15:54 11 Тамыз 2020
Тікелей эфир
  • USD418.31
  • EUR491.93
  • RUB5.68
Спорт
Қысқа сілтеме алу
106901

Мәскеуде 1980 жылы өткен Олимпиадаға барып қайтқан солтүстікқазақстандық Николай Пилипич айтулы шара туралы естелігін бөлісті

НҰР-СҰЛТАН, 23 шілде – Sputnik. Петропавл тұрғыны Николай Пилипичке 1980 жылы Мәскеуге бару бақыты бұйырды. Кеңестік милиционер жазғы Олимпиада ойындарында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етті. Sputnik Қазақстанға берген сұхбатында ол қазақстандық сақшылардың қызметі туралы айтып, алған әсерімен бөлісті.

Солтүстік Мәскеуге көмекке аттанды

Олимпиада ойындарының астанасына Қазақстаннан тек екі облыстың милиционерлері жіберілді.

"Солтүстік Қазақстан облысынан 25 милиционер, аудармашы Алексей Кролихин және ГАИ-дің тағы бес қызметкері бардық. Барлығы 31 адам. Бұдан басқа, Павлодардан 30 адамнан құралған отряд аттанды. Ал жалпы Кеңес Одағынан Олимпиада астанасына барлығы 10 мыңнан астам адам жиналды", -  деп еске алады Николай Пилипич.

Николай Пилипич
© Sputnik / Елена Бережная
Николай Пилипич

Солтүстік Қазақстан облысының тобын Алексей Филиппович Косинов басқарған. Ал Қазақ КСР милиционерлері құрама отрядінің командирі марқұм Михаил Иванович Баранов болды.

"Мәскеуге іріктеу қатаң жүргізілді. Кандидаттың еңбек өтілі мен жұмыс тәжірибесі болуы шарт еді. Мен ол уақытта милицияда алтыншы жыл жұмыс істеп жүрген едім. Бұдан бөлек, адамдармен тіл табысу, жауапкершілік, сенімділік талап етілді. Үміткердің денсаулығына да қарады", - деді Пилипич.

Солтүстік Қазақстаннан Мәскеуге іріктелген ұжым бір-бірімен тату-тәтті, дос болған.

Мәскеу босап қалды

Солтүстік Қазақстанның милиционерлері Мәскеу қаласына 19 маусымда ұшып шықты. Ал Олимпиаданың басталуына бір ай қалғанда қызметке кірісті.

Николай Яковлевичтің айтуынша,  Мәскеу Олимпиада ойындарына тыңғылықты дайындалған. Шетелдік қонақтардың алдында ұятқа қалмас үшін қаланы бәрінен "тазартқан".

Тағы оқыңыз: Мәскеуде өткен ХХІІ Олимпиада ойындары қалай ашылды – таңғажайып суреттер

Қаңғыбастар, маскүнемдер, нашақорлар, ұрылар мен жеңіл жүрісті әйелдерді қаладан 101 шақырым жерге апарып тастапты. Олардың қалаға қайтып оралуы мүмкін емес еді, Олимпиада ойындары кезінде Мәскеуге кіру шектелді.

"Қаладан 101 шақырым жер тұтас бір елді мекенге айналды. Десе де, бәрі соншалықты жаман емес еді. Қаладан қуылғандардың бір бөлігін құрылыс отрядына қабылдаған, олар тіпті ақша тауып үлгерді", - дейді милиционер.

Бұдан бөлек, Олимпиада қарсаңында заңсыз қаруды тәркілеу, қарақшылар мен ұрыларды ұстау бойынша ірі операциялар жүргізілді. Олардың дені темір торға қамалды.

Мәскеу сол жазда әжептәуір босап қалған: балалар лагерьге, студенттер алқаптар мен экспедицияларға, жұмысшылар құрылыс отрядтарына аттанды. Туристік бағдарлар жабылып, симпозиумдар мен түрлі конференциялар кейінге қалдырылды. Іссапар болмаса, басқа қаладан астанаға кіру мүмкін емес еді, бұл үшін арнайы рұқсат қағазын сұрайтын.

Ысқырықтан басқа ештеңе болмады

"Біз сегіз сағат сайын ауысып жұмыс істедік: сегіз сағат – біз, сегіз сағат – павлодарлықтар. Екі адамнан кезекшілік атқардық, біздің маршрут Сокольники саябағы болды (бұл тоғаны, ашық алаңдары, эстрадасы мен дәмханасы бар үлкен саябақ). Әркімнің күзететін өз аллеясы болды. Олимпиада 19 шілде мен 3 тамыз аралығында өтті, ал біздің Мәскеудегі қызметіміз оған дейін басталып кеткен болатын. Әлемдік шара басталғанда, біздің бағдар өзгерген жоқ, сол саябақты күзетуге қалдық", -  дейді Николай Пилипич.

Айтуынша, кезекшілік әдетте тыныш өтетін. Мәскеуде болған уақытта солтүстікқазақстандық сақшылар тек бір ұрының үстінен түскен.

Николай Пилипич с коллегами в олимпийской Москве
© Sputnik / Елена Бережная
Николай Пилипич Мәскеу Олимпиадасындағы әріптестерімен бірге

"Дәмхананың маңында көлік тұрды, әлгі ұры жапонның магнитофонын суырып алып, зыта жөнелді. Ол заманда мұндай магнитофондар сирек кездесетін. Жүргізуші шу шығарды. Жақын жерде патруль жүрген. Ысқырықпен бір-бірімізге белгі беріп, сегіз адам әлгіні қолға түсірдік", - деп күлді Николай Яковлевич.

Айтуынша, милиционерлер Олимпиада кезінде тек ысқырықпен "қаруланды". Табельдік қару, ала таяқтың ешқайсысы болмаған.

Сонымен қатар, ол милиционерлердің барлығы парадтық киіммен жүргенін айтты. Форманы арнайы берген – белінде резеңкесі бар ақ жейде, фуражка ақ тыспен қапталған.

"Жейде кірлеп үлгермейді, оны бар болғаны екі күн киетінбіз. Содан соң жууға және үтіктеуге береміз. Әркімнің жейдесі бөлек, өз белгісі болатын", - деді Петропавл тұрғыны.

Іссапарда жүрген милиционерлер Чертаново ауданындағы мектепте тұрды. Сыныптарға екі қабатты керуеттер мен қажетті жиһаз қойылған.

Олимпиададан алған әсер

"Олимпиада спортшыларын көрген кезде алған әсерім әлі есімде! Бір күні жанымнан терісі шоколад түсті екі жігіт өтті, бойлары екі метрден асады. Сөйтсем, Кубаның баскетболшылары екен. Бәріміз оларға өзге ғаламшарлықтарды көргендей таңырқап қарадық, олар болса, асықпай, аяңдап кетіп барады", - деп әңгімеледі Пилипич.

Солтүстікқазақстандық милицонерлерді Олимпиада алауының эстафетасы да тәнті еткен.

"Кезекшіліккке бара жатқан едік. Кенеттен бүкіл көлікті тоқтатты. Олимпиада алауын әкеле жатыр екен. Колоннаның алдында ГАИ көліктері, автоматшылар мінген автобустар, тележабдық пен камералары бар үлкен машиналар кетіп барады, кейіннен атлеттер де көрінді. Бұл таңғажайып көрініс болатын! Сондай әсерлі!", - деп еске алды ол.

Алауды мыңдаған адам қарсы алған, тұрғындар терезеден, балконға шығып тамашалады. Жолдар мен тротуарларда ине шаншар жер болмады.

"Дәл осындай жағдай 28 шілдеде, Владимир Высоцкийдің жерлеу рәсімінде болды. Адам қарасы қалың еді. Біз сол күні де кезекшілікке бара жатқан едік, тоқтауға тура келді, катафалкті өткіздік. Адамдар гүл шоқтарын лақтырды, жолдар гүлге толды. Мұңды картина...", - дейді милиционер.

Тағы оқыңыз: Олимпиада-80: қазақстандық балуан Анатолий Быков қалай күміс жеңіп алды

Мәскеудің жаймашуақ ауа райы да тәртіп сақшыларының есінде қалған.

"Бүкілодақтық гидрометеорология ақпараты ғылыми-зерттеу институты соңғы 100 жылда Мәскеу ауа райын бақылау нәтижелерін зерделеген.  Осыдан кейін Мәскеуде шілденің екінші жартысы мен тамыздың басында ең жылы әрі ашық ауа райы болады деген тоқтамға келген. Олимпиада ойындарын дәл осы уақытта өткізу туралы шешім қабылданды. Шынымен де Олимпиада кезінде бір тамшы жаңбыр жауған жоқ, аптап ыстық та болмады. Жылы әрі қолайлы ауа райы болды", - деді Николай Яковлевич.

Арзан билеттер

Николай Пилипич өзі де спортқа жақын адам: оқпен атудан республика намысын қорғаған, ҚазКСР құрамасына кірді.

Билеты с соревнований Олимпиады-80 Николай Пилипич хранит до сих пор
© Sputnik / Елена Бережная
Николай Пилипич Мәскеу Олимпиадасының билеттерін әлі күнге дейін сақтап жүр

"Қызметтен босаған күндері Олимпиада жарыстарын қалт жібермейтін едім.  Бокс, күрес, футбол, су плосы, ауыр атлетика секілді спорт түрлерінен өткен сайыстарға бардым. Шетелдіктердің көбі бойкотқа байланысты Олимпиадаға келген жоқ, көп билет қалды. Оларды жеңілдікпен, жарты бағасына, тіпті одан арзанға сататын. Сондықтан дүбірлі доданы өз көзімен көру бақыты көбіне бұйырды", - деп еске алды Петропавл тұрғыны.

Мәскеуде бәрі тыныш!

Николай Пилипич Олимпиада кезінде қала тұрғындары заңға қатаң бағынғанын атап өтті.

"Қызмет атқару кезінде көшеден бірде бір мас адамды көрмедім. Жас шетелдікті көргенім бар, бірақ бізге шетелдіктерді тоқтатуға және ұстауға болмайтын. Ал жергілікті тұрғындар арасында ішімдікке тойғандар мүлде кездескен жоқ",- деп атап өтті Николай Яковлевич.

Әйтсе де, Ойындар аяқталысымен, жағдай өзгерген. Солтүстікқазақстандық милиционерлер Олимпиададан кейін тағы бірнеше күн Мәскеуде жұмыс істеді.

Жәдігерлер

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің музейінде қырық жыл бұрын өткен Олимпиадада қоғамдық тәртіпті қамтамасыз еткен солтүстікқазақстандық полицейлердің алғыс хаттары сақталған.

Тағы оқыңыз: Олимпиада-80: қазақстандық қалай VIP-қонақтардың аудармашысы болғанын айтып берді

"Міне, учаскелік полицей Михаил Григорьевич Шершневке арналған стенд. Ол "КСРО ІІМ Еңбек сіңірген учаскелік инспекторы" белгісімен марапатталды. Шершнев, сондай-ақ, солтүстікқазақстандық отряд құрамында Мәскеу Олимпиадасында қызмет атқарды. Оның жанында Николай Яковлевич Пилипичке арналған стенд тұр. Ол да Олимпиада ойындарында болып қайтты. Мұнда олардың Мәскеудегі жазғы Олимпиада кезінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде үздік қызмет атқарғаны үшін алған алғыс хаттары мен грамоталары, құжаттары сақталған",- деді Sputnik Қазақстанға музей меңгерушісі, отставкадағы милиция подполковнигі Любовь Осинская.

Музейдегі жәдігерлердің дені 1980 жылғы Олимпиадада Қазақ КСР милиционерлері құрама отрядының командирі болған Михаил Барановқа арналған. Бұл жерден оның Олимпиада куәлігін, ойын билеттерін, Қазақ КСР ішкі істер министрі қол қойған алғыс хатын көруге болады.

Тақырып бойынша

Қырық жыл бұрын Жақсылық Үшкемпіров Олимпиада алтынын қалай жеңіп алды
Sputnik 1980 жылы өткен Олимпиада туралы арнайы жобаны іске қосты
"Он мың қазақ отырғандай көрінді": Үшкемпіров ең тартысты жекпе-жегі туралы айтты
Олимпиада-1980: медаль иеленген қазақстандықтар
Кілт сөздер:
олимпиада, Ресей
Загрузка...

Басты тақырып