11:59 20 Наурыз 2019
Тікелей эфир
  • USD376.40
  • EUR427.36
  • RUB5.86
Головкин - Альварес

Сәтсіз Олимпиада, GGG-"Канело", көкпар дауы: 2018 жылғы спорттағы жеңілістер

© REUTERS / Joe Camporeale-USA TODAY Sports
Спорт
Қысқа сілтеме алу
231 0 0

Уақыттың өткені білінбейді. Әне-міне деп жүріп, санаулы күннен кейін тағы бір жылды тарих қойнауына аттандырамыз. Жаңа жылдың табалдырығын аттамас бұрын өткен бір жылдағы атқарылған жұмысты, бағындырған биігімізді ой елегінен өткізбеу мүмкін емес

АЛМАТЫ, 30 желтоқсан — Sputnik, Айгерім Таубай. Биыл спортшылар үшін аса тартысты жыл болды десек қателеспейміз. Жеңіс пен жеңіліс қатар жүретін айтулы сайыстар спорт саласында көп. Биылғы жыл қазақстандық спортшылар үшін олжасыз болған жоқ. тілшісі спортшыларымыздың осы жылы қандай ірі додаларға қатысып, қандай көрсеткіштерге қол жеткізгенін еске түсіруді жөн көрді.

Сәтсіз Олимпиада: 28-ші орын немесе жалғыз жүлде

2018 жылы 9-25 ақпанда Корея Республикасының Пхенчхан қаласында XXIII қысқы Олимпиада ойындары өтті. Дүбірлі додаға Қазақстан тоғыз спорт түріне қатысты. 46 отандасымыз 57 жолдамаға ие болған еді. Бірақ тек фристайлшы (могул) Юлия Галышева ғана бір медаль алды. Осы қола жүлденің арқасында ғана Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте 28-ші орынға көтерілді. 

Паралимпиадада Қазақстанға алғашқы алтынды алып берген кім?

Оңтүстік Кореяда өткен 7-ші Паралимпиада ойындарында Қазақстан намысын 7 спортшы қорғады.  Қазақстандық Александр шаңғы жарысынан 1,5 шақырымдық спринттік жарыста олимпиада чемпионы атанды.

Ел намысын қорғаған Александр Колядин іріктеу сынында және жартылай финалда ең үздік көрсеткішке қол жеткізіп,  финалдық жарыста тағы да алдына жан салмай, өз мықтылығын кезекті рет дәлелдеді. Осылайша жерлесіміз қысқы Паралимпиада ойындарынан ел тарихындағы алғашқы алтын медальды жеңіп алды.

44 жастағы алтын алған жерлесіміз Паралимпидаға екінші рет қатысып отыр. Ол бұған дейін Сочиде өткен қысқы ойындарда 13-інші орын алған еді. 

Алтын аз, қола көп

2018 жылдың жазғы Азия ойындары 18 тамыз бен 2 қыркүйек аралығында Индонезияның астанасы Джакартада және Суарта аралының ең үлкен қаласы Палембангте өтті. 

Биыл Қазақстан жазғы Азия ойындарына жетінші рет қатысты. Бұған дейінгі Азия ойындарында еліміз жалпы есепте үздік бестікке енетін. 2014 жылы Инчхонда өткен жазғы Азиадада 28 алтын жеңіп алып, Қытай, Оңтүстік Корея, Жапониядан кейін төртінші орында болған. Ал Джакартада 15 алтын, 17 күміс, 44 қоламен жалпы есепте тоғызыншы орынды иеленді.

Алғаш рет бокстан алтынсыз қалды

Қазақстан алғаш рет бокс, еркін және грек-рим күресінен (4 күміс, 6 қола) Азия ойындарында алтынсыз қалды. Боксшылардан Әбілхан Аманқұл мен Асланбек Шымбергенов финалда Өзбекстан спортшыларынан жеңіліп, күміс жеңіп алды. Әйелдер боксынан екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай мен 2017 жылғы ерлер арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы Қайрат Ералиев Джакартада ширек финалда қарсыластарына есе жіберіп алды.

GGG алғаш рет жеңілген жыл

2018 жыл кәсіби бокс сүйер қауым үшін және Геннадий Головкиннің жанкүйерлері үшін ауыр жыл болды. Шаршы алаңда жеңіліп көрмеген жерлесіміз қазылардың шешімімен жеңіліс тапқан еді. 

Нақтырақ айтсақ, 16 қыркүйекте Лас-Вегаста қазақстандық боксшы Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль "Канело" Альварестің қарымта жекпе-жегі өтті. 12 раундқа созылған кездесу төрешілер шешімімен Альварестің жеңісімен аяқталды. 

Қос боксшы бұған дейін 2017 жылы шаршы алаңда қолғап түйістіріп, тең түскен болатын. 

36 жастағы Геннадий Головкин осымен 40-шы рет жекпе-жекке шығып, алғаш рет жеңілді. Ол орта салмақта (72,6 кг) WBA, WBC, IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағынан айырылды. Головкиннің барлық атағы Альвареске беріледі. Қазақстандық боксшы бұған дейін 38 мәрте жеңіске жетіп (34 кездесуде нокаутпен жеңген), бір рет тең түскен.

Головкин бокстан қашан кетеді? 

Боксшының алғашқы жеңілісінен кейін жанкүйерлер арасында Головкиннің спорттан біржола кететіні туралы алып-қашпа әңгіме де тарап үлгерді. 

"Спорттық мансабымды қашан аяқтайтыным белгісіз. Нақты бір жасқа келгенше жұдырықтасуым керек деген жоспарым жоқ. Бокс – бұл әрбір соққы сенің тағдырыңды шешетін спорттың өте қауіпті түрі. Егер мүмкіндігім мен қалауым болса, жұдырықтасуымды тастамаймын", — деді даңқты боксшы бір сұқбатында.

Одан бөлек спортшы АҚШ-та "GGG promotions" компаниясын құрып, онда нағыз кәсіби боксшы болғысы келетін жігіттерді тәрбиелеп жатыр екен. Қазірдің өзінде компанияда Қазақстанның бірнеше боксшысы жаттығуда. 

Ильин спортқа оралды

Допинг дауына байланысты ұзақ уақыт жарыстардан шеттетілген Илья Ильин биыл маусымнан бастап жаттығуға қайта оралды. Ол қыркүйектің басында Талдықорғанда өткен Қазақстан чемпионатында топ жарды.

Өзінің бұрынғы атақтарын қайтарып алуға білек сыбана кіріскен атлет осыдан кейін Ашхабадта өтетін әлем чемпионатына қатысуды көздеген. Алайда әлем біріншілігі жақындаған тұста Ильяның бапкердің көмекшісі ретінде баратыны белгілі болды.

Бұған ауыр атлеттің омыртқасындағы жарақаты себеп болған.  

"Дәрігерлердің айтуынша, менің омыртқамда екі жарық бар. Оның бірі үлкен, бірі кіші көрінеді. Осы жарақат менің жарысқа қатысуыма кедергі келтіріп отыр. Мен енді осы жарақатымды емдетемін. Үлкен спортқа оралу-оралмауымды содан кейін көреміз", — деген еді спортшы. 

Ал 22 желтоқсанда ауыр атлетикадан әлемнің төрт дүркін чемпионы Ильин 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиадаға жолдама ойнатылып жатқан турнирде жарысқа шықпай қалды. Бапкерлері жарақатының қайта белгі бере бастауына байланысты оған Катардағы кубокта жарысқа шығуына тыйым салған. Бірақ қазақстандық спортшының Токио Олимпиадасына жолдама алуға әлі мүмкіндігі бар. Ол келесі жылы сәуірде өтетін Азия чемпионатына қатысуды көздеп отыр.

Көкпар дауы: Бекболат Тілеуханның отставкаға кетуін неге талап етті?

Қырғызстанда өткен  Дүниежүзілік көшпенділер ойынында Қазақстан көкпар құрамасы финалға шыға алмады. Олар жартылай финалда Өзбекстаннан 4:5 нәтижесімен жеңілді. 

Көкпаршыларының жеңілісі отандық жанкүйерлер арасында шу туғызды. Осыдан кейін елдің ұлттық спорт федерациясы Астанада жиын өткізіп, көкпаршылардың жеңілісіне байланысты түсініктеме беруге мәжбүр болды.

Қазақстан көкпаршылары Өзбекстаннан жеңілгеннен кейін жанкүйерлер ойыншыларды сынап, Ұлттық спорт федерациясының президенті Бекболат Тілеуханның (мәжіліс депутаты) отставкаға кетуін талап етті.

Арнайы брифинг өткізген Бекболат Тілеухан  "2016 жылы ересектер құрамасы барып Қырғызстаннан жеңіліп қалған. Біз ақылдасып, биыл жастарды жібердік. Бұл әлем чемпионат емеc, фестиваль ғой. Жастар да піссін, тәжірибесін жетілдірсін дедік. Мақсатымыз орындалды. Өте жақсы тәжірибе жинады. Өзбекстан құрамасында сақа жігіттер ойнады. Қазақстаннан жас балалар ойнады. Соған сай өте жақсы ойнады. Трагедия жасаудың керегі жоқ", — деді.

Тілеухан егер орнын алмастыратын лайықты адам болса, Ұлттық спорт федерациясынан кетуге дайын екенін, бірақ өзіне тиесілі жұмысты жасап жатқанын жеткізді.

Үшінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан 18 алтын, 24 күміс, 30 қоламен (барлығы – 72 медаль) екінші орын алды. Бірінші орынды 40 алтын, 32 күміс, 31 қоламен Қырғызстан иеленді. Келесі Көшпенділер ойыны 2020 жылы Түркияда өтеді.

Қазақ боксының болашағы

Қазақ боксының жарқын болашағы саналатын Садриддин Ахмедов Ресей елінде бокстан жастар арасында өткен әлем чемпионатынан кейін көпшіліктің назарын аударды.  Рио олимпиадасымен тұспа-тұс келген байрақты бәсекеде отандасымыз 3 кездесуде қарсыластарын нокаутқа жіберіп, ақтық сында да айқын басымдықпен жеңіске жеткен болатын. 

20 жастағы былғары қолғап шебері кәсіпқой бокста бағын сынап көруді жөн санайды.  69 келі салмақ дәрежесіндегі спортшы Eye of the Tiger Management промоутерлік компаниясымен келісімшартқа отырып, кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін де өткізіп үлгерді. Канадада өткен бокс кешінде қарсыласын 30 секундта ұрып сұлатқан боксшы үздік он нoкаут жасаған спортшыларадың тізіміне енді.  Канадалық TVA Sports телеарнасының сайты 2018 жылы Квебек провинциясында жұдырықтасқан боксшылардың ең үздік он нокаутын ұсынды. Отандасымыз тоғызыншы орында тұр. 

Тақырып бойынша

"Бес жылда алғаш рет". Головкин антирекорд орнатты
Головкин тағы да Қазақстанның атын әлемге танытты
Илья Ильин қазақстандықтарға үндеу жасады - видео
"Әдемі аяқтағым келеді": Илья Ильин карьерасы туралы бар шындықты айтты
Лондонда қос қазақ боксшысы қарсыластарын бірінші раундта нокаутпен жеңді - видео
Жеңілмеген қазақ боксшысы 22 рет нокаутпен жеңген мексикалықпен кездеседі
Екі бірдей қазақстандық боксшы қарсыласын нокаутпен жеңді
Кілт сөздер:
2018 жыл, Садриддин Ахмедов, Бекболат Тілеухан, Илья Ильин, Геннадий Головкин
Загрузка...

Басты тақырыптар