07:16 18 Қазан 2019
Тікелей эфир
  • USD389.94
  • EUR433.50
  • RUB6.10
Сәби мен анасы құшақтасып тұр

Қалжа туралы не білеміз?

CC0 / satyatiwari
Дерекқор
Қысқа сілтеме алу
212911

Дана халқымыз "Қалжалы бала – батыр, қалжасыз бала – қалжыр", "Қалжалы әйелден олжалы ұл өседі" дейді

Сәби дүние есігін ашқан сәттен бастап қазақтың сан түрлі салт-дәстүр, жөн-жоралғылары басталады. Соның бірі салтымызда кездесетін "қалжа" деген ұғым. 

Қалжа деген не?

Қалжа –  босанған келінге арнап байланған қой. 

Дүниеге сәби әкелу оңай емес. Әйелдің бар күш-қуаты азайып, әлсіреп қалады. Сондықтан қазақ халқы жас ананы ерекше күтімге алған. "Жас босанған әйелдің тісі әлсіз болады, түсіп қалуы мүмкін" деп суық ас жегізбеген. Қырық күн бойы қалжаның етін жегізіп, сорпасын ішкізген. Жақсы қалжалаған келіннің сүйектері қақсамай, тістері түспей, күш-қуатын жинап, алты күннің ішінде үй тіршілігіне араласып кеткен. Қалжа келіншектің күйеуінің мойнындағы міндеті саналғанымен, оны келіннің төркіні де әкеледі. 

Қалжаның күнделікті жейтін еттен басты айырмашылығы – ол жас босанған ана мен баланың сыбағасы.

Қалжа жеген ананың сүті де нәрлі, құнарлы әрі жеткілікті болады. Сәбидің де, ананың да ұйқысы жақсарады. 

Бірінші күні келін қалжаға сойылған қойдың алты буыннан тұратын мойын омыртқасын тісін тигізбей, қолымен мүжиді. Еттен тазарған жұлынды тік таяқшаға кигізіп, баланың мойны тез қатайсын деген ырыммен керегенің басына ілген. 

Тағы оқыңыз:

Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы Зейнеп Ахметова өзінің "Күретамыр" атты кітабында қалжа туралы былай дейді:

"Кейбір өңірлерде қалжаны келін төркіндері әкелген. Сол секілді ағайын-туыс, дос-жарандар да қарап қалмаған. "Қалжасы үзілмесін" деп қуанышқа қойын өңгеріп келеді екен. Өйткені бір әулетке ұрпақ сүйгізіп, айналасын қуантып отырған анаға арналған бұл дәстүрді жасау сауабы зор әрі абыройлы іс делінген. Ана мен баланың былайғы жерде дені сау, көзі қара болуы қалжаға тікелей байланысты болған. Бүкіл мүше-мүшесі салдырап жатқан әйел күнде күйлі қойдың жас сорпасын ішіп, етін жеген сайын күш-қуаты қалпына келіп, белі бекиді. Кездейсоқ кезігетін түрлі ауру-сырқауға қарсылық қуаты артады, сүті нәрленіп, құнарланып балаға жұғымды әсерін береді. Сәби күн санап ет алып, ширай түседі. Әйелдің денесіндегі ұйыған, қатқан қан, артық тұз секілділер термен шығып, бойы тазарады, көңілі сергиді, өңі ашылып, ажарланады". 

Қазір жас келінге жаңа сойылған қойдың етін қырық күн жегізіп, ыстық сорпа ішкізетін отбасылар некен-саяқ. Қазіргі қалжа бір күндік тоймен шектеледі десек артық айтқандық емес. Келіннің төркіні әкелген еркек қойды сойып, әйелдер жағын қалжа тойға шақырады. Бұған қоса, келіннің туған-туыстары құр қол келмей, қалта жасап әкеледі. 

Қалжа тойда берілетін бата

Алдыңа келген ас екен,

Астың аты "қалжа" екен.

"Шілде теріңді" шығарар,

Ұлықпан тапқан дәрі екен.

Ер марқаяр – олжадан,

Қатын ұлғаяр – қалжадан. 

Ақсарбас қойдың еті бұл,

Ішіп ал қалжа сорпадан.

Дәмді болсын асыңыз,

Аман да болсын басыңыз.

Қошқардай ұлдар туа бер,

Ғұмырлы болсын жасыңыз.

Бақытты болсын баласы,

Аман да болсын анасы.

Білімді болып ер жетсін,

Халықтың тақуа данасы.

Қалжалы әйел – олжалы,

Олжалы әйел – қормалы.

Туғаныңды құттықтап,

Туыстар тұр, міне, әлі.

Баланың бауы берік болсын,

Өзіңе, өміріңе серік болсын.

Маңдай бағы жарық болсын,

Елі сүйіп, қарық болсын.

Қалжадан – балаға "жете" қонсын,

Бастағы бағы өзгеден өте қонсын.

Алладан тілеген бар тілек,

Айналып басыңа төте қонсын.

Бұған қоса, қазақ халқында "Қалжалы бала – батыр, қалжасыз бала – қалжыр", "Әйел қалжадан ұлғаяды, ер олжадан марқаяды", "Қалжасы жарасқан әйелден қанжардай ұл өседі, Қалжасыз әйелден қаншырдай қатқан қыз өседі", "Қалжалы әйелден олжалы ұл өседі", "Қалжа, қалжа түбі – олжа" деген аталы сөздер бар.

Тақырып бойынша

Бата беру дәстүрі қайдан шықты және оны кімдер береді?
Тұсаукесер: қазақ нені дұрыс жасамай жүр?
"12 жасқа дейін емізген". Маман сәбиді емшектен қалай дұрыс шығару керектігін айтты
Әкенің бала тәрбиесіндегі рөлі қандай?
Балаға ең жиі қойылатын ТОП-20 есімнің мағынасы немесе ат қоярда нені ұмытпаған жөн
Тойбастар ысырапшылдық па, жоқ әлде...
Кілт сөздер:
мойын омыртқа, қалжа, бата, салт-дәстүр, қой, жас ана, сәби, Зейнеп Ахметова
Загрузка...

Басты тақырып