06:18 25 Тамыз 2019
Тікелей эфир
  • USD386.34
  • EUR427.25
  • RUB5.88
Құрманғазы

Күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлы туралы не білеміз?

© Sputnik / Еркен Салихов
Дерекқор
Қысқа сілтеме алу
Өмірбаяндар (79)
1940 0 0

Күй атасы атанған Құрманғазы Сағырбайұлы – күйлерінде азаттықты аңсап, бостандықты жырлап өткен дара тұлға

Қазақ ұлтының бай мұрасын "Адай", "Балбырауын", "Сарыарқа" және тағы басқа мазмұнды, әсерлі, терең мағыналы философиялық күйлермен толықтырған Құрманғазы Сағырбайұлының есімін білмейтін жан жоқтың қасы. Ұлтының бар жақсы қасиетін бойына сіңіріп өскен күй атасы халқының тәуелсіздікке жетуін армандап кеткен тұлға. 

Қошқар Ата күйінің клипі
Композитор Темир Дулат, продюсер Ильяс Наргозиев, автор идеи Оралбек Ботбай
Құрманғазы Сағырбайұлының өмірбаяны 

Қазақ даласын асқақ та жігерлі күйлерімен тербеген ұлы күйші-композитор Құрманғазы Сағырбайұлы 1818 жылы Бөкей хандығы, қазіргі Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданына қарасты Жиделі деген жерде дүниеге келген. 

Шыққан тегі – Кіші жүз, он екі ата Байұлынан өрбіген Сұлтансиықтың Қызылқұрт бұтағы. Құрманғазының жетінші атасы Ерші деген кісі от тілді, орақ ауызды, сөз дарыған адам болыпты. Ал, нағашы жұрты – Беріш руы.

Құрманғазының әкесі Сағырбай өнерден алыс, қақ-соқпен ісі жоқ, қарапайым шаруа адамы болатын. Шешесі Алқа адуынды, бірбеткей, ер мінезді кісі болған, той-домалақта күресетін палуан әйел атаныпты. Бала кезден еркекшора болып өскен Алқа келін болып түскенге дейін ойын-тойдың көркін кіргізетін. 

Құрманғазы жастайынан жұрт назарына ілікті. Оны күй өнеріне баулыған әрі алғашқы ұстазы Ұзақ күйші болатын. Бала Құрманғазы ұстазымен ел аралап, қара домбырасымен талай сайыстарға қатысты. Сол кездегі Бөкей ордасының атақты күйшілері Байжұма, Баламайсаң, Байбақты, Соқыр Есжан, Шеркештің күйлерін үйреніп, шеберлігін шыңдай түседі.

Тағы оқыңыз: 

Жаратылысында батыр келбетті, жанары өткір, қой көзді, денелі Құрманғазыны ұзын шашы мен қою мұрты айбынды етіп тұратын. Желкесінен қыр арқасына қуа түскен құлынның жалы секілді ерекше белгісі болатын. Осыны көрген жұрт оны "жалды Құрманғазы" атайтын. 

Әңгімешіл, өте зерек, өтірік пен жаланы жек көретін адам болған. 

Аяусыз азап пен қитұрқы саясатқа бар болмысымен қарсы шыққан күйшінің жарты ғұмыры айдауда өтті. Құрманғазы алты рет абақтыға қамалып, босап шыққан. Өмірінің соңғы күндерінде тыныш өмір сүріп, өзі тұрған жерде 1889 жылы қайтыс болады. Топырақ бұйырған орны – "Құрманғазы төбесі" аталған, бұрынғы "Шайтани батага", Ресейдің Астрахань облысы. 

Құрманғазы күйлерінің шығу тарихы

Құрманғазының есею кезі патша өкіметіне қарсы бас көтерген Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған халық көтерілісімен тұспа-тұс келген. Сол көтеріліс кезінде күйшінің алғашқы туындыларының бірі "Кішкентай" күйі дүниеге келеді. 

Бұл күй халық композиторының үлкен шабытпен, жүрек толғанысынан туған классикалық үлгідегі толыққанды шығарма. Ахмет Жұбанов аса дарынды домбырашы-күйші Оқап Қабиғожиннің берген мағлұматына сүйене отырып, "Құрманғазы бұл күйді "Кішкене інісінің үлкен ағасы — Исатайға арнапты", — дейді.

Ал "Қайран, шешем" күйін Құрманғазы абақтыда жатқан кезде шығарған. 

Бір күні түрмеде жатқан Құрманғазыға анасы Алқа келеді. Баласының түрмеде езілгенін көрген бірбеткей, ер мінезді ана ұлының жағынан бір тартып жібереді. "Мен ұл тудым ба десем, ез туған екенмін ғой, мына қас дұшпандарыңның алдында оныңды көрсетпе" деп, қапаста жатқан ұлына жігер берген екен. Осыдан кейін күйші қолына домбыра алып, "Қайран, шешем" күйін күмбірлете жөнеледі. 

Тағы оқыңыз: 

Қазақ музыкасын зерттеген көрнекті ғалым, әйгілі композитор Ахмет Жұбановтың еңбегінде "Кісен ашқан" күйінің шығу тарихы былай баяндалады: 

"Перовскийдің бұйрығы әне-міне деп орындалмай, Құрманғазы түрмеде жата береді. Күндерден күн өткенде Құрманғазы амалдың жоқтығын біліп, қалайда қашуды ойлайды. Айсыз қараңғы бір түнде жұмыстан қайтып келе жатып, аяғы ауырып, тіпті жүргізбеген болып Құрманғазы тұтқындар тобынан кейін қала береді. Қапысын тауып, конвойдың біреуін қағып түсіріп, қаша жөнеледі. Қараңғыда күйшінің ізін жоғалтып алған конвойлар түрмеге қайтады. Оның алдында күндіз жұмыс үстінде Құрманғазы баяғы Лавочкиннің шешесі берген болат араны ұлтарағының астынан суырып, кісеннің бір жағын кесіп жай орнына байлап қойған болатын. Қашарда бір жағын қолына алып адымдай жөнеледі. Қаладан алысырақ бір сарайға барып, кісеннің екінші басын да кесіп, сол араға лақтырып тастайды. Біреулердің айтуынша, Құрманғазы қашар тұста кісенді жұлып аламын дегенде өзінің майөкшесінің бірін жұлып алады да қаша береді. Ол күні қалың шөптің арасынан ешқайда шықпайды. Кісен қиған жерлерін көйлек-дамбалынан жыртып алып орайды. Кеш бата Құрманғазы Жайықтың бойын төмен қуа жүре береді. Таң ата бір ауыл шетіндегі малшының үйіне келіп, өзінің мән-жайын айтады.  Ол үйдің иелері Құрманғазыны тамақтандырып, басқалардың көздерінен тасалап, тыным алдырады. Жарасына сормақта тартып, жақсылап байлап береді. Кішкене тыныққан соң, Құрманғазы домбыра алдырып, бірнеше күй тартады. Ең соңғы күйінде қайғының үні шығады. Айналадағыларға Құрманғазы бұл күйдің атын "Кісен ашқан" екенін айтады".

Ал баршаңызға жақсы таныс "Адай" күйінің шығу тарихы жайлы екі аңыз тараған. 

Құрманғазы Маңғыстау жерінде Ақмаңдай деген қызбен күй тартысқан екен. Сол тартыстың үстінде осы "Адай" күйі туған деседі. Екінші аңыз бойынша, Исатай-Махамбет көтерілісі кезінде адай елінің батырларына арналған деп жазылған. 

Ұлттық өнерімізді әлемге танытқан "Сарыарқа" күйі күйшінің еліне, қазақтың кең даласына деген махабатынан туған туынды. Қуғын-сүргінге ұшырап жүрген шағында жазылған Құрманғазының "Сарыарқасы" бүкіл қазақ халқының еркіндікке, азаттыққа деген құлшынысының көрінісіндей.

Тағы оқыңыз:

"Қапы" күйі. Құрманғазы өштескен би оның соңына түсумен болады. Бір жиында домбыра тартып, Исатай-Махамбет толғауын айтып отырған Құрманғазыға "Сен Исатай-Махамбеттің толғауын айттың", деп кінə тағып, күйшіні ұстатады. Міне, осы өкінішке байланысты "Қапы" деген күйін шығарған екен.

"Қош, аман бол" күйі. Құрманғазы қапылыста ұсталып, Орда түрмесіне жөнелтілгелі жатқанда, "Қайтып көріскенше қош аман болыңдар, халқым" деп, "Қош аман бол!" күйін тартыпты.

Ал "Қызыл қайың" күйінің шығу тарихы жайлы Ахмет Жұбановтың еңбегінде мынадай мәлімет берілген: 

"Халық аузындағы аңыз бойынша, Құрманғазы қуғыншылардан қашып келе жатқан сапарында ен далада жалғыз өскен қызыл қайыңның бұтағын жамылып отырып, қуғыншылардан аман қалыпты дейді. Кейін: "Менің елім де, жерім де, бұтам да, ағашым да пана екен. Анадай қойнын ашып, жапырағын жауып паналатқан қызыл қайыңға арнап едім", – деп орындаса керек.

Қазақ халқына қарсы жасалған зорлық-зомбылыққа күйлерімен өз қарсылығын білдірген Құрманғазы патша өкіметіне жақпады. Оның күйлерін тыңдаған халық рухтанып, жігерленіп, тағы да бас көтеріп жүрер деген оймен оны бірнеше рет түрмеге қамайды. Күйшінің "Түрмеден қашқан", "Кісен ашқан", "Аман бол, шешем" сияқты күйлері осы тар қапасқа қамалған кезде туылған дүниелер. 

Құрманғазының шәкірттері

Құрманғазы Сағырбайұлының 40-қа тарта шәкірті болған деседі. Бірақ, күйшінің біраз туындысы бізге шәкірті Дина Нұрпейісованың арқасында жеткен. Дина орындаушылық ерекшелігімен ұстазының күйлерін өзінше жеткізген. 

Тағы оқыңыз: 

Ұлы тұлғадан тәлім алған тағы бір шәкірт – Ерғали Есжанов, Құрманғазының күйлерін еш өзгеріссіз халыққа жеткізген – Меңдіғали Сүлейменов. 

Бұған қоса, сол дәуірде әйгілі болған Көкбала, Менетай, Менқара, Сүгірәлі, Торғайбай, Шора сынды домбыра тарту шеберлері де Құрманғазыны ұстаз тұтқан.

Тақырып:
Өмірбаяндар (79)

Тақырып бойынша

Қазақ киносының саңлағы Шәкен Айманов туралы не білеміз?
Домбыра күні. Қазақстандықтар жаңа мерекені қалай атап өтеді?
Сырға салу туралы не білеміз?
VII "Алтын домбыра" кімге бұйырды?
Баланы қырқынан шығару дәстүрі туралы не білеміз?
Мәуліт мерекесі жайлы не білеміз?
Қалжа туралы не білеміз?
Қазақтың бұлбұлы Бибігүл Төлегенова туралы не білеміз?
Бекболат Тілеухан туралы не білеміз?
Кілт сөздер:
Сарыарқа, Адай, күйші, күй, өмірбаян, домбыра, ұстаз, Дина Нұрпейісова, Құрманғазы Сағырбайұлы
Загрузка...

Басты тақырып