12:51 06 Тамыз 2020
Тікелей эфир
  • USD418.35
  • EUR496.08
  • RUB5.73
Спорт
Қысқа сілтеме алу
630 0 0

Шөп үстіндегі хоккейден КСРО құрамасының капитаны Фарит Зигангиров Қазақстанға не үшін келгенін, қалай Олимпиада жүлдегері болғанын әңгімеледі  

НҰР-СҰЛТАН, 30 шілде – Sputnik. Артур Шишига. 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасында шөп үстіндегі хоккейден КСРО құрамасы жүлделі орынға ие болды. Сол кезде команда сапында Фарит Зигангиров та өнер көрсетті. Оны Алматыға сонау Киров қаласынан шақырып алған. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұқбат берген танымал спортшы қазақ жеріне қалай көшіп келгенін және Олимпиададан кейін Қонаевтан қандай сыйлық алғанын айтып берді.

Алматыда жағдай жасалды 

Фарит Зигангиров Ресейдің Киров қаласында дүниеге келген. Бала кезінен хоккейге қатты қызығады. Шөп үстіндегі хоккейге де бейімі болды. Бірақ туған жерінде бұл спорт түріне көп көңіл бөлінбеді. Содан 1972 жылы Алматыдан шақыру келгенде көп ойланған жоқ, бірден келісімін берді.

"Ол кезде Кировта шөп үстіндегі хоккей сияқты спорт түрі қатты дамымаған. Алматыдағы "Динамо" болса, осы спорт түрімен тығыз айналысты, ал қыста допты хоккей ойнайтын. Сөйтіп, Қазақстанға көшіп келдім. Эдуард Фердинадович Айрих (КСРО құрамасының және шөп үстіндегі хоккей мен допты хоккейден Алматыдағы "Динамоның" бас бапкері – Sputnik) мені хоккейге үйренсін деп, жасөспірімдер тобына жіберді", - дейді Зигангиров.

Ол кезде жасөспірімдер құрамасы КСРО чемпионатына дайындалып жатқан. 17 жастағы Зигангиров бір ай бойы талмай жұмыс істеді. Соның арқасында чемпионатқа баруға мүмкіндік алды. Ал бір жылдан кейін спорт шеберлерінің командасына ауысты.

Олимпиадаға екі жыл қалғанда шөп үстіндегі хоккей мен допты хоккейден екі бөлек құрама жасақталды. Оған дейін аралас болды. Фарит Зигангиров бас бапкердің ақыл-кеңесімен шөп үстіндегі хоккейге ден қойды. 

"Динамо" – мықты команда

"Шыны керек, ол кезде "Динамо" ұлы клуб болды десем, артық айтқандық емес. Себебі ол 19 рет КСРО чемпионы атанды. Бұл – ғаламат жетістік. Әрине, Эдуард Фердинадович Айрихтің еңбегі зор. Ол тамаша ұйымдастырушы әрі мықты селекционер болды. Дарынды хоккейшілерді кәдімгідей сезіп отыратын", - деп еске алады Зигангиров.

Эдуард Айрих таңдаған жас спортшылардың көбісі негізгі құрамда ойнады. Ол хоккейшілерді таңдау жағынан бірде-бір рет қателескен жоқ.

"Әлбетте, бас бапкердің көмекшілері - Қазбек Дәулетбекұлы Байболов пен Борис Прокопьевич Казанцев те өз үлесін қосты. Оларға дейін Лодиар Никифорович Игнатьев деген мықты маман жұмыс істеді. Жасөспірімдерді шыңдаған  Владимир Антонович Алешин мен Иван Михайлович Рогачевтың еңбегі зор. Ол кезде хоккей мектебі мықты болған ", - дейді Зигангиров.

Міндет орындалды 

Мәскеу Олимпиадасы алдында қаржыландыру көлемі артты. Құраманың күнтізбесі де өзгерді. Спортшылар халықаралық жарыстарға жиі шыға бастады. Бапкерлер мен хоккейшілер тәжірибені көбірек жинауға тырысты.

"Бұрын күнтізбеде жыл сайын бір-екі халықаралық жарыс болған. Ал Олимпиаданың алдында біз Испания, Германия, Голландия және тағы басқа мемлекеттерге барып, өз дайындығымызды шыңдадық, тәжірибе жинадық. Мәскеуде тұрақты түрде жиындар өтті. Оған да қатыстық. КСРО-ның спорт комитеті тарапынан барлық жағдай жасалды", - деп атап өтті Зигангиров.

Ал Олимпиадаға бір апта қалғанда үлкен жиналыс өтеді. Сол жерде делегацияның басшысы Борис Майоров нақты міндет қойды. Команда жүлдегерлердің қатарына ілігуі тиіс. Спорт басшылығы бір нәрсені анық білді. Үндістан мен Испанияны жеңу қиынға түседі. Себебі шөп үстіндегі хоккей – үндістердің ұлттық ойыны. Сол кезде испандар да жақсы ойнады.

"Ашығын айту керек, үшінші орын біз үшін максимум болды. Иә, сәттілік серік болғанда испандарды жеңуге болатын еді. Дегенмен, олай болмады. Бірінші айналымда испандарға есе жіберіп қойдық –1:2. Ал үндістерден 2:4 есебімен жеңілдік. Поляктарды 5:0 есебімен ұттық. Сосын қола үшін тағы Польша құрамасымен кездестік. Қиын ойын болды. Бірақ біз 2:1 есебімен жеңіске жеттік. Қатты қуандық. Өйткені алдымызға қойған міндетті орындап шықтық", - дейді Зигангиров.

Оның айтуынша, Олимпиада кезінде қазақстандық делегация өте ұйымшыл болған. Күн сайын жарыстардан кейін жиналып тұрыпты. Олардың ішінде Серік Қонақбаев, Шәміл Серіков, Виталий Демьяненко, Татьяна Лесовая, Сергей Котенко және тағы басқа танымал спортшылар бар. Өкінішке қарай, Олимпиадаға Эдуард Айрих бара алмаған. Оған ота жасалды. Бірақ өз құттықтауын жолдайды. Сонда спортшылардың көбісі көзіне жас алған.

Қонаевтың сыйлығы

"Олимпиададан келгесін бізді Дінмұхамед Қонаев шақырды. Ертесінде үкімет үйінде үлкен кездесу ұйымдастырылды. Қонаев бәрімізді құттықтап шықты. Шамамен, он минуттай сөйлестік", - дейді Зигангиров.  

Кездесу соңында Қонаев Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлерінің барлық өтінішін орындауды жүктеді. Пәтер сұрағандарға пәтер, көлік таңдағандарға көлік берілсін деді.

"Әлі есімде, Қонаев шығып кеткеннен кейін бізге тарап кетпесін, барлығы төменде күтсін деді. Бөлім басшысы келіп, бір сағаттың ішінде мемлекет басшысы айтқан өтінішті қағазға жазып беруді сұрады. Бәріміз өтініш жаздық. Сонда барлық өтініш бірден орындалды", - деп еске алды Зигангиров.

Оның айтуынша, пәтер алғысы келгендердің мәселесі сәл-пәл ұзарған. Себебі құжат рәсімдеу керек және тағысын тағы. Ал көлік таңдағандарға бір аптаның ішінде су жаңа автокөліктің кілті табысталды.

"Енді, мен ол кезде бойдақпын ғой. Үйленбегендерге пәтер берілмейтін. Содан көлік таңдап, "Жигулидің" алтыншы моделін мініп кеттім", - деді Зигангиров.

Бапкерлік қызмет 

Олимпиададан кейін Фарит Зигангиров КСРО құрамасының капитаны қызметіне сайланды. Барлық команда оны құпия дауыс беру арқылы таңдады. Одан кейін талай жеңістер болды. Ал 1988 жылы команда капитаны спорттық карьерасын аяқтады.  

Эдуард Айрих оны бапкерлік штабқа шақырды. Соның өзінде жас маманды бірден команданы жаттықтыруға жібермеді. Алдымен студенттерді дайындасын деді. Зигангиров жарты жылдай дене шынықтыру және спорт институтында футбол және хоккей кафедрасының студенттерін дайындады. Ал кешке қарай жаттығу өткізді. Осыдан кейін ғана оған командамен жұмыс істеуге мүмкіндік берілді.

"Мен ширату жаттығуларын өткізе бастадым. Жоспар жасадым. Келесі сабақтарды қалай өткізуге қатысты конспект жаздым. Осылайша, біртіндеп бапкерлікке ауыстым", - дейді Зигангиров.

Назарбаевтың тапсырмасы

2012 жылы Алматыдағы "Медеу" мұз айдынында допты хоккейден әлем чемпионаты өтті. Ресейліктерге қарсы ойынға сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев та келді.

"Нұрсұлтан Назарбаевқа допты хоккей қатты ұнап қалды. Ол Алматыдағы "Динамо" командасын жаңғыртуға тапсырма берді. Содан апыр-топыр болып кетті. Барлық ардагерді жинай бастады, әкімдік қызметкерлері келді. Бәріміз ақылдасуға кірістік", - дейді Зигангиров.       

Сол кезде ардагерлерден Борис Чехлыстов, Евгений Агуреев, Александр Ионкин, Николай Шмидт сияқты мамандар келді. Әкімдіктен бірнеше адам болды. Қалалық кеңес төрағасының орынбасары Аскар Омарқұлов та келді.

"Біз біраз отырдық. Кировтағы допты хоккей жайында сұрады. Сонда мен ол жаққа мен жыл сайын барып жүргенімді және жергілікті "Родина" командасының мықты ойыншылары ай сайын 4-5 мың доллар алатынын жеткіздім. Әкімдік қызметкерлері сенген жоқ", - деді Зигангиров.

Жиында Евгений Агуреев Мәскеудегі "Динамода" жалақы 15-25 мың доллар,  ал "Кузбас" командасында 25-30 мың доллардан төлейтінін айтты. Әкімдік қызметкерлері болса, демеуші іздеу керек деді. Ары кетсе, айына 120-140 мың теңге төлей алатынын жеткізді. Александр Ионкин ондай ақшаға тек жасөспірімдер командасын ғана ұстауға болатынын ашық айтты. Ал әкімдік адамдары бірден спорт шеберлерінің келгенін және жоғары жетістіктердің болғанын қалады. Бұл бастаманың аяғы сұйылып кетті. Артынан ардагерлерді де ешкім шақырған жоқ.

"Мысалы, Талдықорғанда Алматы облысының бұрынғы әкімі Серік Үмбетов, сосын Берік Сексенов пен Серік Қалымбаевтың арқасында біраз жұмыс атқарылды. Шөп үстіндегі хоккей үшін арнайы стадион салынды. Шыны керек, қазір демеуші табу қиын. Сондықтан мемлекеттің қолдауы қажет. Бүгінде Қазақстанда әйелдер арасындағы хоккейдің деңгейі төмен, ал шөп үстіндегі ерлер хоккейі мүлдем жоқ деуге болады. Республика бойынша бір ғана стадион бар. Егер жағдай жасап, команданы құрсақ, жанкүйер де келеді", - дейді Зигангиров.

Жастарға тілек

Фарит Зигангиров зейнетке шықса да, өз тәжірибесімен бөлісіп келеді. "Алатау" республикалық спорт орталығында қысқы спорт түрлері бойынша әдіскер болып жұмыс істейді. Шайбалы хоккей мен допты хоккейге жауап береді. Кәсіби маманның жастарға айтары көп.

"Әрине, еңбекқорлық қажет. Сосын адам өзі таңдаған спортты жақсы көруі керек. Мысалы, мен бапкер болып жұмыс істегенде біраз жастарды көрдім. Бірақ көбісі жаттығудан кейін бірден үйіне кете салады. Залда ешкім қалмайды. Бұрын олай болған жоқ. Нағыз мықтылар жаттығулардан кейін қалып, тағы өз шеберлігін шыңдап отыратын. Әлемнің бес дүркін чемпиондары болса да, залда қалып, жұмыс істеді. Қазір ондайды көрмейсің", - деп түйіндеді Зигангиров.

Кілт сөздер:
сыйлық, Дінмұхамед Қонаев, олимпиада
Загрузка...

Басты тақырып