11:52 08 Шілде 2020
Тікелей эфир
  • USD409.19
  • EUR461.24
  • RUB5.67
Руханият
Қысқа сілтеме алу
393420

Сағат Жылгелдиев пен Жібек Лебаева 1971 жылы театрда танысып, бір жылдан кейін отбасын құрады. Ол кезде екеуі небәрі 18 жаста болды

АЛМАТЫ, 15 мамыр – Sputnik, Айгерім Таубай. Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Сағат Жылгелдиев пен Жібек Лебаеваның отау құрғанына және бір сахнада жүргеніне жарты ғасырға жуық уақыт болды. Бір ұл, екі қыз өсіріп, он немере сүйіп отырған қос актер Sputnik Қазақстан тілшісіне отбасы, шығармашылық жолы айтып берді.

Баянды іздеген Қозы

Сағат Жылгелдиев 16 жасында қазіргі Ғабит Мүсірепов атындағы академиялық театрда студияда оқып жүрген. Екінші курста оған Қозының рөлі беріліп, режиссер Әзірбайжан Мәмбетов Баянның рөліне актриса іздейді. Осы кезде Құрманғазы атындағы консерваторияның екінші курсында білім алып жүрген Жібек Лебаеваны актриса Шолпан Жандарбекова Баянның рөлін сомдауға жібереді. Екі жас 1971 жылы театрда танысқан.

Қозы мен Баян болып танысып, Қаракөз бен Сырымның образын сомдады
© Photo : Жылгелдиев пен Лебаеваның жеке архивінен
Қозы мен Баян болып танысып, Қаракөз бен Сырымның образын сомдады

"Есіктен кірген кезде қарадым да, осындай да әдемі қыз болады екен-ау деп отырып қалдым. Жүрегім біртүрлі болып кетті. Нағыз Баян осындай-ақ болған шығар деп ойладым" – деп еске алды Жылгелдиев.

Сол алғаш танысқаннан бері жарты ғасыр өтсе де жарымның көзқарасы,тазалығы өзгеріссіз қалды, дейді ол.

"Жылдардың салатын өрнегі бар. Жас кезімізден бері қаншама образ сомдадық, әр рөлде адамның бойына кішкентай да болса образ сіңеді. Пенде болған соң қуанатын, жылайтын кездерді бастан өткересің. Адамды жылдар, уақыт өзгертеді. Алайда өмірдің ағымында адам бойында өзгермейтін қасиеттер бар. Ал Жібектің бойында ол – тазалығы. Ұстазымыз Қадиша Бөкеева адамның болмысы оның жүрегінің айнасы – көзі деп айтатын. Осыдан жарты ғасыр бұрын алғаш кездескендегі көзқарасы жанарымда сақтаулы тұр", - деп жалғастырды Сағат Жылгелдиев.

Екі жас танысқан күні құдды бұрыннан таныс кісіше Қозы мен Баянның рөліне дайындалған. Артынша тіл табысып, ұстазының "әртіс болма, адам бол" деген сөзін басшылыққа алған жұп 1972 жылы отбасын құрған. Ол кезде екеуі небәрі 18 жаста болды.

Екі жыл екі қалада тұрған

"Қозы мен Баян болып таныстық, кейіннен менің Ақаным болды. Біржанның рөлінде ойнады. Қазақтың маңдайына біткен қыздардың бәрін ойнадым, тек Жібектің рөлін сомдамадым. Екеуміз Естай мен Қорланның рөлінде Бакуге де бардық", - дейді Жібек Лебаева.

Талантты актерлердің отау құрғанына жарты ғасырға жуық уақыт болды
© Photo : Жылгелдиев пен Лебаеваның жеке архивінен
Талантты актерлердің отау құрғанына жарты ғасырға жуық уақыт болды

Отбасы құрған соң 1975 жылы Лебаева Талдықорғандағы облыстық театрға шақырту алған. Ол кезде Жылгелдиев Құрманғазы консерваториясында екінші курс оқып жүрген. Екі жыл екі жақта өмір сүрген ғашықтар сол кезде араларында азды-көпті кикілжің де болғанын жасырмады.

"Үйде ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды, тек соны сындырып алмау керек. Екі жыл екі қалада болған кезде түрлі оқиға болды. Бір-екі кісімен арадағы оқиғалар Жібектің құлағына жетіп, жолымыз бөлінеді дегенге дейін барды. Үлкен ағаларымыз ақылын айтып, біраз уақыт өткен соң басылды. Қазір де кей-кейде сол жайлы айтып отырады", - деп күліп еске алды Жылгелдиев.

Институтты бітірген соң Жылгелдиев 1977 жылы Талдықорғандағы облыстық театрға жұмысқа барды. Сол кезде Мұхтар Әуезовтің "Қаракөз" драмасы сахналанғалы жатқан. Басты рөл Жібек Лебаеваға берілген, ал Сырымның рөліне үш жігіт таласқан көрінеді.

Әшірбек Сығай өнерлі жұптың 60 жылдығына арнап Қос саңлақ деген кітап жазды
© Photo : Жылгелдиев пен Лебаеваның жеке архивінен
Әшірбек Сығай өнерлі жұптың 60 жылдығына арнап "Қос саңлақ" деген кітап жазды

"1977 жылы Талдықорғанға бардым. Сол уақытта Жібек Мұхтар Әуезовтің "Қаракөзін" алды. Сырымды үш жігітке берді. Біздің кезімізде өнерде талас болатын. Біраз дайындық болды, жеме-жемге келген кезде Сырымды мен ойнадым. Үлкен сахнада, үлкен образ бейнесінде алғаш кездескен сәтіміз осы болды", - деді актер.

Ол осы рөл бірге сомдаған образдардың ішінде ерекше ыстық екенін айтады.

Тұңғышын халық әртісі сұраған

1975 жылы тұңғыштары дүниеге келіп, бір айдан кейін жолдасының анасы сәбиді Қызылордадағы ауылына алып кеткен.

"Жас күнімізде Қадиша Бөкеева апамыздың үйінде жүрдік. Жолдасымды оқуға алған да сол кісі. Сол үйде жүріп күнде тәтті тағам жеймін, тұңғыш балама аяғым ауыр кез. Жағдайымды жасап, Хадиша апам асты-үстіме түседі. Айым-күнім жақындап, екі апта қалғанда баламды сұрады. Ол кісілердің баласы жоқ еді. Мен "берсек берейік" деп айттым. Осылай болып жатыр деп ауылдағы анамызға хабарласқанымда ол кісі келіп, баланы алып кетті", - дейді Лебаева.

Ал Жылгелдиев ешқашан ұшаққа отырмаған анасының келіп, баланы алып кеткенін күліп еске алды.

Жылгелдиев өмірлік серігінің елу жылдан бері өзгермей келе жатқанын айтты
© Photo : Жылгелдиев пен Лебаеваның жеке архивінен
Жылгелдиев өмірлік серігінің елу жылдан бері өзгермей келе жатқанын айтты

Талдықорғанда облыстық театрда 22 жыл жұмыс істеген өнерлі отбасы 1997 жылы Алматыға қайта көшіп келеді.  

Биыл қос актер 67 жаста, 60 жылдығына арнап театр сыншысы Әшірбек Сығай "Қос саңлақ" деген кітап жазды.

Ал Жылгелдиев өмірлік серігінің елу жылдан бері өзгермей келе жатқанын айтты.

"Биік болатын кезде биік болады, кішірейетін кезде кіші бола біледі. Бойындағы бар қасиеті сақталып келе жатыр деп ойлаймын. Кешірімді әрі қатесін тез жөндеуге тырысатын адам. Алдауды, жалған сөз айтуды білмейтінін алғаш танысқанда жанарынан көрдім", - дейді ол.

Өзін бақытты санайды

Сағат Жылгелдиев пен Жібек Лебаева бір ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Он немересі бар. Айтуларынша, балаларының өнерге келуіне қарсы болған.   

"Бірге жұмыс істеудің қиындығы жоқ. Бұрын үлкен театрлар гастрольдік сапарға бір ғана ай шығатын, әрі кетсе 45 күн шығады. Біз облыстық театрда алажаздай гастрольде жүретінбіз. Сондай кезде құдай қосқан жарыңның қасында болғаны жақсы, кейде жағдайың болмай қалады, көңіл күйіңді аулайды, қас-қабағыңа қарайды. Балаларымыз актерлік жолға түспеді, оны біз де қаламадық", - дейді Жылгелдиев.

Ал Жібек Лебаева өзін бақытты әйел санайды. Жас күнінде жолдасының серілігі болғанын күліп еске алады.

"Өнерде де, өмірде де өзімді бақытты әйел санаймын. Армандаған рөлімнің бәрін сомдадым. Сағатқа "кейде перісің", "кейде серісің" деп айтатынмын. Кең болсаң, кем болмайсың деген тәрбие көрдік. Сол тәрбиемен өмір сүріп келеміз, ұрпағымызға да соны айтып келеміз", - дейді Лебаева.

Тақырып бойынша

"Бала-шағамды зейнетақымен асырап отырмын": Роза Рымбаева карантиндегі өмірі жайлы
Режиссер Обаев Әуезов театрындағы жанжал туралы: шындықты неге бұрмалайды?
Бүгін Нұрғиса Тілендиевтің туған күні: әйгілі композитор туралы қызықты деректер
"Бірінші орында - отағасы": Данагүл Темірсұлтанова отбасы жайлы айтып берді
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Гүлнар Дәукенова өмірден озды
Кілт сөздер:
әртіс, театр
Загрузка...

Басты тақырып