдың ұрпағы елордада қалай тұрып жатқанын айтты - Sputnik Қазақстан
Ақынның жиеншары Абайдың 175 жылдық мерейтойы кезінде Жидебайға баруды жоспарлап отыр

Мағауияның өлімінен кейін Абай көп ұзамай Балашақпақ деген жерде дүниеден өтті.

"23 маусым болатын. Ағайын-туыс ақынды Ақшоқыға жерлейміз деді. Ол жерде әкесі Құнанбай, баласы Әбдірахман жатыр. Күн ыстық еді, молда қарсы болды. Сөйтіп, он шақты жігіт түнделетіп, Жидебайға апарып жерлейді. Қазір ол жерде Абай, інісі Оспан, Шәкәрім, Ахат жатыр", - деді ол.

Осы орайда, ұлы ойшылдың ұрпағы хәкім Абайдың туған күнін 23 тамызда емес, 10 тамызда атап өтетінін жеткізді. Айтуынша, ақынның ата қонысы Жидебайға сәті түскенде барып тұруға тырысады екен. Абайдың 175 жылдық мерейтойы кезінде де ат басын бұруды жоспарлап отыр.

Бауыржан Момышұлымен танысқан сәт

Ләйлә Баймағамбетованың бағына Кеңес одағының батыры Бауыржан Момышұлымен танысу бұйырыпты.

"1967 жыл еді. Мектеп бітіріп, Алматыға жол тартқан кезім. Ищағы тәтемен Бауыржан Момышұлының үйіне қонаққа бардым. Ол кісі мені қасына отырғызып, ақ батасын берді. Даусы әлі құлағымда. Бірнеше тіл біледі. Өте керемет жан еді", - деп еске алған ол Бауыржан Момышұлының сыйға тартқан кітабын көрсетті.

Кітаптың алғашқы бетінде қазақ батырының қолтаңбасы бар екен.

"Абай қазіргі қоғамнан шошитын еді"

Баймағамбетова ойшылдың қара сөздерін оқыған сайын, қалың ойға шомып, қапаланатынын жасырмады.

"Меніңше, Абай қазіргі қоғамнан шошитын еді. Ол адамгершілікті, адамдықты, достық пен әділдікті бағалаған жан. Ал қазіргі адамдар билік пен ақшаға ұмтылады. Соңғы кезде "рухани жаңғыру" деп жиі айтады ғой. Менің ойымша, рухани жаңғыру әр адамның өзінен басталуы керек. Адамдардың мәдениеті төмендеп барады", - дейді ақынның ұрпағы.

Оның пікірінше, Абай мен қазақ елі егіз ұғым. Кемеңгер ақынды қазақтың төлқұжаты дейтіні де сондықтан. 

Жаңалықтар
0