Дерекқор

Сәкен Майғазиев туралы не білеміз?

CC BY-SA 3.0 / Dana Kamzabek / Сакен Майгазиев
Сакен Майгазиев - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Белгілі эстрада жұлдызы, атақты "Музарт" тобының әншісі Сәкен Майғазиевтің өмірбаянын Sputnik дерекқорынан оқыңыз

Сәкен Қордабайұлы Майғазиев 1975 жылы 1 қаңтарда Түркістан облысы, Созақ ауданында туған. Қазақ эстрадасының жұлдызы, танымал "Музарт" триосының әншісі. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының иегері.

Сәкен Майғазиевтің отбасы мен балалық шағы 

Әнші – он бір ағайынды, Сәкен отбасында тоғызыншы екен. Әкесі Қордабай Майғазыұлы кассир және бухгалтер болып қызмет еткен. Күйші болған адам, сол өнерінің арқасында елге белгілі азаматтармен сырлас болған. 2005 жылы дүниеден озған. 

Анасы – Ұлтай Мырзабекқызы бүгінде немере-шөбере тәрбиелеп отырған ақ жаулықты апа.

Кішкентай Сәкеннің денесі мен бетінде қал көп болыпты. Ауыл балалары ойын кезінде онымен төбелесіп қалған кезде, "Қалдыбек" деп атайды екен. Бетіндегі қалының көптігіне ашуланатын Сәкенге әкесі "ол сенің бағың, Алла Тағала саған бақыт беріп жатыр" деп жұбатқан көрінеді. 

Галстук тағып, пионер болған, устав, жарғы жаттап комсомол қатарына кірген әншілердің бірі. Сабағын жақсы оқып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан, спортқа бейім болыпты. 

Бала кезде әпкесінің сыныптасына қатты ғашық болған екен.

"Бала болған соң, әңгімең де еленбейді, басыңнан сипайды да, бетіңнен сүйіп кетеді. Ерте есейіп, ерте ғашық болуыма, жүректегі ұйықтап жатқан сезімдерді оятуға сол кісі себепкер болды деп айта аламын. Әпкелерімнің достарын көрген кезде ән шығарғым келіп, ән айтқым келетін", - деп еске алады әнші. 

Шығармашылығы

Әнші болу – Сәкенннің бала кезден бергі арманы. 1993 жылы Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада – цирк колледжіне түседі. 1997жылы Т.Жүргенов атындағы "Өнер" академиясының "эстрада әншісі" бөлімін тәмамдайды. 

2001 жылы құрылған, қазақ эстрадасында өзіндік орны бар "Музарт" тобы әншіге танымалдылық әкелді. Сәкеннің айтуынша, топтың тағдырын алғашқы концерт шешкен. "Сенің көзің" әнін естіген залдағы көрермендер ду қол шапалақтап, ыстық лебіздерін жеткізген. 17 жыл ішінде "Музарт" тобы Қазақстанның түкпір-түкпірінде жүздеген концерт беріп, алыс-жақын шет елдерге гастролдік сапармен барды.  

"Музарт" тобы орындайтын әйгілі "Үшқоңыр" әнінің сөздерін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жазғаны көпшілікке мәлім. Қазақстан президенті туып-өскен жеріне өлең жолдарын арнап, белгілі сазгер Алтынбек Қоразбаевтан оған әдемі музыка шығаруды өтінген. Осылайша ән дайын болғанда, композитор оны "Музарт" тобына беріп, трионың да, әннің де бағын ашты. 

Бүгінде топ әншілері  жеке немес дуэт болып та ән шырқап жүр. 

1997 жылы Сәкен "Алтын домбыра" республикалық байқауында жеңіске жетті. 1998 жылы "Дарын" мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанып, "Алматы-98" фестивалінде 1-орын иеленген. Әншінің жеке наградалары арасында "Д.Қонаев – 100 жыл" жне "Қазақстан тәуелсіздігіне 25 жыл" медальдары да бар. 2013 жылы "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" атағын алды. 

"Қазақтың жері – қазақтікі!"

Сәкен Майғазиев – ел мен жердің тағдырына бей-жай қарай алмайтын ұлтжанды әншілердің бірі. Осыдан екі жыл бұрын жер дауы ушыққанда, халықпен бірге екенін білдіріп, жерді сатуға қарсы шыққан азамат. 

"Біреу ертең отқа май құйып жіберсе, үлкен бір адам шығынына әкеп соқтыруы мүмкін. Сол үшін тез арада елдің бейбітшілігін қаласа, халық санының артқанын қаласа, кемімегенін қаласа, билік ертерек шешімін өзгертсе деген талап-тілегіміз бар", - деп жердің сатылуына да, оның жалға берілуіне де қарсы екенін ашық білдірген еді.

"Жүрегі "қазақ" деп соққан ұлтжандылармен жаныммен біргемін. Алла сақтасын, ұрпақтарымыздың өзгеге құл болғанын қаламаймын! Қазақтың жері – қазақтікі! Жоғарыдағылар да жерге қарап қалмас. Отқа май құюдан да, аяқты аспанға көтеріп жатудан да аулақпын. Алла Тағала бейбіт күніміз бен ұлан-ғайыр жерімізден айырмағай. Қайырлысын Алла білуші, бұл жағдай қазақтың бірлігіне сеп болғай", – деп жазған еді әнші кезінде.

"Қол жұмсауға мәжбүрлемеңдер"

Ақыл-парасаттылығы өз алдына, қазақы болмысымен ерекшеленетін Сәкен Майғазиев ұлт тамырына балта шабатын дүниелерге қарсылығын білдіріп, отандастарының намысын оятып, жігерін қайрауға тырысатын намысшыл әншілердің бірі десек артық айтқандық болмас.

Сәкен Майғазиев - Sputnik Қазақстан
Мәдениет
"Қаным басыма шапты". Майғазиев өнердегі ағасына неге жұдырық жұмсағанын түсіндірді

Жуырда ғана әлеуметтік желілерде қазақ қызының Қытай азаматына тұрмысқа шыққан сәті түсірілген видео тараған еді. Желі қолданушылары шетелдікпен отау құрған қазақ қызын жерден алып, жерге салса, эстрада жұлдызы Сәкен Майғазиев сол тойда қытайлардың шашбауын көтеріп, аудармашы болған жігітті сөкті.

"Сөзім жоқ. Іштен шыққан жау жаман. Аудармашы намыссыз жеңгетайдың жағын сындырар ма еді", - деген еді ашуланған әнші. 

Телеарналардың бірінен көрсетілетін "Қалаулым" бағдарламасы да әншінің талай сынына іліккен болатын. Сәкен Майғазиев, тіпті, "тәрбиелік мәні жоқ, қазақтың табиғатына жат" бағдарламаны жабу үшін эстрада жұлдыздары арасында флешмоб та бастаған еді. Алайда әншінің ойы іске аспады.

Эстрада жұлдызы арзан атақ қуған, "хайптың" құлы болған кейбір журналистерге сес көрсетіп, ескерту жасаған еді. 

"Бауырларыма тағы да айтқым келеді. Біз сияқты намысты азаматтарды, қол жұмсауға дейін мәжбүрлемеңіздерші, өтініш. Бір күні болмаса, бір күні намысты азаматтар жарылады. Жақтарыңыз сынып, аяқтарыңыз мәйіп болып жүрмесін. Тағы ескертемін. Әрине, барлығы заңмен қорғалған. Бірақ мен бабамның әруағы үшін, Алланың разылығы үшін, мен ондай қадамға баруға дайынмын. Абай болыңдар жігіттер! Хайп деп жүріп, хайпқа құл болып кетіп жүрмеңдер",  -деген болатын әнші сұқбаттарының бірінде.

Намысшыл әншінің өнердегі ағасына жұдырық ала жүгірген кездері де болыпты. Айтуынша, тойлардың бірінде "Досмұқасан" тобына тіл тигізген "Ялла" тобының дыбыс режиссерімен жаға жыртысқан. 

"Ең құрығанда, осы жерге келгеннен кейін елін де құрметтесе екен деген тілек бар. Қазақ халқының даралығын, даналығын, кемеңгерлігі мен қонақжайлылығын айтып мақтаса екен деймін. Мейлі шешен болсын, мейлі басқа ұлт өкілі болсын, қазақтан қамқорлық көрмей қалған халық жоқ", — деп Қазақстанда тұрып жатқан өзге ұлт өкілдерінен осы елге аз да болсын құрмет көрсетуді сұраған еді. 

Сәкен Майғазиевтың жеке өмірі 

Әнші жұбайы Динарамен алғаш рет Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжінде танысқан. Болашақ жарына бір көргеннен ғашық болыпты. 

"Ең алдымен көзіне, сосын өзіне ғашық болдым. Адам ретінде өзіндік пікірі мен ұстанымының барын, сонымен қатар, оның маған жар болғанға дейін ерке бойжеткен емес, өнегелі отбасының тәрбиесін сіңірген қыз болғанын бағаладым. "Иә" деген сөзін күткен 4 аптам төрт ғасырдай болды мен үшін. Уақыт өте келе анам Алматыға келгенде, Динараны үйге апарып, таныстырдым. Анам: "бұдан артық келіннің керегі жоқ!" деп бірден ризашылығын білдірді", - деп еске алады әнші. 

Үш жыл бойы көңіл жарастырған екі жас бір-бірін ұзақ уақыт зерттеп, соңында шаңырақ көтеруге бел буған.

Бүгінде ерлі-зайыпты – төрт баланың ата-анасы. Үлкен ұлы Әділет 1998 жылы дүниеге келген. Араға он бес жыл салып, отбасы  Райана есімді қызбен толығады. 2016 жылы Мәриям есімді қыз дүниеге келеді. Ал биыл Сәкеннің отбасында тағы бір қуаныш болды. Үшінші қызы дүние есігін ашты, әнші төртінші баласының есімін Сәфия деп қойған.

Айта кетсек, көп балалы отбасында өскен көп балалы "жұлдыз" әке кішкентайларды қатты жақсы көреді. Балажан әншінің инстаграм парақшасы бүлдіршіндермен түскен суреттерге толы. 

Әншінің өнер мектебі һәм бизнесі

Сахна төрінде талай жылдар ән шырқап, көптің жүрегіне жол тапқан Сәкен Майғазиев артынан ерген дарынды ұл-қыздармен жинаған азды-көпті тәжірибесімен бөлісіп жүр. Былтыр әнші Алматыда "SMart” өнер мектебін ашты. Өнер ордасына тек оңтүстік шаһардан ғана емес, басқа да қалалардан келіп жатқан бүлдіршіндер жетерлік. Мектепке 5 пен 17 жас аралығындағы жас талапкерлер қабылданады. 

Бұған қоса, жуырда отандық эстрада жұлдызы бизнес бастады. Сәкен Майғазиев – "Alhadaya" халал компаниясының негізін қалаушылардың бірі, "Abyroi" компаниясының (бет бейнесі) амбассадоры. Қазір отандық тауарды жарнамалап, халал өнімді қолдап жүр.

Жаңалықтар
0