Спорт

"68-де болсам да, өлген жоқпын": мәжіліс депутаты жүгірудің пайдасы туралы айтты

© Sputnik / Дәурен ЕрболатДепутат Абай Тасболатовты марапаттау сәті
Депутат Абай Тасболатовты марапаттау сәті - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Бүгін Қазақстанда дене шынықтыру саласы мамандарының кәсіби мерекесі – Спорт күні

НҰР-СҰЛТАН, 16 шілде – Sputnik. Елордада мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов спорт күніне орай Қазақстанда спорттың дамуына үлес қосқан спорт қайраткерлерін арнайы мақтау қағаздары және төсбелгілермен марапаттады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Вице-министр атап өткендей, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Қазақстан 2050" ұлттық стратегиясында дене шынықтыру мен спорт әрбір азаматтың және жалпы ұлт денсаулығының кепілі екені айтқан болатын. Оның пікірінше, дені сау ұлт қана мықты мемлекеттің негізін қалайды.

"Елімізде президенттің жарлығына сәйкес тамыз айының әр үшінші жексенбісі – Спорт күні. Осындай атаулы күні спорт және дене шынықтыру саласында еңбек етіп жүрген барлық қызметкерге ерен еңбегі үшін зор алғысымды білдіремін. Бүгінгі кәсіби мерекеге орай дене шынықтыру және спорт саласына үлесін қосып жүрген бірқатар маманды марапаттау туралы шешім қабылданды", - деді Елдос Рамазанов.

Осы орайда ол "Дене шынықтыру және спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін" төсбелгісімен 11 маманды, "Құрметті спорт қызметкері" төсбелгісімен 17 қызметкерді және мәдениет және спорт министрінің алғыс хатымен 5 маманды марапаттады.

© Sputnik / Дәурен Ерболат"Дене шынықтыру және спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін" төсбелгісі
68-де болсам да, өлген жоқпын: мәжіліс депутаты жүгірудің пайдасы туралы айтты - Sputnik Қазақстан
"Дене шынықтыру және спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін" төсбелгісі

"Дене шынықтыру және спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін" төсбелгісін алғандардың қатарында мәжіліс депутаты Абай Тасболатов та болды.

Салтанатты шара барысында спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев спорт саласында еңбек етіп жүрген қызметкерлерге алғыс хат табыстады.

"Спортқа қаржы аз бөлінетін"

Осы орайда бокстан Лондон Олимпиадасының чемпионы, Вел Баркер кубогінің иегері Серік Сәпиев жас боксшы болған кезде спортқа мемлекет тарапынан қолдау аз болғанын жеткізді.

Тағы оқыңыз: "Келесі жолы жарысқа қатысамын": спорт министрі жұртты таңғалдырды

"Жас боксшы кезімде жағдай болған жоқ. Бұл 1990-2000 жылдардың аралығы еді. Тіпті 2005 жылға дейін жағдай жөнделген жоқ. Мысалы, спорт инфрақұрылымы көңіл көншітпейтін. Қаржыландыру төмен болды. Жастар бокстан халықаралық турнирге қатысқан жоқ. Ал бүгінде мемлекет тарапынан тиісті қолдау бар, бәрі жолға қойылған", - деді комитет төрағасы.

"Күніне 10 шақырым жүгіремін"

Ал мәжіліс депутаты Абай Тасболатов 43 жыл отан алдында борышын өтеп, спортпен шұғылданғанына еш өкінбейтінін жеткізді. Осы орайда ол дене шынықтырумен қалай айналысатынын айтты.

"Қазақта "Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын" дейді. Егер маманның болашағы бар болса, оны марапаттап, беретін нәрсесін беру керек. Мен күн сайын 10 шақырым жүгіремін. Жасым 68-де болса да, өлген жоқпын. Газетте "40 жаста жүгіруге болмайды" деп жазады. Оны медиктер айтып отыр. Бірақ Вел Баркер кубогінің иегері Серік Сәпиев менің нені меңзегенімді біледі", - дейді депутат.

Тағы оқыңыз: Жеті рет Гиннесс рекордын жаңартқан белгілі желаяқ өміріндегі қиындық туралы айтты

Осы орайда ол жүгіре білетін адам спорттың кез келген түрімен айналыса алатынын атап өтті.

"Лондон Олимпиадасында ол қалай жұдырықтасты? Бәрі оның жұдырықтасу мәнеріне сүйсіне қарады. Жеңіске қалай жеткенін білесіздер ме? Шыдамдылығының арқасында қарсыласын ұтты. Сондықтан спортта шыдамдылықты шыңдау үшін жүгіру қажет. Барлық спорт түрінде жүгірудің орны ерекше. Сондықтан біз жастардың салауатты өмір салтын ұстануына мән беруіміз керек. Спорт күні құтты болсын", - деп Абай Тасболатов сөзін түйіндеді.

Жаңалықтар
0