20:12 20 Қараша 2019
Тікелей эфир
  • USD387.16
  • EUR428.47
  • RUB6.08
Шәкен Айманов Алдар Көсе рөлінде

Қазақ киносының саңлағы Шәкен Айманов туралы не білеміз?

© Sputnik /
Дерекқор
Қысқа сілтеме алу
Өмірбаяндар (88)
1500 0 0

Достары Шәкен Аймановты турашылдығы мен жарқын мінезі үшін "бүгінгі заманның серісі" деп атаған

Қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы Шәкен Айманов 1914 жылы 15 ақпанда Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Айманбұлақ ауылында туған. Азан шақырып қойған есімі — Шаһкерім. Ол — қазақтың біртуар азаматы, КСРО халық әртісі, актер әрі режиссер. 

Шәкеннің әкесі Кенжетай балаларына жастайынан домбыра үйретіп, өнер мен ән-күйге баулып өсіреді. Өзі саятшылығымен аты шыққан, өнерге құмар жан болған. Бала Шәкен әкесі мен жездесі Қали Байжановтың арқасында бойындағы әртістік дарынын ерте байқатады. Ойын-сауық, жиын-той өтетін жерлерден қалмай, барған жерінде өлең оқып жұртты аузына қаратқан. Сондай-ақ, ол бала күнінде қара жұмысты аса ұната қоймаған.

Шәкен Айманов Алдар көсе рөлінде, Алдар көсе фильмі
© Sputnik /
Шәкен Айманов Алдар көсе рөлінде, "Алдар көсе" фильмі

Жақындары бір іске жұмсаса, ауырып қалған сыңай танытатын болған. Осы қулығы үшін ұрысқанда ауыл маңындағы Серектастың басына шығып алып жылайды. Әкесінің ағасы Аббас оны қорғап "Тиіспеңдер оған. Тегін жылап отырған жоқ. Өнер қысып жылап отыр" деп басқаларды жолатпаған.

Бозбала Шәкенді ағасы Қажымұрат 1924 жылы Семейге әкетіп, алғашында Қазкоммунаға, кейін халық ағарту институтына түсіреді. Осы институт қабырғасында Шәкен түрлі үйірмеге қатысып, қолынан домбыра мен мандолин түспеген.

Режиссер неге оқуын тастап кетті?

Қойылымдарда ойнап жүріп Алматыдан арнайы келген Ғабит Мүсіреповтің көзіне түсіп, Алматыдағы кәсіби театрға жол тартады. Бірақ бұл уақытта оқуын 3-курстан тастауға мәжбүр болады.

Шәкен Айманов Алдар Көсе рөлінде, Алдар көсе фильмі
© Sputnik /
Шәкен Айманов Алдар Көсе рөлінде, "Алдар көсе" фильмі

Алып шаһарға келген соң Алматы түбіндегі Қаракестек ауылында "Амангелді" фильмінің түсірілімі жүріп жатқанын естіп, өз қалауымен эпизодқа түседі. Сондай-ақ, арасында фильм түсіруші ұжымға кеңесші болады. Шәкен Айманов ғұмырында 14 фильм түсіріп, 20-дан астам кейіпкердің рөлін сомдаған. Өзі соңғы рет түсірген "Атаманның ақыры" атты фильм көрермен қауымның жылы лебізіне ие болды.

Достары оның ешкімге ұқсамайтын ашық-жарқын, жомарт мінезін жоғары бағалап, "бүгінгі заманның серісі" деп атаған. Материалдық құндылықтарды екінші орынға ысырып, достармен әңгіме-дүкен құрғанды, жұртпен араласқанды жақсы көрген. Кез келген отырыстың сәнін кіргізетін Шәкеннің үйде жалғыз отыратын кездері сирек болған.

Тағы оқыңыз:

Шәкен Аймановтың тапқырлығы

Сондай-ақ, Шәкен Айманов жұрт арасында турашылдығымен белгілі. Оны атақты ғалым, этнограф Ақселеу Сейдімбек құрастырған тарихи тұлға Шәкен Аймановтың тапқыр сөздері туралы еңбегінен көруге болады.

Әйгілі күйші Әбікен Хасенов қайтыс болады да, марқұмды жерлеу комиссиясын басқару Шәкен Аймановқа тапсырылады. Шәкен Әбекеңді жерлеу рәсіміне қаржы сұрап, тиісті қызметте отырған Асқар Закаринге келеді. Жағдайды айтады да, бес мың сомға рұқсат етуін сұрайды. Сонда Закарин "Шәкен-ау, бес мың сомың бір адамға көптеу емес пе?" деп тартыншақтаса керек. Шәкен болса іле тіл қатып "Асеке-ау, бір бес мың сом үшін тағы да біреуіміз өлуіміз керек пе!?" — деп қалағанына рұқсат алып шығыпты.

Режиссер бірде еңбекшілермен кездесуге шалғайдағы колхозға келген. Шағын ауылдағы клуб адамға толы. Басқармасы жиынды ашып, біраз шаруашылықпен, ауыл адамдарымен таныстыру рәсімін өткізеді. Арасында астаналық қонақтар алдында көтеріле сөйлеп, шаруашылықтың артта қалғанын жуып-шайған болып "…біз қадірлі қонақтардың алдында колхозымызды сексенінші жылдарға қарай миллионер колхоз етеміз деп уәде береміз" деген сөзді де айтып жібереді.

Содан сөз кезегі Шәкен Аймановқа берілгенде "Сексенінші жылға дейін он-он бес жыл бар екен. Бұл дегеніңіз бір ғұмыр ғой. Менің есіме осыған орай мынадай бір әңгіме түсіп тұр. Ерте-ерте, ертеде, бір еріккен хан "Кімде-кім көк есекке он жылда хат танытамын деп уәде берсе, ат басындай алтын беремін. Егер уәдеде тұрмаса басы алынады!" деп жарлық айтады. Сонда қасиетіңнен айналайын Жиренше ел ішінен суырылып шығып "Мен хат таныта аламын!" депті де ат басындай алтынды алып, көк есекті жетелеп үйіне келіпті. Мұны көрген Қарашаш "Ойбай-ау, о заманда бұ заман, есек хат танушы ма еді, бұл не қылғаның?!" деп қамығады. Сонда Жиренше шешен "Бәйбіше, алаң болмай алтынды қажетіңе жарата бер. Он жылда не мен өлемін, не хан өледі, не есек өледі!" деген екен. Сондай-ақ, басқармаларыңыздың уәдесінде мін жоқ, тек әлгі Жиреншенің есебіндей болып жүрмесін!" — деп Шәкен жұртты бір күлдіріп алған.

Шәкен Айманов Алдар көсе рөлінде, Алдар көсе фильмі
© Sputnik /
Шәкен Айманов Алдар көсе рөлінде, "Алдар көсе" фильмі

Бірінші әйелінің әпкесіне ғашық болған

Шәкен Айманов белгілі биші Шара Жиенқұлованың сіңілісі Хадишаға үйленіп, одан Мұрат есімді бір ұл сүйген. Кейбір деректе режиссердің бастапқыда бишінің сіңілісіне емес, өзіне ғашық болғаны туралы жазылған. Хадишаның бірінші некесінен сүйген қызы Майраны да бауырына басып, туған қызындай көрген. Ал күйеу баласы Асанәлі Әшімов болды.

"Майра Шәкеңе келгенде еркін еді. Кейде "Дядя Шәкен", "папа", енді бірде "Шәкен Кенжетаевич" деп айтатын. Шәкең қандай да бір мәселе болмасын Майрамен ақылдасатын. Халық қадірлеген Шәкеңнен ұрпақ қалмады. Ұлы Мұраттан бір ғана қыз бар. Әрине, қазақ жиенді ұрпаққа санай бермейді. Дегенмен, ол кісі Майра екеуіміздің ұлымыз Мәди мен Сағиды "нағыз ұрпағым" деп білетін", — дейді естеліктерінің бірінде Асанәлі Әшімов. 

Тағы оқыңыз:

1993 жылы қызы мен ұлы, алты жылдан соң жиендері Мәди мен Сағи қайтыс болады. Әнші Дина Айманова (Мұраттың қызы) — бүгінде ұлы режиссерден қалған жалғыз ұрпақ.

Актердің бағын ашқан рөлі

1933 жылдан бастап қазіргі Мұхтар Әуезов атындағы қазақ драма театрында жұмыс істеп, жүзден астам рөлді сомдайды. Олардың ішінде Петруччио ("Асауға тұсау"), Хлестаков ("Ревизор"), Қодар ("Қозы Көрпеш — Баян Сұлу") және басқа да көптеген образ бар. Театрда бірнеше спектакль жүз реттен қойылды. Олардың қатарында Александр Островскийдің "Таланттар мен табынушылар", Ғабит Мүсіреповтің "Ақынның қасіреті" бар. Осы секілді Шәкен Айманов өнер көрсеткен спектакльдердің барлығы да аншлагпен өтіп отырды.

Шәкен Айманов Алдар Көсе рөлінде, Алдар көсе фильмі
© Sputnik /
Шәкен Айманов Алдар Көсе рөлінде, "Алдар көсе" фильмі

1940 жылы "Ленфильм" режиссері Левин Аймановты Мұхтар Әуезовтің сценарийі бойынша түсіріліп жатқан "Райхан" фильмінде Сәрсеннің рөлін сомдауға шақырады. Бұдан кейін 1942 жылы "Ақ гүл" фильмінде майдангердің, 1946 жылы "Абай өлеңдеріндегі" Шәріптің, 1948 жылы "Алтын мүйізде" Досановтың рөлін сомдайды.

1953 жылы "Жамбыл" фильмі көгілдір экраннан көрсетілді. Аталған туындыда 38 жастағы актер екі бірдей рөлді сомдады. Олар — бозбала мен қазақ халық поэзиясының алып тұлғасы Жамбылдың рөлі. Кинематография саласындағы алғашқы ауқымды рөлі оның танымалдылығын арттырып, "ұлттық мінез" эталонына айналуына тікелей әсер етеді. Аймановтың актерлік қана емес, режиссерлік жарқын жұмыстары да бәрін мойындатты.

1954 жылы өзінің "Махаббат туралы поэма" атты режиссерлік туындысын қалың көрерменге ұсынды. Бұдан өзге ұлттық кинематографияның алтын қорына енген оннан астам көркем фильм түсірді. Олар — "Дала қызы", "Махаббат туралы аңыз", "Біз осында тұрамыз", "Біздің сүйікті дәрігер", "Бір ауданда", "Ән шақыруда", "Жол түйісі", "Алдар көсе", "Ата-бабалар мекені", "Тақиялы періште" және т.б. Осылардың ішінде "Тақиялы періште" фильмінің сценариі өмірден алынған. Шәкеннің туысы Айнакүл ұлын үйлендіргісі келіп, қалыңдық іздеген.

Айманов театрдан киноға ауысуының себебін "Мен театрды жан-тәніммен сүйемін, бірақ ол кино сияқты қалың көрерменге жетпейді. Спектакль бір театрда жүреді, әрі кетсе бірнеше театрда қойылуы мүмкін. Ал фильмді мыңдаған адам көреді", — деп түсіндірген еді. 

"Би билеп, шахмат ойнағанды жақсы көрген"

Бұдан өзге Шәкен Айманов би билегенді де ерекше жақсы көрген. Мәскеуде өткен І бүкіләлемдік кинофестивальде биден жарыс өтеді. Жиналған жұрт алғаш рет "Буги-вуги" биін көреді. Шәкен осы кезде америкалық киножұлдыз Элизабет Тэйлормен билеп, бірінші орын алады.

Тағы оқыңыз: Мақпал Жүнісованың өмірбаяны

"Түскі ас кезінде барлығы ескі киностудия жаққа тамақтануға кететін. Сол жақта үлкен емен ағашы бар. Шәкен аға соның көлеңкесіне отырып алып, алдына шахматты жайып қоятын. Содан жанынан өтіп бара жатқандарды шақырып алып, бәрін жеңетін", — дейді актер Болат Қалымбетов.

1953-1970 жылдары аралығында Шәкен Айманов ұлттық киностудияның тұрақты жетекшісі және өзі ашқан Қазақстан кинематографистер одағының басшысы болды.

Түрлі жанрға тамырын терең жая бастаған қазақ кино әлемі драматургияның да, режиссураның да жаңа толқынына зәру болды. Ал Шәкеңнің шығармашылық тойымсыздығын осы олқылықтың орнын толтырарлық әрекет деп білуге болады. Біресе музыкалық комедияның сарыны, енді бірде әлеуметтік реализм ағымына, тағы бірде шытырман оқиғаларға толы гангстер жанрындағы фильмдер түсіруге ұмтылған майталманның бұл қадамы отандық кинематографиядағы батыл бастама болды.

Ш. Айманов, Л. Абашидзе, В. Артмане және А. Ларионова III Бүкілодақтық кинофестивальде
© Sputnik / Манушин
Ш. Айманов, Л. Абашидзе, В. Артмане және А. Ларионова III Бүкілодақтық кинофестивальде

Шәкен Айманов пен Олжас Сүлейменовті не байланыстырды?

60-жылдардың ортасында ақын әрі публицист Олжас Сүлейменовке өз естеліктері бойынша сценарий жазуға ұсыныс жасаумен Шәкен Айманов шығармашылық қауымдастықты тағы бір таңғалдырған. Қазақ киносының қуанышына орай, Олжас Омарұлы бұл ұсынысты қабыл алады. Осылай шығармашылық тандем құрған олар "Атамекен" фильмін жарыққа шығарды.

"Екеуінің арасындағы қарым-қатынас аға дос пен іні дос арасындағыдай ізетке, құрметке құрылды. Жақсы шығармашылық ізденісте болды. Шәкен Аймановтың қазақ деген халқы бар кезде ешқашан аты өшпейді. Ол — қазақтың асыл перзенті, маңдайына біткен жарық жұлдызы, қазақты әлемге танытқан дарынды тұлға", — дейді "Қазақфильм" киностудиясының бас редакторы Дидар Амантай.

Кино сыншылардың айтуынша, Аймановтың фильмдері жаңашылдығымен ерекшеленеді. Фильмдері соғыстан кейінгі кезеңді қамтыса, қойылымдарында халықтар арасындағы достық жарқын бейнеленген. "Атаманның ақыры" режиссердің соңғы туындысы болды. Бұдан кейін ол Мұхтар Әуезовтің "Абай" қазақ классикалық әдебиетінің үздік романы негізінде кино түсіруді жоспарлаған-ды.

"Шәкен Кенжетайұлының шығармашылығын көпжанрлы деп айтуға негіз бар. Режиссер ретінде ол бір-біріне ұқсай бермейтін фильмдер түсірді. "Махаббат туралы аңыз" деген фольклорлық, "Дала қызы" деген тарихи-драмалық, "Тақиялы періште", "Біздің сүйікті дәрігер" сынды музыкалық фильмдері бар. Ал "Атамекен" атты туындысының жанрын дөп басып айту қиын. Себебі, бір жағынан соғыс тақырыбын көтереді, екінші жағынан пәлсапалық ой салады. Соңғы фильмі "Атаманның ақыры" тарихи-революциялық туынды", — деді кинотанушы Бауыржан Нөгербек.

Шәкен Айманов шығармашылықтан бөлек, саясаттан да құралақан емес еді. 1940 жылдан бастап Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің 4-ші және 7-ші жиналысында депутат болып сайланды. 1947 жылы оған Қазақ ССР Халық әртісі, 1959 жылы КСРО Халық әртісіі атағы берілді. Екі мәрте мемлекеттік Қазақ ССР сыйлығы беріліп, "Абай" спектаклінің қойылымына КСРО мемлекеттік сыйлығы табысталды. Бұдан өзге оған 2007 жылы "Экран шебері" атағы табысталды.

Бүгінде Алматыда орналасқан "Қазақфильм" киностудиясына Шәкен Аймановтың аты берілген. Ішінде режиссерге арналған музей ашылып, ескерткіш бюст орнатылған. Сондай-ақ, Павлодар қаласында Шәкен Айманов атындағы кинотеатр ашылған.

Шәкен Айманов 1970 жылы 23 желтоқсанда Мәскеу қаласында 56 жасында көлік қағып қайтыс болды.

Тақырып:
Өмірбаяндар (88)

Тақырып бойынша

Сәкен Майғазиев туралы не білеміз?
Тұрсынбек Қабатов туралы не білеміз?
Ернар Айдар туралы не білеміз?
Баян Мақсатқызы Алагөзова туралы не білеміз?
Нұржан Төлендиев (Тука) туралы не білеміз?
Бекболат Тілеухан туралы не білеміз?
Кілт сөздер:
тақиялы періште, Алдар көсе, ұлы режиссер, қазақ киносы, өмірбаян, КСРО халық әртісі, Қазақфильм, Шәкен Айманов
Загрузка...

Басты тақырып